рі тар. Сондықтан өндіріске бергенге дейін жаңа өлеңдермен толықтыру қажет. Жинақ баспаға ұсынылсын».
Қазақ поэзиясы алыптарының 1956 жылы ақындардан талап еткендері: Үлкен тақырып. Заман ағымы. Дәуір картинасы. Уақыттың ірі оқиғалары. «Менің Қазақстаным» жазылар жылы, одан кейінде, дәуір картинасын жазу үшін үлкен суреткер болу міндет. Ірі оқиғаларды жазу үшін солардың ішінде өзің де ірі әрі тірі болып жүруің тиіс. Ірі оқиға ірі тұлғаға сұраныс түсіреді. Көптен күтулі дүние мүлдем ойға келмеген тұстан шахтер, студент жастан көктей келді. Үлгі аларлық өлең - өнер алланың бұйрығымен жалынды жас ақын Жұмекенге бұйырды.
«Ал, жолдастар
Жаңа өнер бер жалынды,
Сүйреп шығар елді сасық батпақтан,
Болатұғын республи- каға үлгі» (В.Маяковский – Жұмекен. Өнер армиясының № 2 бұйрығы).
Ұлы идея Республика ақындарына үлгі болар Ұлы ақынды дүниеге әкелді. Жұмекеннің ұлылығы осы «Менің Қазақстаным» өлеңінде ұялады. Ұлы ұлтын ұлықтаған ұлт ұлы неге ҰЛЫ болмайды! Күйіп-пісіп көмір қазып, ән салып жүріп Жұмекен елін сүйіп кетті ғой. Сол сүйіспеншілік сүйікті етті ұлтына ұлы ақынын.
Түптің түбінде, ақын біздің тануымызға да, бағалауымызға да, түсінуімізге де зәру емес те. Тану мен бағалау бізге керек, өзімізді өзіміз көру үшін. Өзімізді өзіміз түсіну үшін. Сағдидің «Бустанын» аударып бітіргенде Жұмекен не деп еді:
«Қырсығы ма, әлде ақынның бағы ма,
Үміттенем тағы, тағы... тағы да...
Қандай қиын өлеріңді болжаған,
Соны біліп тірі жүрсең- сол жаман.
Мен тірімін, енді аз көрер азабым,
Сондықтан да деп мықты жазайын.
Амал қанша, жаздым білем осалдау,
Кейбір сөзім болып шықты бос алдау,
Ақынмын ғой әйтсе де мен – шүкірмін,
Бір кітапты ептеп- септеп бітірдім.
Не сұрасам болар екен «құдайдан»,
Мынау екі қара көзбен мұңайған?
«Кешір, кешір мені, құдай тағала,
Содан кейін... осы еңбекті бағала!».
Мына күйкі тірлікте бағаланбаған еңбек өзге өмірде, өзге жерде баға аларын біліп жазған ақын да, азабының аз қалғанын шамалаған. Мықтылыққа ұмтылған. Мұң толы қара көздер. Алланың өзінен де ештеңе сұрамай, кешіруін тек өтінген. Еңбек етуден ерінбеген. Өлмес өлеңіне қызмет еткен.
Бастаудан бастаған бағлан ақыныңды баға алмаған кещеге келер әлі жаза тартар кезеңде. Кешір, құдай, біздің ауру болды бесігімізді танымау, жақыныңды жат санау, асыл сөзді аздыру. Бағаласаң сөзді ақындардай бағала. Ал, еңбегін ақынның, аллам өзі бағалар. Қаншама уақыт пенделер жасырғанмен жақсының жақсылығы жарыққа шықпай қоймайды.
Мұрағатта жас жазушылар мен ақындардың жинағы деген ораудан ақын Кәрім Сауғабаевтың хаты кездесті. Хаттың шекесінде мынадай бұрыштама жазылған: «Жұмекен, мынау бір өлеңдерді оқып шық та, осы балаға хат жазшы. Маған көрсетерсің, Әбу».
«Құрметті аға!
Сіздің атыңызға төмендегі бір топ өлеңдерімді жіберіп отырмын. Күтерім ақыл-кеңесіңіз. Өлеңмен достасқалы екі жыл болды. Қазір Пединституттың IV курсінде оқимын».
«...Ия. Аға оқып шықтыңыз? Өлең бе, әлде босқа тер ме?
Сізден күтерім әділ сын. Сәлеммен: Кәрім Сауғабаев».
Осылай болашақ ақын Кәрім Сауғабев хат жолдап, Жұмекен жауап жазған. К.Сауғабаевтың кейін танымал ақын болып қалыптасқаны белгілі. Бұған Жұмекеннің оның өлеңдеріне жазған әділ сыны да ықпал етуі сөзсіз. Ақындардың өнердегі төккен тері денедегі ерекше бездерден бөлініп тері арқылы сыртқа шыққан сұйық зат емес. Ол басқа дүние. Жұмекеннің өзі «тер» сөзіне қаншама мағына бергенін көресіз:
* «Мінген атын да терлете алмайтын ез ғой»- деп, жиіркене, тыжырына сөйлейді».
* «-Әй, алла-ай, орыс та шайға терлейді екен!».
* «-Бұрын бәйгеге түсіп жүрген аттарды ертеңнен бастап ұстап, терін ала беру тапсырылады».
* «Құла бие сауырының үстіне дейін ақ сор боп езіліп терлепті».
* «Жирен айғырды қара су ғып терлету үшін».
* «Бет-аузы ағыл-тегіл боп, көзіне тер құйылған сайын, арқасын аяз қарыды».
* «Мәруә, тер шықпаса да, маңдайын сүртіп күледі».
* «Айтпайтынын білгенде...Қарт қысылғаннан, терлеп кетті».
* «Терлікті ағытып жібергеннен кейін аттың ып-ыстық тер, жалаңаш арқасына отыра берді».
* «Сегіз сай көк кепкісінің екі шекелігі астынан жылт-жылт тер көрінді».
* «Алғаш кіріп келіп отыра қалғанда күн қақты жүздерді тер жуып қоя берді».
* «Бетіне қараса, барша-барша тер».
* «Әркімнің жүзінде тер, көзінде ой».
* «Соның бәрін мойнынан тер бұршақтап, беті-қолын шөпке талатып шеген түйіп тұрған байғұсты кеміту, соның шеберлігін көзге ілмеу үшін айтатын сықылды».
* «Шағын құдықты ол екі салқын қазады. Сонда маңдайы жіпсімейді, өйткені, жұмысты терлеп-тепшіп, қан-сорпа болып істеу – ақымақтықтың атасы. Терлеу – күш шығындау деген сөз».
* «Мойнынан, тамағынан шұбырған тер тамшылары майысқақ терісіне тайып жығылып, домалап-домалап түседі. Онсыз да аласа маңдайында тер ағатын да орын қалмапты».
* «Тер тамшылары ұсақ-ұсақ боп, отқа күйгендей үлбірей мөлтілдейді».
* «Келемін тер тамшылап бітті, бітті дәрменім».
* «Қынжылды анам: «Жоғалыпты тер исі, рас екен шынымен тұл қалғаны».
* «Бетінен, маңдайынан жосыл