— Білем оны,—деді анау, сөздің артын тосқысы келмей,— білем бәрін де. Ер-тұрманын үйіне апарып түсіріңіз де, атты осында әкеліңіз.— Тағы бірдеме айтар ма екен деп қарт тосып қап еді, Сағынай әйеліне бұрылды:
— Шәйің суып кетті. Демдеп жіберші,—аузында ерімей қалған қант түйірін қытыр-қытыр шайнап отыра берді. Оразғали үйден жабырқап, жасып шықты. Сағынайға соққанда қарттың өзінше ішкі есебі болатын: Темірәлі тірі болғанмен әбаққа қамалды деген... қай бір жетіскен хабар?. Бірге жүрген азамат қой, казитке жазса несі бар, кемшілігін айтқан шығар, өкпеге қиғанмен өңгеге қимайтын ағайын, Темірәлінің әйеліне, ертіп барайын, жұбатсын, басу айтсын деген. Сөйтіп, сеніп келген азаматының мына отырысына түсіне алмай дал болды. Ер-тұрманды апарып тастап, атты қайтып әкел дегені... «бұл енді ұят-ақ» деп ойлады қарт. Бірақ ...Күн ұясына кіріп барады. Сордың арғы бетінде: «Әк былай, әй, әй, әлекпе келгір, қазанға түсе ме, қайтеді?» — деп дауыстайды. Әйел даусы. Совет кеңсесіне жүрер жолдағы кішкене қызылтақтың үстінен біреу қой айдайды. Ысқырады, аракідік: «айт, Саққұлақ, кә, кә» деп қояды. Оған маңайдағы барлық ит у-шу боп үреді. Тем-ақаң үйіне жақындай бергенде торы айғыр шұрқырап кісінеп жіберді. Айғырша арқырамай, азбанданбай, құлынша, қуана, еркелей кісінеді.
— Жарықтық-ай, қайтсын-ау, есі бар мал ғой.
Үйден ақ көйлекті әйел жүгіре шығады. Ерінің жай-жапсарынан хабарлы болса керек, келе торы айғырдың мойнынан құшақтай алып.
— Жануар-ай... жануарым-ай, талай жылғы серігі ең ғой, иеңді қайда тастап кеттің? Хайуан да болсаң қастығың жоқ еді ғой,—деп еңіреп қоя берді. Торы айғырға емес, өзіне айтылып жатқандай, бұл сөзді қарт қайыса қабылдады. Әйел атты қазыққа апарып байлады. Көпшігін, терлік-тоқымын алып, жел-қомды, ерді желпіп-желпіп қойып, айылды қайта тартты. Оразғали ләм-мим жоқ, мөлиіп тұр. «Ер-тұрманын үйіне апарып түсіріңіз де атты осында әкеліңіз» Бұл өтінішке ұқсамайды. Бұйрық. Бұйрық болғанда жұрттың көңіл-күйіне, жәй-жапсарына қарамайтын көзсіз, күпір бұйрық. Қарт қалай айтарын, не деп бастарын біле алмады. Күн қауысып кетті. Әйел самаурынға су құйып, от салды.
— Келін, қарағым, мен жүрейін. Шайға азаптанбай-ақ қой. Күн кеш боп қалды. Иә, сөйт, қарағым, сөйтейік!
— Шай ішсеңізші енді... қазір қайнайды ғой.
— Жоқ, қарағым, үйге барып шешеңді жіберейін. Екеуің әңгімелесіп отырып ішіңдер. Мен жүрейін, қарағым.— Әйел үндеген жоқ. Самаурынын сала берді. Орекен, үйіне қайтты. Ат қазығында қалды. Бұл қарттың Совет үкіметі келгелі бергі орындамаған бірінші бұйрығы еді. Кетіп бара жатып:
— Сөйт, қарағым, атыңды жақсылап суыт, таң асыр,— деп айқайлады».
Ата аты қаз-қалпында. Бабаларымыз төрт түліктің бәрін қадірлеген ғой. Тұлпар, арғымақ ру ұрандары болған. Азбан - саяқ жылқылар тобынан, кеш піштіріліп, айғырлық мінезін қоймайтыны. Мәстек - аш тоқтығын білдірмейтін жуас ат. Бірін Байбақты бабамыздың ұрпағы әулие Мәстек атамыз иеленсе, бірін Байбөрі бабамыздың ұлы Азбанбайға тиесілі болыпты. Екеуі де Азғыр, Абралы атты атом аймағынан:
Марат Азбанбаевқа
«Ей, Байбөрі, Байбөрі!
Иең қайда еді ?
Киең қайда еді?
Жүзің неден сынады?
Түкті жүрегіңді түбінен кеп кім іреген?!
Сен де егіздің сыңары,
Мен де екінің бірі емен:
...Екі жарты- бір бүтін- жұптасып,
Қасыңа келдім, міне, мен:
Табаны
Жерді нық басып,
Иығы
Көкті тіреген.
Көк Түркінің тұяғы едік, ырзығын
Көк Тәңірінен тілеген.
Жұлдыз - төбемде тұрған шам,
Түрегелсең- жазылар құрысың.
Мағжандай мағмұрлансаң,
Сен- дағы-
Күннің Ұлысың!
Ат жалымен-
Алтайдан - Альпіні шалып ең.
һас Сақтан Қазаққа айналғанда
Ұлысың,
Көк Бөріден - Байбөрі боп қалып ең.
Найзаның ұшына от өріп,
Жауыңды ат тұяғына жаншыдың.
Керей ханның ордасының керегесін
Көтеріп,
Шаңырағына уық шаншыдың!
Түркінің қаны басыңа шапқан жалғанда,
Өзің де бір дүр едің.
Түркістанды қазаққа қосып алғанда,
Қасқайып Қасым сұлтанның
Қасында сен де жүр едің!
Жаның айналып жасынға,
Көш бастап едің бір демде,
Еңсегей Бойлы Ер Есімнің қасында,
Жүрегі лүпілдеп
Жүгіней-Олжашы жүргенде!
Інжу- маржан едің Алаш дейтұғын
Алқада,
Зары едің Қорқыт күйінің.
Қазыбекке еріп Сыр бойынан кеп
Арқаға,
Айрандай болып ұйыдың.
Мәремік тауына көсіл кеп,
Дегелең „Бұл кім?„ демеді.
Сені
Есімханның Ескі жолы есіркеп,
Қасым ханның Қасқа Жолы жебеді!
Көкжиектен Көк Бөрі бір ұлып,
Жау үдере қашқанда,
Қалмақтың құлын,
Шүршіттің сұмын Байбөріге сіңіріп,
Балпаң да балпаң басқанда,
Жерде
Топырақ шымырлап,
Күн күркіреген
Аспанда!
Көк Түркінің Көк туының астында,
Көш керуенді түзеп ең.
Қайда екен сол бір Ат үстіндегі
һас Тұлға?
.. Сен неге тұрсың тіземен?!!
Есімханның Ескі жолы мен
Қасым ханның Қасқа Жолында,
һас тұлпар едің сөгілмей өткен
қолтығы,
- Хан Кененің қалай қалдың соңында?!
Сені
Албасты басты сол күні!!!
Қарқабат Ана
Абралы-
Шашын жайып
Аңырады!
Хан-
Тақтан түсті!
Қазақ-
Аттан түсті...
Қара Керей Қабанбайдың