т, білім – ең
керегі. Осы үш ұғымның үшеуін де ойлайды, үшеуіне де тәңірідей табынады,
өйткені, Кемелше, бұл үшеудің бірде-бірі Идаятқа дарымаған. Өзінде жоққа
табынбаса, қайдағы жоқты іздеп бас қатырмаса пенде – пенде бола ма, талант,
ақыл, білім, парасат төңірегінде біраз дауласқан соң екі достың бірі әннің әуенін
мандолға салды да екіншісі ыңылдап қосылып кетті.
11
Жолымбол Жарқынов түнімен төңбекшіп шықты. Құс жүніндегі ұсақ, ұлпа
қауырсын шөңгедей қадалды. Кабинетте, бас жағында жібек баулы қымбат торшері
бар жатаған тахтада, осы түнде ұйықтап жарыған жоқ. Бұрын Жолымбол орын
дайындап жүрген келіншегінің томпаң қаққан қимылына, жұқа, ақ пенеуардың
сыртынан сарғыштана көрінетін жұмыр, балғын денесіне сүйсіне қарап, тағдырына
риза күйде, бейжай, бақытты халге енетін. Өткен түнде ыза болды, тым қатты кетті:
құс төсекті жұмарлап ап, Ырымжанға құшақтатты да, есігінен итеріп шығарды,
сонсоң... ал, кеп төңбекші!
Кеше екеуі белгілі әншінің үйіне қонаққа барды. Шақырылған жұрт көп емес-ті:
Өзі, Жарқынов әйелімен, тағы біреу. Отырыс әсем-ақ басталған-ды. Бәрін бүлдірген
радио, бірінші программадан берілген концерт. Мұхит, Ақан, Әсет... кенет,
Садықжанов. Жас күштерді қолдау, тәрбиелеу жөн! Бірақ... Осыдан соң
композитор жүйелеп ойлай да алмады. Сезік, түйсігі қарадан-қарап түйіле, тарыла
берді. Ақыл, көңіл көзінің шалымы қысқарып, азайып бара жатты. Неге екенін
толғап, тексеруге қайрат-қабілеті жете тұра, құлқы соқпады.
Жолымбол, өнер иесі ретінде, талай мақтау естіді. Соңғы бес-он жылда заты
зиялы қауымның қаймағы – жазушылар, суретшілер, тіпті әкімшілік қауымы да
бұған ерекше ықыласты-тын. Сөйткен Жарқынов концерттен кейін көз көре
ортайып қалды. Жо-жоқ, ол кең адам, іштарлығы жоқ. Дұрысы, әділі керек.
Әсіресе, үй иесі әншінің жас талапкерді мақтауы тым ұзаққа сілтеп еді, Жолымбол
сыпайылап, алыстан бастады:
– О жігіт өзі қойшы болып па екен?
– Жәй сөз шығар. Әдетіміз бар емес пе, біреу қылт етсе қолдан өмірбаян
жасайтын. Талантты кісілеріміздің бірі... – Жарқынов тәрбиелі адам, ешқашан
өзгенің сөзін бөлмейтін, бұ жолы шыдай алмады. Оның үстіне ананың сөйлемі
немен бітетінін сезе қойды. Алдынала соған тағы бір қырсығып, түйрей сөйледі:
– Әндері әлуләйға ұқсаушы еді-ау. – Ду күлкі күткен, ол болмады. Әңгімеге
алданған азаматтар былай тұрсын, әншейінде жоқтан өзгеге күлетін әйелдерден де
ешкім езу тартпады. Жүздерінде өкіну, тіпті таңдану тұрды. Өзі де зорланып
күлгенді, тез басылды. Миығындағы күлкі сәулесі шашырап, тарамай, бұлтқа
батқан күндей кенет, кілт өшті, орынын ымырттың сұр, суық күлі басты. Бір
келіншек тамсанып-тамсанып тастап, таңдайын тақылдатты.
– Шіркін десейші, біздің қазақтың жігіттері өсіп келе жатыр ғой. Әлгі
Садықжановтың әндері бал татиды. Мен үйде ылғи әңгіме етіп отырам. Мақтан
етем, Мақтануға тұратын жігіттер...
Жолымбол аржағын естімеді, өз ойына шомды. Бейшара жұртсың-ау әйел,–
деп ойлады – қашан да басқаның, басқа біреудің есебінен мақтанасың.
– ...Мақтануға тұратын жігіттер халқымыздың ары, айбары ғой шіркін!
Оларды кілемде емес, креслода емес, алақанда ұстау жөн. Ондай адамдар тек көше
қуып, көңіл күйіттеп кетпесе болғаны,– деп әйел алдындағы ыдысқа қараған, үй
иесі орнынан атып тұрды:
– Ал, мынаны, жігіттер, біздің Мәкең сықылды ақылды қыздарымыздың ден
саулығы үшін ырымдап қоялық!
– Сіздердің тыңдағандарыңыз,– деді диктор,–қазақтың ән өнері туралы
музыкалы-әдеби хабар. Хабардың авторы... радио қыр-қыр етіп, үн үзіліп кетті.
Жолымбол әңгімені басқа тақырыпқа аударуға күш салған. Онысынан да
ештеңе өнбеді. Сөйтіп, Жарқынов бүкіл кеш бойы тыржыңдады да отырды. Тағы
бір ғажабы: оның қабақ-қасына көңіл бөлген ешкім болмады, қайта жанына батыру
үшін жұрт әдейі даурығатындай көрінді. Содан... ал кеп төңбекші! Бұ не?
Қызғаныш па? Жо-оқ, өйтіп қорламаңыз! Оқымаған надан, көкмұрын баланың
әләуләйін Жарқынов қайтсын! Ол үлкен адам! Қазақта симфония тудырған тұңғыш
композитор сол деуге қимасаң, екеуінің бірі де – қателеспейсің, жан баласы қарсы
да шықпайды. Міне сізге құдірет, атақ, даңқ! Бір ғана фамилияның өзі неге тұрады?
Композитор Жолымбол Жарқынов үшін Идаят па, қойшы ма, Садықжанов па,
композитор ма, келер-кетер түк жоқ, бәрібір. Әт-те-еең, көпшіліктің қараңғылығы-
ақ батады. Садықжановты әуесқой мелодист атаса – мейлі. Ал, қолақпандай ғып
композитор дегендері... бұл енді сұмдық! Елінің, ұлтының мәдениеті үшін болашақ
алдында жауап беретін азаматқа ауыр-ақ! Бетховен де композитор, Садықжанов та
композитор.
Ерлі-зайыпты екеуі үйге өкпелесіп қайтты. Келіншегі хақында қателесіпті.
Талай ақымақ әйелді білетін. Ырымжан олардың қай-қайсысынан да көш ілгері
сықылды еді. Бақса, бұл да – солардың бірі, айырмасы сырты ғана. Неден болсын
көңілі қатты қалған адам қорытынды, үкім жасауға асық қой, мәселен, өкшесін
бәтіңке қажаған кісі бар кінәні жиып-теріп дүкенге жабады, ол дүкеннен енді қайтып
шұлық алмасқа ант-су ішеді. Бір жігітке алданып қалған қыз еркек деген ит деп бір