Уақытқа қатысты сөзді Жұмекен қалай қолданғанын келесі үзінділерден көреміз:
* «–Папа,- деді,- уақыт жоқ кіруге».
* «Есімі – уақыт, кәсібі – бет ашу».
* «Көңілге қарайтын уақыт па қазір».
* «Аласапырандау уақыт».
* «Уақыт белгісіз».
* «Уақыт үшін соның көбі- ақымақ
Саудагер де, президент те ақымақ».
* «Уақыт шіркін қорқытушы ед жай қайдан:
«қара қағаз»
Бригадир бар…
Айғай бар».
* «Даланың кеңдігінен бе, уақыт та шабан жылжыйды».
* «Іңірде қарт уақыт етті».
* «Әйтеуір бір қарау, әйтеуір бір уақыт өткізу, жол ұту».
* «Ал, уақыт бұл сын-ды тұрлаусыз жел-аяқ жандардың қандай да ұят, лас, ешқандай моральға симайтын тірліктерін ақтайтын жаңа сөз, философия тауып берді: «Жизнь такова».
* «Бірен-саран дос, жанашыр адамдар уақыт ағысының тым асау екенін Елікке аңғартып еді».
* «Бір күні сыпырымайтын маска болмайды. Мезгілден құдіретті құдай бар ма, Адамды – Сайтан, Сайтанды – Адам ететін сол».
* «Уақыт – ұстаз».
* «Уақыт қайда көнетұғын ыңғайға».
* «Негізгі күре тамырын мезгілдің».
* «Уақыт салыстырсаң жас мүлде күн де, жер де, құдайлар да – бәрі де».
* «Уақыт, уақыт! Басқа сыймас көп ұғым, уақыт сыйды құшағына уақыттың».
* «Аспаннан, ауадан, дірілден,
Уақыт жүйкесін түсіндім».
Тану мен түсіну. Ақындарды көптен қорғау қорын құру керек деген пікір осы өлеңдерден шығады. Қанша тырыссақ та түсіне алмай, танымай жұртта қалып барамыз. Түсінбей және қор етеміз. Ештеңені танымаймыз, таңданбаймыз. Самарқаулық па, әлде сауатсыздық басым болып бара ма? Жаңа ақпараттық технология өскен сайын оқырман саны төмендеп, лириктер қатары сиреп барады. Абай айтқан уайымсыз салғырттық па әлде? Өтірік, өсек, ұрыс-төбелес пен адамдардың бойына қорлық келтірдік. Сөз қадірін кетірдік.
Жаңағы мен жазылу уақытын 1963 жылдың 6 қыркүйегі деп белгілеген өлеңде Жұмекен «жел» деп қатал заман заңын айтып тұр. Сырбай ақын «бұдан бес-он жыл бұрын болса мұндай жинақ жайлы әңгіме басқа болар еді» деген сөз төркінінен, төңірегінен уақыт ызғары сезіледі.
Ал, Жұмекен: «Менің далам, дей берем, менің елім, - бұдан өңге осы мен не білемін» дегеннен басқа артық не айтыпты. Аспан, күн, желді Жұмекен міне былай сипаттайды:
* «Көк етегін көтерген күн».
* «Аспан: уылжыған, жомарт, сабырлы, қара, ағала, кәрі, түнгі, көкбет, туған, тылсым, боз, мөлдір».
* «Ақ марал ай».
* «Сәуле-сұлу жалаңаш».
* «Әзәзіл жел; бұралқы жел».
* «Самал, самал, сері самал, сөл самал,
Самал жұтып, сана жұтып тамсанам.
Бұл өмірде қайғылы екен қанша адам,
Бұл өмірде бақытты екен қанша адам».
* «Ақша бұлт аспан қаймағы,
тасқыны, түбіті, сеңдері, қабағы».
* «Жасаураған көкжиек».
* «Шаңның өзі күн алдында алтын шаң».
* «Кейде аспаның оңып кеткен мақпалдай».
* «Жатыр дала аяқталмай, басталмай».
* «Еңбек деген махаббат қартаюды білмейді».
* «Көтер жүрек дүниені шабыт қып!».
* «Тас төбеде үңірейіп аспан тұр,
Ақ тісі жоқ ауызындай кемпірдің».
Өз замандасы жас Жұмекенге ел көзінше Сырбай ақын ашып, таратып, талдап айтпаса да оның Үлкен талант, Үлкен талап иесі екенін атап өткен. Үлкен үмітті тек қана Үлкен ақыннан күтуге болады. Сырбай ағаның Жұмекенді кезінде бағалауы, тануы осындай болған. Үлкен ақынға зор талап қойған. Оның амандығын тілеп, сақ болуын қалаған. 1963 жылы Жұмекен небәрі 27 жаста. Қайта айналып келмес жиырма бес белесінен жаңа асқан. Қаһарман жауынгердің қырағы көзі жас қыранның ерте қартайып бара жатқанын шалып қалған. Қошалақтың қарт баласы естеріңізде ме? Терең ойдан алып шығуға талпынған. О, қайран қимас көңіл, қарындас-бауырмалдық. Қатал заманға қарсы тұрар қолынан еш қайран келмесе де, ағынан жарылып, ағалық ашық көңілін паш еткен. Үлкен талант Үлкен талантты әрқашанда танып, бауырына басып, баулый білген. Ұстанар тағлым, үлгі, өнеге. Жұмекен жанып кетсе де ең биікте, көкте қалықтауды таңдапты.
Жұмекен өнерінде өзіндік ойлау ерекшелігі, пайымдау жүйесі болғаны бастапқы өлеңдерін кейінгі көркем сөзімен салыстыра зерттегенде айқын аңғарылады. Онда өмірге, тіршілікке жаңа поэзиялық қөзқарас жас кезінен қалыптасқан. Мысалы, «Менің Қазақстаным» өлеңіндегі «кең» екен жер деген жолды талдау барысында кеңістік жөнінде сөз қозғадық. Кең сөзіне көз тоқтатып қарағанда тағы да бір екінші мағына білінеді.
Айтпақ ойымыз бірден түсінікті болу үшін өлеңнің екі жолын ұсынайық:
«Кең екен жер деген
Жерге дән шықты ғой».
«Кең» сөзі қазақ тілінде мейірімді, мейірбан деген ұғымды да білдіреді. Жұмекен мейірімді, мейірбан Жер ана төсі иіп мол астық берді. Қазақ ұлының еңбегін зая кетірмеді, ұятқа қалдырмады бүкіл әлем алдында д