лген адамның, азаматтың сөзі. Өлеңінде Жұмекен Сырбай ағасының «бұрқанып, сілкініп, ұшқындап, найзағайдай жарқ ете қалу аз» дегеніне жауап берген. Жарқын, ашық аспан көгінде Жұмекен жұртына ақ мең болып көрінбекші. Ақ бұлттан нөсер туа ма? Күркіл мен жарқылды жаратпайды жаңағы ақ мең. Қалшылдап нөсер төкпейді. Ақын жайына қарайлауды өтінеді. Өтінішін тағдырына бағыштайды. Неліктен тағдырға? Тіршілікте Жұмекеннің тұрмыс-салты сыпайылық, ол әдетіне айналып, азаматтық, ақындық мінезін қалыптастырған, мінезі өзіне ғана тән тағдырын да анықтады. Даңқ, дау, дақпырттан бойын аулақ ұстады. Тағы да Жұмекен сөйлесінші:
«Ұлым, менің тұйық боп,
Тындырғаным шамалы,
Жырым жетсе биікке,
өзім жетпей қаламын.

Көп жүйрікті тергер де ем,
«Шабыс па осы» деп кейде,
ақылым жеткен жерлерге
қызыл тілім жетпей жүр.

Мені де демеп топ алды,
Сөйлер ем- ау білгірсіп:
Жібермей қойды оған да
Сыпайылық деген бір қырсық.

Жібермей жанға ақымды
Тұрар ем тікенше қадалып бір:
Болсам мен бұдан да ақылды,
Бұдан да болсам талантты».

Сатылмайтын өнерге Үлкен талаптың керек екенін білген Жұмекен, талаптанып жүріп жұмыс үстелінде табылған өмірдің соңғы сағатында да, ақыл мен талант кемдігі емес, уақытынан озып туу. Ақылы асса да қызыл тілін беземеді. Топтан, тобырдан бөлек болды. Демеуін, дем беруін күтпеді. Сыпайы болмыстан танбады. Бұл әркімге бір қонбайтын қасиет. Тұйық емес, тұңғиық, тұнық еді. Жыр дүлділі, тым биік тұрған соң тоғышар қауым оны қабылдамады. Талант тегеуірінен, тергеуінен қорықты.
1960 жыл 24 қыркүйек. Қазақстан жазушылары Одағы. Поэзия секциясы.
Жас ақын Төлеген Айбергеновтің жинағын талқылау.
С.Мәуленов: «Төлеген өлеңдері маған ұнамады. Тілді үйірер дәмі аз. Қайталаулары көп».
Қ.Шаңғытбаев: «Сырбайдың пікіріне қарсымын. Бұл жігіттің өлеңдері ұнады маған. Баспаға ұсынылсын».
Т.Айбергеновтің жинағы 1962 жылдың жоспарына енгізілді.
«...Самарқау ел- қазақ елі деген ел:
түссе- дағы осы қазір төбеден
Хақтың өзі екі аяғы салбырап-
Танымайды, таңданбайды,
Ал, бірақ
Ақын болды Айбергенов Төлеген
Кетті айтылмай сол жыршының ішінде ой,
Айтылғанын қор еттіңдер түсінбей.
Бағаламай қорладың көп асылды,
Тани алмай өлтірдіңдер Қасымды...».
Жұмекеннің «Тағы біреу оқыды» деген осы өлеңіндегі артист ақын сөзінің жаны бар-ау. Өлең жолдары XX ғасырға нағыз айыптау қорытындысы. Қол қойып, бекітуші Жоғары мәртебелі - Уақыт. Сот төрелігін атқарушы алқа заседательдері - Халық. Үкім етуші - Алла. Әділ қазылық талап етуші ақын. Әділдік жөнінде Жұмекен көркем шығармаларында не делінген екен, енді соны бір байқайық:
* Әлдебіреудің неге болсын беріле, құлай, ессіз иланғанын көргенде қарт өзін, кемінде ширек ғасырға, жас сезінетін. Бұ жолы дағдысынан да аса көңілденді. Қараптан қарап қунап, тыңайып сала берді, қуантқан Темірәлінің хаты емес, ішіндегі мына бір сөздертін: «...әділет табам, қалай да табам. Ол бар. Сізге, Сіз сықылды басқаларға қарап һәм етем. Табатыныма анық көзім жетеді. Әкесін танытып тұрып, іздеймін». Осы жерін қайта-қайта оқытты. Мәз боп, сүйсініп, тіпті, масайрап тыңдады. Ішінен Темақаңды мақтайтын, сол секундтегі ой-сезімнің үстінен дәл түсетін, бәрін бір-ақ тұжыратын өткір, бірден өңменге өтетін жалғыз сөз іздеген, таппады. Жанарынан, ешқайда соқпай, тура мұртына құлаған көз жасының тамшысын жалап алды. Тәтті сияқты. Әлде... іздеген сөзі осы ма? Өстіп, өз-өзінен ери, балқи отырып: «Жігіт!» деді. Тағы бір қайталады: «Жігіт!».
Әділет, әділдік. Адамзаттың әрқашанда шарқ ұрып іздейтіні. Жұмекен бұл ұғымға қаншалықты мән бергендігін романдағы негізгі бейне Әжімгерей, прототипі өзінің үлкен әкесі Нәжімеден, арқылы білдіріп, авторлық көзқарасын жария етуде.
* «Көп ғалыммен амалсыздан төзістік».
Ақын мен ақындық адам ғылымынан жоғары тұрады деген пікірімізді Жұмекен де ұстанған. Амалсыздан төзу. Шынтуайтында, ақын өлеңінде ештеңені дәлелдеп жатпайды. Ақын сөзі әрқашанда нысанаға дөп,дәл тиіп жатады.
* «Сондықтан, қанша қырлансын қара істен ақау іздеу - әділет әпермейді».
* «Қанаты аққа қайғы мол».
* «Әділетсіз тіл «қара» атаған жаһаннат жасыл мекен».
* Бірақ кейбір дауылдардың заңы әділ,
әділ, әділ, әділ менің заманым;
әділдік те болар еді далбаса
анда-санда сілкіп-сілкіп алмаса».
Абайдың 38 қарасөзінде «Адам баласынан махшарда сұрау алатұғын қылып жаратқандығында һәм ғадаләт һәм махаббат бар» делінген. Адамдықтан кеткен тұста әлеуметтік әділдікке сұраныс туады.
* «Қайғысына әйелдің қарап тұрып қатайдым,
әділдікті мен неге қаталдық деп атаймын?!
Сенде,
Сенде өшім бар,
Көзімде улы күлкім бар,
Топырақтан басқаға тоя алмаған құлқындар!
* «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген сөз әділ,
әттең, әттең, әділет, сенің де бар өз әлің:
кей қуатты шеңгелде жыртылсаң сен жең болып,
ешкім сілкіп тартпай-ақ мен – жаға боп тозамын,
Қылмыс деген – қылмыс қой,
Ауыр ұғым немесе,
Жазаламау қылмысты- ауыр қылмыс он есе».
Әділет