«Менің Қазақстаным» өлеңіндегі мына сөздер ертегідей ерте заманның даналық сөздерімен тікелей байланысты емес пе.
«Қарсы алған уақытты
Ежелгі досындай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай».
Тәңірім тарту еткен татулықты тастаған сәттен әділетсіздік орнамай ма? Бақ-дәулет тату елге қонбақ. Уақыт бәріне төреші. Оны ежелгі досыңдай қарсы ал дейді. Қазақтың ежелден аңсағаны еркіндік. Мүддеңе жетуде мүмкіндік жасайтын уақытпен санас, достықта бол дейді Жұмекен. Жанжалкештік, ұрыс-керіс, ыза арты сел болмақ. Селге қарсы қояр сенімді тосқауыл ол көңіл тыныштығы.
«Сағымды далам бар,
Сабырлы көлім бар.
Қараңдар жарандар
Осындай елім бар».
Жаһандану заманында сабырлы болған тиімді. Жұмекеннің өлеңіне қараңызшы: Көлдің өзі сабырлы, асып-тасу жоқ. Көңілге тік келу жоқ. Түзу келу. Татулық пен тыныштық. Абай айтқан:
«Біріңді қазақ бірі дос
Көрмесең, істің бәрі бос».
Бізге ең басты керек демократия ережесі осы. Достық көңіл.
Жұмекенде бүкіл ел болып уақытты ежелгі досындай қарсы алып тұр. Сондықтан да бүкіл ел бақытты. Елден, ұлттан бөлек, жырақ кетіп бақытты бола алмайсың. Бақытты болсаң еліңмен ғана бақыттысың. Адамдардың бақытты болуын аңсаған Жұмекеннің бейнесі оның өлеңдерінде. Оқып көрелік:
«Ұнатқан сайын өзіңді өзгеге суыйсың.
Өзіңді-өзің зерттеу – Ақындық.
Нүкте қоя білу. Уақыт күткен өнерлі ер!
Мөп-мөлдір сөз. Шындық іздеу көздерден. Оны көру Бақыт.
Қазақтық жыр. Қайғыдан ұят арқалау.
Сырды аңдап ашу.
Дала мен табиғат үні болу. Айқайшыл болмау.
Шындық қымбат. Оны арзандату ақымақтық.
Ұрпақ тірлігіне қызығу.
Қорғаған жерде табысу. Адам ісіне алла тергеуші.
Жыласаң да боздама. Ғасыр қайғысы, уы.
Өмір де өлім де бай.
Қауіп ой мен пиғылдан.
Ең өлі сөздің өзін тірілту.
Түстің өзі сөз боп ену.
Көп ауызы бар халыққа нан көп болмайды.
Өскендер өзгеге баспалдақ қалдырмас.
Ақын адал жан. Қара кезеңдерден өту.
Момын. Жуас. Тұйық.
Маңдайынан біреулер шертіп жүр.
Іздеу. Шыншыл. Ұйқы жоқ.
Шыдамшыл.
Сырттай бекем. Дос арасын іріткішіл емес.
Оңаша. Қолжазба қараумен қажыған.
Ойшылдық. Қадірін түсінбеу.
Өзін іздеу. Аңсау. Ата ісін. Еңбекпен биікке өрмелеу.
Бос уақыт өткізбеу. Жалын ішу. Мұңайту.
Қырын кеткен көңіл. Достар осалдығы,. өзгелердің қиянаты. Жоғалғанды аңсау.
Құмарланып құшу. Байғұс көңіл. Үнемделген үміт. Қағаз қартайту.
Ұйқас өру. Қызық сөз. Қыңыр ой. Ыңғайға көндіру.
Кешкі мұң. Әр сәттің қайтып келмесін ұғыну.
Көңіл сырын ақтару. Естілмеген дыбыс іздеу.
Терлеу. Кейде жетістікті мін деп сызу. Жан баспаған жол іздеу.
Бар мен жоқ арасын ашып-айыру.
Алғаш сөзді ақын өрген.
Кішкене адамдар мен сыймай кеткен үлкендер.
Үлкендерге шағыну. Заман ызғарын сезіну.
Ойдағы образдар орманы. Ойдан еңкейген еңсе.
Шумақтар тебісуі. Сынық жүз. Батыл көңіл.
Қасым томын жастану. Жырды ұққаннан махаббат шығады.
Жалғыз сөзге түсіну. Қайғы мен ойда қалу.
Жұрт көңіліне ұя салу.
Жалғыз жақсы сөз.
Әсем әнді, әсем жырды жаттау, мақтау.
Тоздырмау.
Махаббат пен сұлулыққа сену.
Қағаз, қаламға сену. Өсек от. Бас имеу.
Өз халқына ғашық».
ЖҮРЕКПЕН СӨЙЛЕГЕН АҚЫН – АҚЫНДЫҚ.
* «Ал, қайғысыз ақын – белсенді емес пе,
ақыны жоқ қайғы да бір өлексе».
* «Өнердің, үлкен өнердің де қайғы-қасіреті болады және ол сол өнерді иемденген жанды қарадан қарап жүріп қарып, күйдіріп бітіреді».
* «Өнерлі кісіге тән такаппарлық».
* «Қойына шейін домбыра тыңдайтын Қошалақ».
* «Баяу, былпыта бастау. Момын, жұп-жұмсақ үн. Алыс, күңгірт күй. Алыстан, дүмпумен, қайдағы бір қалың жерден солқылдата, сарып суыратын, бітеу жараны ғана ашуға ылайық, лаңды, лепті күш. Әркімнің-ақ шеменін қозғап, шерін жібітетін тың тосын, әрі таныс, ыстық бірдеңе. Үзілмейді, жалғасып жатқан дүние».
* «Атақ, даңқ кім үшін?
Бос қуыс сөз далбаса,
Есімді елеп ел өзі аузына алмаса».
* «Ойлы ән, анық күй».
* «Ел ақынды жүрегімен туады».
* «Айқын ойды – ашық сөз бейнелемек».
* «Өнерліден өсек айтқан қу сыйлы».
* «Мен далама сіңіп кеткім келеді».
* «Тілді мінез. Мінезді өлең».
* «Образбен ой киіндіру. Тіл тыю. Ой түю».
* «Тану үшін бір қарап
ақыл сыртын айла ішін,
керек екен жырға да,
бес қаруы сай кісі».
* «Ойым ауыр бейне өлім».
* «Толқытатын теңізді дауыл да емес тереңдік».
* «Сүйеніш жоқ берері көп кісіге».
Берерін беріп кеткен кісіні іздеуші де шамалы-ау. Жұмекеннің туған жері Ашақ Құрманғазы ауданынан біраз алыста, құм ішінде. Аудан орталығы Ганюшкино деп аталады. Қазақшасы Қанышкен. Атырау қаласынан 240 шақырым қашықтықта. Қала мен Қанышкен аралығында жол күрделі жөндеуден өтуде. Қанышкен мен Қошалақ арасы қарапайым жол. Қошалаққа Еңбекші селолық округінің орталығы Жұмекен