тергейтін шығар? Өйтсе,
кінәлі – бұл, Идаят. Кемелдің көп білетіні, білгенін жонып, қырлап айта алатыны –
ақиқат. Айтысып нең бар? Онымен мұғалімдердің өздері аңдап сөйлеседі. Тілі
жаман, шағып тастайды. Оның үстіне – Кемел дос, Кемел – жолдас, Кемел –
қамқор, Кемел – әке. Ащы судың буымен артық бірдеме айтып қойса... кешіре ме,
жоқ па! Өзі күліп-ойнап жеңіл басқанмен бір бет, қыңыр жігіт. Сені кісі, дос, ес
санап жүрсем... ақымақтың айғыры екенсің ғой? Қарының – басыңа, миың – астыңа
біткен шығар. Тіпті, тас қараңғы екенсің, мен саған сәуле түсіріп жарқыратпаспын.
Өзіңе ұсаған мақау серік тап. Айтпақшы, сен есуас қой, Зібайраны өзім тастадым,
апарып салдым деп мәзсің. Шындығында ол сені – соңғы кезде Идаятқа осындай да
күдіктер орала бастаған – тастады, ішің жарылса да айтайын, дәл солай, сені
Зібайра талақ еткен, әлі түсінбейсің бе? Әй, сендей есер көрсем – емсіз кетейін,
шамаңа қарамай қызарақтап кеп айтысасың! Айтыс не теңің, Құдай-ау, Құдай, а?!
Тайпақовты қуаттап түнімен оттадың. Рас, Тайпақов – алаяқ, сенің қолыңнан басқа
тұрмақ, сондай алаяқ болу да келмейді. Демек, ол да сенен артық, сенен мықты.
Өзіңнен мықтыны қорғап нең бар, әй?! Өй, есектің миын жеген көкқасқа.
Кемел қазір өстіп сөгетін сияқтанды.
Жүрегі шымылдап жүре берді. Көзін ашқысы, оянғысы келмеді. Көзін ашса –
алдында Кемел, қарауға бет жоқ. Не деп қарайды? Өзін кісі етіп келе жатқан
адамға... арам қатқыр, аузы қисаяры бар, неге ішті! Тарыққаны, қысылғаны сонша,
екінші бүйіріне аударылуға, қозғалуға ұялды. Темір төсек баж ете қалса – Кемел
жалт қарайды. Өзін-өзі сілеп, жеп жатып тағы ойға батты. Енді, әрбір тарыққан
жанның қармайтын талы – өзін ақтайтын бірдеме іздеді. Әдетте өзіңді ақтау – оңай
ғой, бірақ осы жолы қиын соқты. Бар қиындық Кемел сөзінің, мұның ойынша,
дұрыстығы, әділдігі. Талай ақын сөз болған. Соның бірі жайлы Кемел:
– Өлеңінің бәрі шылғи өтірік. «Сен мені тастап, басқа жігітпен кеттің – дұрыс,
бақытты бол, қашан да саған бақыт тілеймін». Бұл өзінің сүйген қызына айтқаны.
– Несі бар, нағыз гуманистің сөзі. Гуманизм...
– Измді шатыстырма. Бүгінгі жігіт ғұмыры олай ойламайды. Өлеңнің әсерлі
шығуы үшін ғана тапқан сандырағы. Өмірде олай етпейді, білем оны. Сондықтан
сенбеймін. Егер: «Сен мені тастап кеттің, жақсылық күтпе – қараңғы бұрыш
жалынсын, көрсетермін көзіңе», немесе, кетсең – атамнан әрі, сендей онын табам
десе сенер едім. Ондай өлеңнің ажарсыз шығуы, ешкім ондайды баспауы мүмкін,
бірақ шындық қой, шындық. Оған бас шайқатып, қабақ түйдіретін шындықтан,
жымың қақтыра шұлғытатын өтірік артық. Да-аа! Жизнь такова!
– Енді қалай кінәлайсың?
– Өлең жазу үшін өлең жазады.
– Сонда не істемедің дейсің?
– Қой бақпадың деймін, әкең, қой. – Кемел сынап отырған ақынды Идаят іздеп
оқитын. Жұрт аузында жақсы аталып жүрген азаматтардың бірі еді. Тайпақов
сықылдыларды қанша қорғаштағанмен, іші сезетін. Ал, мынаған төзе алмады.
Төбелеспек болды. Екеуі, сөйтіп, далаға төбелесу үшін шыққан, шыққан соң
ұмытып кетіпті...
Кемелге солай, бірінші боп жұдырық ала жүгіргенін ойына алғанда Идаяттың
шыбыны, тіпті, шырқырады. Өзінен өзі түңіліп кетті, өтірік ұйықтап жатқаны есінен
шығып, күрсініп жіберген, Кемел жетіп келді.
Он минуттан соң екеуі араларында дәнеңе болмағандай сыра ішіп, сұқбаттасып
отырды.
– Сен дауласа біледі екенсің.
– Түк те білмеймін.
– Тек төзім, салқын қандылық жетпейді.
– Білім, парасат...
– Мұның ұят.
– Менің-ақ бетім күйсін.
Идаят кешегі даудың қайта өршіп бара жатқанын сезді, ертең тағы өкінбес
үшін тілін тістей қойды. Бірақ Кемел қуып, індете түсті. Бірте-бірте шабыттана
бастады. Бұл енді қарсы сөз айтпайды, анда-санда басын ғана шұлғиды. Кемел ыза
боп қалды:
– Немене, тілің байланып қалды ма? – Бұл сөздің мән-мағынасына ой
жүгіртпестен Идаят тағы бас изеген. Анау тура шабуылға көшті:
– О, Құдай, осындай адамға талант береді екен! – деп таусылды. Ол мұның ой-
пікірін онша сыйламайтын. Ойынша, Идаят тек композитор ғана. Басқа қасиеттен
ада. Тіпті сол өз қабілетін тану, бағалау қолынан келмейтін бір байғұс. Сәби
сықылды аңқау, адал. Сондықтан тәкаппар, кіді. О да табиғаты. Өз құнын, қадір-
қасиетін түсінгендіктен тәкаппар болады дейсіз бе? Жо-оқ, ондай есі болса ғой.
– Сенің талантыңды маған берсе!
Идаят осы сөздің мағынасын ұқпайды. Өнерге араласқан азғантай мерзім
ішінде талай кісінің аузынан естіді: талантты ақын, талантты композитор! Талант
деген сөз ылғи біреудің фамилиясына қосақталады да жүреді. Онша жаман сөз емес
екенін іші сезеді. «Талантты композитор Садықжанов». Радио өстіп самбырлағанда
жаны жылып жүре береді. Неге? Сонда Садықжановтың кім болғандағысы? Ескі
Римде талант – алтын ақша, мұны естігені бар. Он жылдықты жаңа бітірген, тіл,
әдебиет пәндеріне ықыласты жастар «классик», «классика» секілді сөздердің мәнін
түсінуге құштар келеді. Бұ да сондай «талант» дегенді тексеруге құмар-ды. Бірақ
түптеп, індете ойланған сайын шатыса түседі. Өз ойынша, ақыл, параса