Қыз шай ішіп кетіп қалды. Есік ар жағынан жабылысымен кемпір басын шайқап, таңдайын қақты
— Әй, алла-ай, орыс та шайға терлейді екен!.
Ана екеуі үндемеді. Тағы да:
— Анаусы қазақшаға судай ғой өзі,— деді.
— Иә. «Коп ақшаны» біледі.
— Саған-ақ кісі жақпайды, әйтеуір.
Қарап отырғанша о да бірдеңе айтқысы келіп:
— Өзі базарда істейтін кісі секілді,— деді Еділхан. Ондағасы Қанішкенде оқып жүрген кезінде базар аты бар, айналасы ашық, үстіне далада жасаған тақтай-сәкілерді көп көрген. Жұрт айран, сүт, қаймақ сықылды тағамдарды шәшкелеп, стакандап сатады. Сатушылардың дені татар мен орыс. Қазақ еместердің қазақша сөйлегенін де тұңғыш рет Еділхан сол базардан естіген-ді. Тегінде, өзінің де, өзгенің де тілін бүлдіретін базар, сауда саттық маңы болса керек. Өйткені, сатушы алушының тілін білуге тиіс. Әйтпесе сауда жүрмейді. Білгенде қайбір жетістіріп біледі. Әйтеуір түсіндіре алса болды. «Пәлен сом, пәлен тиын», «аз-көп», «арзан-қымбат» дегендерді сатушы кім де болса, алдымен үйренеді. Орыс болсын, қазақ болсын, әйтеуір, сауда істеп тұрған адамның тілін сіз қанша бұзып сөйлесеңіз де ол оған ренжімейді. Себебі: Сіздің сол балдыр-батпақ сөздеріңіздің артында ақша тұр. Ақша! Ақша төлейтін кісінің тілі жаман болушы ма еді! Тіпті, боқтап жатса да, бір түрлі, әсерлі, күміс санағандай, сыңғырлап естіледі. Сатып, алып үйренген адамдардың сөзі: «коп акша», «мене сиз алады» болып келеді. Еділханның манағыны: базарда істейтін кісі секілді» деуінің мәні сонда еді. Қанішкен тұрмақ Астрахань құсаған үлкен қаланың базарын да көрген Әжімгерей қарт жас та болса, байқап қалған Еділханның мына пікірін теріс дей алмады. Қайта қостап қойды:
— Дұрыс айтасың. Ол қазақшаны қайдағы бір жаман қазақтан үйреніпті. Ал, қазақтың жаманы базар айналасында жүреді».
Біріміздің ойымызды біреуімізге ұқтырарлық тілімізге сөз беріп жаратқан алланың махаббатының өзін тегін пайдалана отырып өз ана тілімізге неге қызмет етпейміз. Құдай берген қазақ тілі үшін ертең, алла тағала махшарда сұрау алатұғын тұста не демекпіз? Қай тілде, қалай жеткіземіз? Тілдің өзін өзгеге су тегін өткізе салар тексіз бе едік соншалық? Сұрау салудың өзі ғадаләт һәм махаббат емес пе? Абай айтқан, Жұмекен жазған. Сонда әділдік қайда, махаббат қайда? Онсыз әлем әсте әсем болмас. Біз кім болғанымыз? Судың да сұрауы бар, тегін ештеңе жоқ. Алла Тағаланың бір сипатының өзі Кәлам - сөз, тіл емес пе? Тілден безу мұсылмандықтан шығу, діннен бас тартумен, алладан айнумен бірдей. Тілің үшін күресте бір-ақ тура жол бар. Адастырмас. Аздырмас. Ол тіл тәуелсіздігі. Тәуелсіздік үшін күресте ешкімнің бет-беделіне қарайлауға болмайды. Рухани тәуелділік қалыптастырған мінез-құлықтан құтылу, арылу. Дала демократиясының ең дана құқықтық ойы мына бір сөзде емес пе: «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ». Тіл -өмір. Демократия дегеніміз шынтуайтына келгенде адамдардың қоғамдасып өмір сүру ережесі. Турасын айтқанда тіршіліктің ойын тәртібі. Кім қалай жүрмек, қандай қадам баспақ. Әлеуметтік әділдікті тепе-тең күйде ұстау. Жоқшылықтың адамды хайуандандырып жіберетінін де ұмытпау. Өз пайдаңды ғана ойлау, ол үмітсіз жол. Татулық пен тұрақтылық. Бейбіт, тыныш өмір сүру тәсілі. Көпке пайдасы тиер жақсылық іс және әділдік әсем. Әлемнің өзі осы әділдік пен әсемдікпен әдемі. Ғұмыр өзі – хақиқат.
Батыс пен Шығыстың ойшылдары осы демократия жөнінде айтқандарына басымызды шұлғи бермей бір кезек дархан даланың даналары демократия жайында жеті ғасырдан астам жырлаған жырына құлақ түрейік.
Уақыт өзгере ме, әлде адамдар өзгере ме? Ызалы ел бірігіп, президенттер қашып жатқанын. Бұрымдарын өріп ап, мегофонды қолға алып, қызыл тілдері қылыштай қырқыған әйелдердің ел басқаруға кіріскенін өз көзіміз көріп отыр. Ел билеген ерлердің етек–жеңі сел болып, қылмыстық істер қозғалып, өзге жұрт қызыққа қарық болуда. Ішкі бірлік ыдыраса сыртқы ықпал сырыңды ашатынын кеш сезуде уақыты өткендер. Ел ырысы бәрімізге ортақ. Бөлгенді бөлмеу татулыққа а