арта көрсетіп
тістеп алды да, буфетке кетті, шампанның тағы бірін аштырып әкелді.
– Сен қызықсың, түсінбейсің,– деді. Мұндай сөзді Садықжанов жаңа естіп
жүрген жоқ-ты, сондықтан иығын бір қиқаң еткізді, ыдысқа быжылдап құйылған
ішімдіктен көз айырмай тұра берді.
– Сондай сауал бола ма екен,– деді анау, кәмпит салынған жайпақ тарелканы
бұған қарай ысырып,– ондай сұрақты бүгін бала да қоймайды, не жамандық етті
деп сұрама, ол сөз емес, Жолымбол маған не істесін, одан да не жақсылық жасады,
соны сұрау жөн. Өзің айтшы, не жақсылық етті?
– Маған арнаулы стипендия әперді.
– Онымен іс бітпейді. Шынын айтсақ, саған оны бергізген ана шалдың өзі.
– Жо-оқ, Жарқынов,– деді бұл, қыңырлығына салып,– со қазақтың өзі алып
берген.
Жігіт қарқ-қарқ күлді. Бұл жұрт осынша неге қу? Қулығының молдығынан түк
түсінбейді. Тереңірек, астар-мәні бар жайларды ғана елейді, ескереді. Ал, мына
секілді ашық, көзге ұрып тұрған нәрсені бақпайды, бағаламайды. «Мұның қай
жерінде қулық жүреді?» Өстіп ойлайды да, менсінбейді. Бәрі үлкен мәселені
шешуге құмар, өйткені оны адамның жан-жақты білімін, ақыл-қабілетін тексеретін
қиын кроссворд санайды. Сондықтан әркім басын сонымен, өздерінше үлкен
қулықпен толтырады. Сөйтіп жүріп, ақыры, екі жердегі екінің, қай уақытта да бір-
ақ сан, төрт болатынын ұмыт етеді. Бәрі әріден ойлауға үйреніп алған. Дамудың бір
жақтылығының салдары – қате, қате! Ылғи логикамен шектелетін – кітап қана. Өмір
өйте бермейді. Оның өз заңы, өз қағидасы бар. Ол қашан да өмір. Демек, жұрттың
қулық, сұмдығының өскендігі сондай, тіпті күрделілігі, тереңдігі жағынан
өмірдің өзінен де озып кеткен. Түптеп келгенде бұның да, бәрібір, ақырынан
аңғалдың көрінбей тұрмайды. Ал, аңқаулық аңғалдығы аралас қулық – терең, ірі
қулық... Осы ретпен жігіт біраз аңтарылды. Шампаннан гөрі сөзге көбірек қызған
тәрізденді. Соңында:
– Музыка дүниесінде, әйтеуір бір қозғалыс болғалы тұр. Бәрі жаңарады,
жақсарады, солай, солай,– деп қоштасты. Бұл шыға Кемелге телефон соққан,
таппады. Сөйтіп, үйіне қайтқаны еді. Бұрышында 14 таңбасы бар үйге жақындап
келеді. Жаңағы жартылай сары, жартылай көк жалғыз жапырақтан көзін
айырмайды. Сол үзілсе – өзі де құлап түсетін сияқты. «Енді қайтып арақ ішсем...»–
деп, әлденендей ащы, қатал сөз айтып, серт ете қарғанады. Көптен көңілін алаң етіп,
мазасын кетірген әлдене жұмбақтың шешімін аяқ астынан тапқандай болып толқып
келеді. Үй шатыры, ағаш бастарынан аспан алыстап, жабағы бауырын жинақтай,
тарта бастаған. Тамшылар бірте-бірте сиреп, іріленіп барады. Нысанадағы
жапырақ әлі тұр. Оқтын-оқтын айналып, қозғалып қояды. Ірі тамшылардың екеу-
үшеуі қатарынан тамса жұлынып түсетіндей Идаят теңселе адымдайды.
Қыста, кафедрадан кісі қатысқан комсомол жиналысына да уәде беріп еді, тез
ұмытты. Жиын мұның сабаққа келмей ішіп кеткенін сөз еткен. Қазіргідей
құлағында: талант екені талант, бірақ... «талантты композиторға ұят», «талантын
сыйлағандықтан». Жұрттың сөйлегенінен ұққаны: егер бұл ішкіш болмаса ешкім
талантын мұнша құлай, жабыла мойындамайтын сияқты көрінді. Сонда да серт
қылған, шыға бере-ақ ол сертін орындауға көкірегі иланбайтынын білген.
Бүгін иланып, бар болмысымен ниет қылды. Әттең, дәрмені, дене күші жетсе
ғой?! Бір дауыс: «тым кеш!» деді. Екіншісі: «кеш емес!» деп қасарды. «Кеш», «Кеш
емес»...
Бар әл-қуатын екі тізесіне жиып, тістене адымдай-ды. Үйге, төсегіне жетіп
жығылса – бар тілегі осы. Ертең бәрін қайтадан, жаңадан бастайды, бәріне басқаша
қарайды, адам таң қалардай жаңа, жақсы музыка жазады. Қоғамдық тірлікке
араласады, сөз сөйлейді, жұмыс ұйымдастырады, талантты, өзінен де жас
музыканттар тәрбиелейді. Айтысады, тартысады. Сөйтіп, творчестволық ашық,
адал күреске шығады. Біреудің сыртынан қараулық, әділетсіздік жасайтын
адамдарды әшкерелейді. Дарынды, өнердегі үлкен мақсат-принципті қорғайды.
Кімнен? Кімнен де болса. Көр де тұр, бұл сөйтеді, соны істейді. Қазір тек бөлмесіне,
төсегіне жетсін...

* * *
Таңертең Садықжанов төсегі үстінде түрегеп отырды. Терезеден құлаған күн
шуағымен бірге санасына ілкі оралған сөйлем – бірөңкей қатал сұрақтар еді. «Не
болды мына тірлік, өзім не боп кеттім?!» Сонда барып консерваторияға кіргелі
бергі бес жылдай ғұмырында басынан өткерген ұлылы – кішілі оқиғалар бірін-бірі
кимелеп көз алдына жиналды. Сол-ақ екен, тұлабойы түршігіп қоя берген. Әлдене
ауыр, қолайсыз түс көріп, содан шошып оянған кісіше, бір сәт, өз ақылына өзі иелік
ете алмай мең-зең қалды. Іле, келесі мезет бойына бұрын-соңды бітпеген бөлек бір
қуат, тың жігер құйған сықылданды: орнынан қалай тұрғаны беймәлім, әйтеуір,
есіктен атыла шығып, бірден, телефонның құлағына жармасты:
– Аға... аға... аға!– деп ентікті бұрынғы бір қамқоры есіне түскен композитор;
әлгі сөзді үш мәрте қайталаған шақта қос жанарынан ұят, өкініш жасы төгіліп-
төгіліп кетті. Иә, ол шын, екі көзімен бірдей жылап тұрды...

1976, 1977



216