Бұл ату жазасына бұйырылғандардың Қазақ ССР Жоғарғы сотының күшінде қалдырған үкімдер бойынша сотталған адамдарды 66,4 проценті. 35 адамға қатысты жоғарғы сатылардың шешімдері әлі жоқ. Тек қана 21 адамға қатысты ғана ату жазасының үкімі барлық сатыларда күшінде қалдырылған. Бұл барлық ату жазасына үкім етілген адамдардың 5,2 проценті.
Осы деректерге сол кездің судьясы И.Корнев былай деп баға береді:
«Қазақ ССР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі алқаның жұмысындағы салақтық, қараусыз қалушылық осы соттың төрағасы мен алқа төрағасының негізінде сот төрелігі қызметімен айналыспауымен түсіндіріледі. Алқа мәжілістері қалай болса солай өткізіледі, үштіктің төрағасының қалауына байланысты. Кассациалық және қадағалау тәртібімен істерді қарауға ешкім тағайындамайды. Алқа отырыстарында ол істер қылмыстық істер қай судьяның өндірісінде болса, сол қашан қарауды қолайлы көрсе сонда ғана қаралады. Қадағалау алқасы түгіл кассациалық істер бойынша тағайындау бойынша ешқандай да повестка толтырылмайды. Істердің тізімі жария түрде ілінбейді. Іске мүдделі тараптар хабарландырылмайды. Кейбір Жоғарғы Сот мүшелері жұмыспен қамтылмаған. Сот документтері нашар дайындалады. Істер бойынша қадағалау тәртібімен шығарылған қорытындылар соншалықты қысқа жазылғандықтан, олардың заңды және негізді екендігін анықтау мүмкін емес. Қорытындылар мен ұйғарымдардың сапасының төменділігі кейбір сот мүшелерінің өздерінің қызметіне немқұрайлығынан және төрағалардың қараусыздығынан туындайды.
Сол тексеріс барсында шығарылған 29.05.1944 жылғы бұйрықта былай да жазылған: бірнеше істер бойынша заңдылық тұрғыдан анық емес, техникалық жағынан толық сауатты емес қаулылар қабылданған. Тағайындалған жаза мерзімі негізсіз төмендетілген. Әрекеттерінде қылмыс құрамы бола тұрып кейбіреулерге қатысты қылмыстық істер өндіріспен қысқартылған. Маңызды делінетін қылмыстық істер категориялары бойынша сот тәжірибесі сарапталмаған».
Қазіргі заманның заңгерлері бұл сөздердің мән-мағнасын жақсы түсінеді. Жұмекен де сот төрелігін неден бастау керек екенін өзінің «Пендешілік хақында» деген өлеңінде жазып кеткен:
...Көз бен көңіл тазармай,
Тазарады қол қайдан,
Арамдық пен адалдық!
О, баяғы сол майдан...
...Сонау жылдар
бес қадақ тары ұрлаған аш ана
айыпталғаны әйгі еді.
Тарих қайда?
Тасада.
Соны ұмытқан пендеге- пендешілік жасама.
Қолдары емес алаған,-
заманымның Заңы әділ,-
соттау керек алдымен пиғылдарды, заманам!».
Көз бен көңілді тазартатын өлең. Қолды тоздыратын коррупция. Құлқынды қоздыратын қанағатсыздық. Тарих тағлымы, Жұмекен жыры соны меңзейді. Алушы да, беруші де қоғам азаматтары. Қай жолды таңдау ол қоғамның өз құқығы. Дегенмен, халықтың имандылығын сақтау тарихи қажеттілік.
Жаңағы 1943 жыл атамыз Азбанбай әрекетінде қылмыс құрамы болмаса да басында ату жазасына бұйырылып, одан 10 жыл бас бостандығынан айырылуға жаза кесілген жыл. Сот қызметіндегі орын алған үлкен олқылықтар мен қателіктердің нәтижесінде аталарымыз атыла берген, айдала берген. Анықтамада жазылғандай «Жоғарғы Сот жазалау саясатын маңызды істер бойынша дұрыс және ұстамды түрде» жүзеге асырған. Жазалау саясаты. Ал, адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары аяқ асты тапталып, далада қалған. Қазір де үйренген әдетпен жазалау тәжірибесі дейді есеп бергенде. Ауру қалса да әдет қалмайды. Әкемнің ағасы Ораз 1942 жылдың басында соғысқа кетсе, өзі қыркүйек айында әскер қатарына шақырылып майданға қараша айында кіріп, 1942 жылдың 13 қарашасында әскери ант қабылдаған. Екі ұлы бірдей соғыста жүрген Азбанбайды 1942 жылдың 22 қарашасында қамауға алады. Бір айда болған екі оқиға. Баласы Үкімет алдында ант қабылдайды, сол үкімет әкесін абақтыға қамайды. Арасы небәрі тоғыз-ақ күнде әке мен балаға небір тозақ басталды.
«Тағдыр қатал. Әке мен ұл екеуі
Екі жақта жүріп өліп кетеді.
Азаматы бола тұрып елінің
Ғұмыр- бақи қуғын көріп өтеді...» ( Лермонтов- Жұмекен).
Азбанбай 1943 жылдың 4 шілдесінде Шымкент қаласының айдау мекемесі арқылы Сібір лагеріне жөнелтіледі. Ол 1944 жылдың 27 тамызында қайтыс болып Новоивановск қорымында жерленген. Нөмір 76 деген белгі соққан. Уақыт өте белгі сақталмаған. Тіркеу журналдарында анық жазылмаған. Ұлы Ақторғай арыз жазып Азбанбай ақталды. Әскерде жүргенде әкесінің сотталғанын ұлына хабарламаған. Елге оралғанда ғана естіген. Өзі де бірнеше рет халық жауының баласы ретінде қамалған. Тыныштық бермейтін болған соң Семейге оқуға кетіп түрмеден құтылған. 1947 жылдан бастап 1961 жылдың 30 мартына шейін Ақторғай әкесі Азбанбай халық жауы болып сотталғандығын жеке басының ісінде, партиялық қағаздарында көрсетіп жазған. Бұл Ертіс, Аққу, Қарауыл, Шұбартауда тың деп тыным алмай жанын шүберекке түйіп жүргенде, қай жерге жұмсасақ сонда барасың деген билі