Сол романнан кішкентай ғана үзінді келтірейін: «-Біздер, қазақтың коммунистері, ол пікірді қолдай алмаймыз... Біз төңкеріс жолына түсуіміз керек... Иә, сонымен екі ағым бар. Бірінші ағымның айтатыны: қазаққа төңкеріс жасау керек, байдың жер-суын, мал-мүлкін, жазаласа артық қатынына дейін кедейлерге тартып әперу керек, пышақ үстінен бөліп беру керек. Бай, кедей деген айырманы жойып, қолма – қол теңгеру керек. Әйтпесе бай қолында малы тұрғанда, жер –суы тұрғанда, өмірі кедейге теңдік бермейді деседі. Бұл ағымды бастаушы кейбір орыс жолдастар, оларға қосылатын біздің Жақсылық етікші (астын сызған біз) тәрізді қаланың да кедейлері және кейбір шолақ ойлы жолдастар...- деді». Бұл романдағы Ақбала деген губревком мүшесінің сөзі. Әңгіме болып отырған қала Семей қаласы, губерния орталығы. Семейде сол тарихи тұста Жақсылық Төленовтің етікшілердің «Жұмсат» деген саяси ұйым құрғаны тарихтан белгілі. «Ақбілек» романының авторы Жүсіпбек Аймауытовтың біздің деп отырған етікшісі Жақсылық Төленов. Төленов сол жылдары Жүсіпбек Аймауытовпен де, Мұхтар Әуезовпен де қызметтес, пікірлес, таныс болғаны тарихи дәлелденген. Жұмекеннің әділдікке қатысты өлеңі Жақсылық атама Жүсіпбектің естелігіне ескерткіштей жазып кеткен:
«...Әкім болсаң, әділ жол бар, ал баста,
Әкім болсаң, желкеңде тұр алдаспан...
Салу керек етікшіге ескерткіш,
Жер үстінде жаман әкім болмасқа».
Жақсылық етікші ғана емес әкім, сот болған. Әділ билік атқарған. «Етікші жандарал» аталған, Бөрлі, Шыңғыстау болыстарында сот болған Жақсылыққа ризашылық ілтипатын білдіріп Көкбай Жантайұлы төртауыз өлең арнаған екен:
«Әй, Жақа, әділ би боп келдің мұнда,
Қаратып төрт болысты тұрсың сында.
Әділдік нар- кескені суырылды,
Тот басып неше жылдай жатқан қында».
Көкбай мен Жұмекен жырлаған әділдік нар-кескен алдаспан билік құралы.
Өмірде де, өнерде де әділ жол бар. Мәселе бастауда. Адастырмай, тура жолды табу. Алдау, адастыру, арбау, аңду арты алдаспан. Жетелі жақсылар түбсіз терең жақсылыққа жетелесе жетпегеніңді жетілтер. Халық онда сынамас, бірден бірге жүргізбес. Халқын зор тұтып, әулие тұтса жақсылар да көп азбас. Азбаса елді де адастырмас. Абайдың мемлекетпен, елді меңгерудегі принциптері. Әкім болған соң әділ жолмен жүрген міндет. Жұмекен өлеңінің әсем әлемін зерттей жүріп әлем әсемдігі әділдікпен әдемі екеніне тағы бір көз жеткіздік. Орталық мемлекеттік мұрағатта Қазақ Советтік Социалистік Республикасы Жоғарғы Сотының 1943 жылдың жұмыс қорытындысы бойынша жасалған есеппен және оның 1943 жылғы жұмысын тексерген Советтік Социалистік Республикалар Одағы Жоғарғы Сотының судьясы И.Корнев юстицияның халық комиссары Н.М.Рычковқа жазған баяндамасын кездестірдік. Ондағы айтылған жайттардың мәні әлі де жоғала қойған жоқ, сондықтан түсіндірме бере отырып сол деректермен сіздерді де таныстырайық.
«Штат бойынша – 17 судья. Жоғарғы соттың мүшелері үштіктерге бөлінген. 1943 жылы кассациалық тәртіппен 3131 қылмыстық іс қаралған. Оның ішінде: контрреволюциалық қылмыстық іс - 1124. Жалпықылмыстық іс - 2007. Азаматтық іс - 134.
Қадағалау тәртібімен: жалпықылмыстық іс - 2592, контрреволюциалық іс - 88, азаматтық іс - 252.
Семей облысынан: контреволюциалық іс - 88, сотталушылар 128, ату жазасына кесілгендер - 15.
Жалпықылмыстық іс - 128-170-6.
Жалпы ату жазасына 406 адам кесілген. Оның ішінде 239 адамға қатысты бас бостандығынан айыруға алмастырылған. Үкімдердің 58,9 проценті. 167 адамға қатысты үкім күшінде қалдырылған, 41,1 процент. Ату жазасына кесілген үкімдердің 5,2 проценті күшінде қалдырылған.
Жаңағы кассациалық тәртіппен қаралғанда күшінде қалдырылған ату жаз