серігіне ымдап, көршілерді нұсқады:
– Соня, аналар шампан ашқандарына мәз боп отыр, фюуу!
– Колхоздан келген кісілер, видимо,– деді анау да паңдана.
Есік алдында біреу швейцарға ұрсады. Ілкіде Идаят оның сөзін ести алған жоқ-
ты, шошаңдаған саусақтарын ғана көрген. Бірте-бірте сөзі жетті:
– Беззабразие! Неге елді топ-тобымен кіргізесің? Неге?– деп өзеуреді.
Жанындағы даяшы әйел де ашулы секілді. Басы бала қыздың басындай, ақ лента
таққан бұрымдары селтең қағады. Бірақ иықтан төмен түскен сайын денесі жуандай,
буылдықтана кеп, туфлиінің біз өкшесімен бір-ақ бітіпті. Үні тас еденге құлаған
қалайы қасықтың үніндей шың-шың етеді.
– Анекдот деп пе едіңдер, анекдот болса былай,– деді Кемел. Ана үшеуі әлгі
өтініштерін ұмытып кеткен-ді, естеріне енді түсірісті:
– Аа-аа, да, айтыңыз. – Төрдегі қызыл мақпал шымылдық ашылып, ар
жағынан шам жағылды. Сонсын манадан үнсіз, саңырауқұлақ тәрізді бастары
салбырап тұрған жез табақшалар даң-дұң етіп, қақсап ала жөнелді.
– «Махаббат сазы». – Музыкасы Садықжановтікі,– деп шіңгірледі бір қыз тілін
шайнап,– сөзі Тайпақовтікі. – Жұрт қос-қос қолтықтасып, ортаңғы алаңға, биге
шыға бастады.
– М-музыканы қор қылатын басқа жер табу...
Екі қыз әуелі бір-біріне жыпылықтап, сосын екеуі қосылып бұған қарады.
Иықтарын бір-бір көтеріп қойды: Таңданғандағылары. Біреу мұны адам санап әнін
орындап жатса... қызық қой, қызық. Әнші әйел сұңқыл қағады.
– Шөлдеп кеттім,– деді Кемел.
– Мен де,– деді бір қыз,– Раечка, давай попросим воду.
– Шын аққан, шынымен сүйіп ұнатқан,– деді әнші. Біреу шаңқ-шұңқ етті.
Бұлардың назары солай ауды. Бет-аузы тот басқан қаңылтырдай қабыршақ-
қабыршақ адам сұқ саусағын безеп ап, қарсысындағының көзін шоқиды. Дәлдеп,
қадап апарған саусағы ананың көзін тап баспай, тайып кетеді. Соған ыза болған
қаңылтыр бет одан сайын түтіге, тоттана түсетін тәрізді. Өзі сөйлеп емес, арсылдап
үріп отырған секілді, тісі ақсаң-ақсаң.
– Мен, ме-ен... сен н-не оттап отырсың осы?
Кемел:
– Әнегдот керек пе, кәзір,– деп толғанды. Қаңылтыр бет әлі шаңқылдайды.
Қарсысындағы толық, ірі қазақтың сөзі анық естілмейді. Әйтеуір әлденені қоңыр
үнмен байыптап, баптап сөйлейтін сияқты. Кенет, анау атып түрегеп, столды аудара
салды. Төгілген су, шарап, берекесіз шашылып, шашырап қираған ыдыс-аяқтың
үні. Даяршылардың бірі шыңғырып жіберді. Сосын тыпыр-тыпыр басып, ас үйге
қарай кетті.
– ...Шын аққан, шынымен сүйіп ұнатқан,– деді әнші. Келесі минутта
қызыл жағалы екеу кеп, оң қолдарын шекелеріне апарып бір-бір тигізді де,
қаңылтыр бетті сүйреп әкетті, анау есік алдына шейін артына жұлқына қайырылып,
шақылдап бақты:
– Мен... мен... сен... сен...
Кемел айтпақ анекдотын әлдеқашан ұмытып қалған. Идаят өзімен-өзі құйылған
ыдысты ғана босатып, үн-түнсіз мүлгіп отыр, әлсін-әлсін көзін уқалағаннан бөтен
қимылы жоқ. Екі қыз билеген жұрттың аяқ, бел, мықын секілді, мұндайда әсіресе
тез аңғарылатын дене мүшелерін қызықтайды. Отырыстың бірте-бірте
жабықтырып, жалықтырып бара жатқанын әрқайсысы-ақ аңғарады. Аңғарған
сайын өз-өздерін ауырлай, манаурай түседі. Садықжанов осы көңілсіздікті бұзуға
ұйғарды. Алдындағыға бірдеңе айтуға оқтала берген, қыз жүзін тайдыра қойды.
Атын ойлап-ойлап есіне түсіре алмады. Танысқанда кіммін деп еді, әлі? Әйтеуір
біреуі Рая, біреуі Соня. Қайсысы Рая, қайсысы Соня?
Бұ қыздармен танысулары да қызық-ты. Кемел екеуі консерваториядан
қайтқан. Проспектімен жоғары өрледі. Екі қыз алдарынан қарсы ұшырасты. Бәрін
бүлдірген мұның өзі.
– Қарындастар, көктем құтты болсын! – Қыздар сыңқ-сыңқ күлісті. Ешқайсысы
ештеңе түсінген жоқ. Сол-ақ екен, Кемел көмекке келді.
– Кәне, танысып қоялық, Кемел.
– Соня,
– Рая. – Шешініп киімдерін тапсырған соң, екі жігіт оңаша барып, ақшаларын
санап шығысты. Ыдыс алғаш босағанда қыздардың бетіне алма-кезек қарап,
аттарын қайталап, жадына бекіткен. Артынша ұмыт етті. Идаят қулыққа басты,
кімнің аты аталса – сол қарамай ма?
– Соня. – Өзінің оң қолындағы бетінің жартысын шашы жапқан ақ құба қыз
шошып оянғандай мұның жүзіне ойсыз, түйсіксіз көз тікті. Атын атағасын бір нәрсе
айту керек, Идаяттың аузына іліккені шығар:
– Соня, сіздің қазақша атыңыз қалай?– деді. Келіншегімен жүргенде ғана
қыздарға батыл екен, бүгін өз-өзінен қысылып, күрмеліп отыр. Осы сезім Кемелге
де дарыған сынды, о да бұғыңқы, кібіртік. Күндегі Кемел емес.
Қалай, кім сөйлесе де әңгімелері жараспады. Бастаған сөздерінің бәрі өстіп,
сәтсіздікке ұшырай берді. Билемеді де.
Келесі заматта қолдарында арақ, сыралары бар екі жігіт кеп қосылды. Олар
бірден ақтарыла сөйледі:
– Идаятпен танысайық деп. Айып етпеңіздер, шырық бұзсақ – кетеміз. Ағайын,
айыпқа бұйырмассыздар, Идаятты мақтан етеміз өзіміз,
– Соня.
– Рая. – Тағы бірер жұтымнан кейін әлгі келген екеу бұлардың рұқсатымен екі
қызды алып, билей жөнелді...
Қыздардан құтылысымен екі дос өзара айтысқа кіріскен.