ауылынан аттанасыз. Селолық округке 4 елді мекен кіреді: Қадырке, Дәулеткерей, Қошалақ, Жұмекен. Халық саны - 2752. Әкімі Қаббасов Қанат Айтжанұлы. Келген бетте кітапханаға апарып таныстырды. Кітапханашы - Сайфоллова Клара. Жұмекенге арналған арнайы кітап көрмесі бар екен.
Жұмекенен: «Ашақ, Несібелі, Тоғызқұдық, Ерназар көлікке ауыр, мимырт құм. Құмның, шырақ, жолы ауыр. Қошалақ деген әлгі қойы көп жер ме? Ит адасып өлетін құм дейді ғой өзі».
Қорқынышты ештеңесі жоқ. Жол үйренбеген адамға әрине ауырлау тиеді. Артық, ауыр жүк тиеген Камаздар жолда қалуда. Қанша арындаса да алға бастырмайды, құм бауырына тартып жібермейді. Аяқ астыңда құм сусылдап ағып жатыр. Ұйытқып жел соқса не болмақ. Төрт доңғалағы бірдей тартатын көлігіміз тоқтау білмеді. Жолда аздап шаршап-шалдыққаныңыз Қошалаққа жеткенде толық ақталады. Қошалаққа Ашақпен өтесіз. Онда Жұмекеннің туған жері ретінде белгі қойылған. Көк аспанға ұмтылған қалам. Жұмекеннің мына сөздері тасқа жазылған:
«Бұйра құмның ортасы- бұйырғынды төбе жай.
Күнге жайған терідей сор қоршаған жағалай.
Сол төбенің басынан жөнелдім мен алғаш».
Қошалақ басында оншақты ғана үй. Орталау қазақ мектебі бар. Онда 45 бала сабақ оқиды. Қыр елі деп аталатын осы өңірді жайлайтын малшылардың балалары. 35 кісі жататын интернат орыны бар. Моншасы жұмыс істейді. Жарық, байланыс жоқ. Мектептің кітапханасы шағын. Кітапханашы - Дәуленова Толқын Қадырқызы. Ауылда біз барсақ жаңадан көшіп келгендер кірпіш құйып, үйлерінің қабырғаларын көтеріп жатыр екен. Қошалақ маңайы шағыл. Құм. «О, құлан құм, құдірет құйған астанам» «Барақ» қыстауындағы Мәлика апайға қонақ болдық. Қошалақ елімен таныстырып жүрген осы елдің азаматтары Жұмашев Ғарифолла мен Қонысов Сырымбек, Мәлика апайдың баласы Алпамыс бәріміз таза ауада жатуға ұйғардық. Қырдың қасқыры шапса қотандағы қойға шабар, Қарағандының көкжалына шабуға тайсалар деген үмітпен далаға жайғастық.
«Жұт қана емес,
Айбар да екен түздің шулан бөрісі,
намыс үшін,
дала,
байтақ жер үшін,
Қасқырша жан беру үшін, жан алып,
Қорамыздың қақ төріне қададық
Қарақшы ғып қасқырдың да терісін!».
Құмның кешкі ауасы ғажап екен. Ал, түнгі жұлдызды аспан көрінісі тіпті керемет. Асқан көркем. Қошалаққа барсаңыз өкінбейсіз. Қайта емделесіз. Жаның, тәнің тазарып, әсемдік әлемі Құм елі екенін көресіз. Аспан төңкерілген тостағандай, тым тақау. Жымың-жымың қаққан, жыпылықтаған жұлдыз шоғыры. Жиілігі соншалық бір саңлау көрмейсіз, самсаған аспан шырақтары. Тұнып тұрған сұлулық. Бүкіл әлем, ғаламның әдемілігі бір Қошалаққа үйірілгендей. Ғаламдық ғашықтық. Қошалақтың ар жағында «Азғыр» ядролық полигоны, бұрынғы құпия сынақ аймағы да алыс емес. Мәлика апаның айтуынша «Азғыр» атауы Аз-қыр деген сөзден шыққан. Жер атаулары кейде адамның қиялын кеңге самғатып жібереді. Қошалақтың тұсында «Үсен» деген құдық бар екен. Үсен Арғын Байбөріде бір ата. Таяу тұста Байбақты әулие Мәстек деген кісінің бейітіне келушілер баршылық екен. Атырау облыстық ішкі саясат департаментінің директоры Қосыбаев Кеңес Темірұлы менің фамилияма бас шайқап, қазақта неше түрлі есім болады екен деп жымыйды. Мен ол кісіге Азбанбайдың інісінің аты Қошқарбай, әкесінің аты Текебай, атасының аты Терлікбай.... Есбалақ, Жүгіней, Байбөрі, Бошан екенін тізбелей жөнелдім. Шынында да, ылғи таза, тума, қазақи есім- атаулар. Үлкен нағашы есімі Түйеқарын - Олжашы ұрпағы. Ал, Жұмекеннің «Ақшағыл» романы– «Сейсіметтің «Ассалаумағалайкумінен» басталып былай аяқталмай ма:
— Қайын, Тем-ақам-ай! Айыстай азаматым-ай! Екі көзін, төйт болып отисың-ау қази,—Сейсімет жылап жіберді.
Оразғали қалың елді қақ жарып отырып, Алтай тауының құбыла жақ тұмсығына қарай жолсыз, тура тартты. Қыр елі ер-тұрманымен ат жетектегеннен қорқып, аузы күйген ел болатын. Соғыс басталғалы бері Канішкеннен талай ат жетектеліп қайтқан. Азаматын әскерге шығарып сап, атын алып қайтады. Ондай аттарды қаралы, тұл санауға үйреніп бара жатқан. Почташы қарт Қанішкеннен шыққалы жол үстінде талай адамға кездесті. Ішінде танитындары, не арнап түскен үй жандары болмаса, ешқайсымен тілге келген жоқ-ты. Бүгін түс қайта, әсіресе, көп ұшырасты, пішен шауып жүрген жалғыз-жарым орақшы, қойда жүрген қойшы, не өзі құсаған жүргінші болсын, бәр-бәрі бұған бір түрлі аянышпен, үнсіз, мүсіркей қарайды. Ешкім тұра ғап тілдесуге батпайтын сықылды. Бәрі анадай жерден шошына, үрке бақылайды. Пішенші шөбін, жүргінші жолын тастап, тоқтап, тұра қалып көз салады. Бәрі де ауыздары аңқиып, сілейіп-сілейіп қала береді. Орекең ат жетектеп емес, өлік артып келе жатқан сын-ды. Күн екіндіге таянғанда почташы шу-шулеп, итініп-сұғынып отырып Сағынайдікіне әрең жетті. Сағынай шәй ішіп отыр екен: салқын, жақтырмай қабылдады. Орекеңнің бұл үйге түнеуі, үш көнберт әкеткеннен кейін келіп тұрғаны.
— Ммм, аман-сау боларсыз. Қайдан жүрсіз? Жәй ма?
Осы сөздерді үй иесі тастабақтағы шәйіне қарап отырып айтты. Бұған көз қиығын да салған жоқ. Қарт шығып кетерін, не отырарын білмей шәй үстіне келгеніне ыңғайсызданып қап:
— Сағынайжан, ғафу ет, мен әл