теп-тегін,
Бұлт тегін,
теп-тегін оттегі.
Тау тегін,
Жаңбыр мен лай тегін,
Машина көргенім үшін мен
Бір тиын бермеймін,
Ішімнен
Мың шүкір етемін, әйтеуір.
Қайтемін:
Ветрина елесі- теп-тегін,
Сонда сен нан мен ірімшік
Деп пе едің:
Теп-тегін.
Ол үшін су- тегін.
Бостандық, жұтқан көп ғұмырды,
Құлдықтың қорлығы өткені-
Бәрі де теп-тегін....
Біз өмір сүреміз
теп-тегін»
(Орхан Уәли- Жұмекен «Су- тегін»).
Шынында да, біз тектен тек, теп-тегін өмір сүріп жатырмыз-ау. Тіршілікте емес, әншейін бір тірілік. Тіл бір бөлек, бәріміз бір бөлек.
Жұмекен тіл туралы тағы да қалай, не айтты екен, соны бір көрейікші:
«Ақ шағыл» романы. 48 бет:
«— Здравствуй, мама!
Кәржік мұрын, секпіл бет, сары қыз пештің маңдайына сүйеніп тұр. Кемпір жүн түтіп отырған, есік ашық-ты, мына қыздың үйге қашан кіргенін білмей қалды. Бейтаныс жүзге таңдана қарады: көзі көкпеңбек, күлім-күлім етеді. Тұла бойында, жатырқауға болмайтын жақын, жылы бірдеңе бар.
— Здравствуй, мама!
Здравствуйге түсінбегенмен, мама дегенге түсінді:
— Қарашы мұның, көзі көкшиіп алып мама деп мөлиюін?! Менің бір ұзатқан қызым құсап! Қайдан пайда болдың өзің?.. Пері сықылданып?
— Что, что?
Кемпір что дегенді «ұшты» деп түсініп, түтіп отырған жүніне көз салды.
— Кет әрі, жел жоқ неге ұшсын! Үйдің ішінде жүн ұша ма? Алдауын шайтанның!— Анау иығын қиқан, еткізіп:
— Меники не понимает,— деп жымиды. Жаңа байқады: қыз бір қолымен пешке сүйеніп, бір қолын артына жасыра ұстап тұр екен. Кемпірдің денесі түршігіп кетті. Артындағы жасырын қаруымен мұны байқатпай салып қалатын сықылданды. Жалма-жан жүнді жинап, құлын терісінен тіккен жып-жылтыр талысқа тықты да, етегін сілкіп түрегелді. Екі көзі қызда.
— Мама, мне молоко... у меня ребенок,— деп, кемпірдің тасасынан өзіне ұрлана карап тұрған кішкене сары қызды көрсетті. Кішкене сары бақырып қоя берді.
— Не плачь, моя милая, не плачь,— деп жұбатпақ болып ұмтылып еді, сәби одан сайын бақырды.
— Әй, не керек өзіңе? Қорқытпа баламды
— Уф!— деп маңдайын сүртті қыз.
— Уһілеуін, менің малымды суарып келген кісіше!
— Мама, мне молоко... дағдара ойланып сәл тұрды да, кенет мама, сүт бер!— деп айқайлап жіберді. Артына ұстаған сырлы ақ кострюлінің қақпағын ашты.
— Е-е, қарағым-ай, сүт керек екен ғой саған? Соныңды айтпайсың ба? Көзіңді қайқаңдатып баламыз екеуміздің, зәремізді алғанша! Кемпір ана жаққа, қазанға ұмтылды. Қазанда ортан белінен жоғары, сары қаймақтанып піскен сүт бар-ды. Қызға:
— Ыдысыңды әкел — деп ымдады. Анау кастрюлін бере қойды. Кемпір сүттің қаймағын үлкен ағаш ожаудың сыртымен ысырып тастап, «біссіміллаһи» деп құя бастады. Ыдысты төрт елі толтырмай сүт құйып берді. Анау:
— Ой, большое Вам спасибо! Так много... так много,— деп, ыдысындағы сүттің деңгейін тырнағымен сызып көрсетеді. Онысын, осынша көп сүттен жарытпадың-ау деп өкпеледіге жорып, кемпір үстіне тағы екі ожау құйды:
— Өзімізге де қалсын, айран керек қой. Бала-шаға бар.
— Большое, большое Вам спасибо! Прямо я не знаю чем отплатить... Вы очень добрый человек! Спасибо, мама!—, деп, қыз кемпірді бас салып құшақтап, самайынан бір сүйді де, сүтін алып шыға жөнелді. Кемпір танымайтын орыстың қызымен осынша оңай түсінісіп тіпті, оған сүт беріп, ризалап жібергеніне қатты қуанды. Жаңағы сүйген жерін сипап-сипап алып көзіне апарды: іштеңе көрінбейді.. әлгі қарты түскір қайда жүр? Мұны орыстың қызының құшақтап сүйіп жатқанын көрмеді-ау! Әншейінде: «ай кемпірім-ай, ақыл жоқ қой сенде»— деп қойып сақалын тарамдағанда, дүниедегі ақылды адам жалғыз өзі сияқтанады. Енді не айтар екен! «Ақыл жоқ қой»! «Ақыл жоқ қой». Орыс ақылы жоқ кісінің самайынан сүйіп ақымақ дейсің бе! Жақсы көрмесе кісі сүйе ме?» Кемпір осылай ойлап, мәз боп алды»....
«Ақ шағыл» романы 52 бет:
«— Вся беда в том, что мы не понимаем друг-друга. Я хотела заплатить за молоко... но, оказывается, и он плохо знает по вашему,— деп серігін нұсқады. Қарт тағы да Еділханға қарады. Еділхан түсінбедім деуді оқыған басына лайық көрмей,— қыздың сөзін былай аударды:
— Ақшам аз еді, өкпелемеңіз!
— Ақшасының керегі жоқ. Сүт қажет болса ала берсін, айтшы! Еділхан тамағын кенеп, қабағын шытып отырып-отырып:
— Деньги не нади, малаки многи,— деді.
— Сиз алмайды. Сиз бай...
Еркек есікке қарай кеткен мұрынының соңынан еріп, шыға берді. Қыз да шығуға ыңғайланған, шал ымдап тоқтатып, иегімен төсекті көрсетті:
— Отыр!— .
Анау сәл бөгеліп қалды, сонсоң аяғындағы қонышты шебелетін шешіп тастап, келіп отырып алды.
— Кемпір, шәй қайнат,— деді Әжекең, өзі бір иман жүзді адам екен.— Қонақ әрқайсысының аузына бір қарап, аңқайып қапты. Кемпір