ысты. Соны құттықтауды ұмытыпты.
Қысылғаны, ұялғаны сонша, анау талыс көкірегіндегі шыбын жанының
шырқыраған үні құлағына келді. Қап, қап! Кенет, ақыра қап, өз қатесінің неден, не
себептен кеткенін іздестірді. Тапты. Бақса, сол күні газет қарамапты.
Содан бері өзіне сын көзбен қарайды. Ал, осы кеште сол өмір қойған сыннан
қорытынды шығаруға бел буды: құштарлығы артты, музыка дүниесінің «газеті» –
Жолымбол Жарқынов сықылданды, Қазақстанда ең мықты композиторды реті
келіп тұрғанда біліп алғысы келді. Барлық газеттің Жарқынов сынды үні, даусы
болса ғой! Өзінен өзі сөйлеп кеп жөнелсе! Қанша адамның көз қуаты сақталар еді.
Көзілдіріктің де керегі жоқ, оған кеткен әйнекті құрылысқа жұмсаса! Хакең бір сәт
құрылыс жайын ойлап кеткен, Жолымбол иығын бір көтеріп тастап, басын
шайқады.
– Білмейім, ақсақал. Композиторлар одағында талай мүше бар. Әрқайсы
өзінше еңбектеніп жүр: Профессионал болу үшін «әләуләй» жеткіліксіз. Білім,
тәрбие деген секілді... сол деңгейді көтеруге баршамыз жұмылып жатырмыз.
«Әләуләйдің» мезгілі өткен. – Сөзге Соня килікті:
– Фю, ағай, сіз айтпасаңыз ең күшті композитордың кім екенін мен-ақ айтайын.
– Жарайды, мақұл,– деп Жарқынов қабағын шытты, жасы кіші кісінің орынсыз
қыстырылғанынан ба, әрі қарай сөйлей алмай тығылып қалды.
– Мен айтсам, ясно, ең күшті композитор Идаят ағай, жұрттың бәрі айтады.
Айтады, өзі жаман, осел! – деді Соня. Міне композитор Жолымбол Жарқыновтың
шиі осы арада шықты. Түнімен толғанып, не айтып, не қойғанын есіне түсіре
алмады. Соңғы кезде ұмытшақ-ақ. Әйтеуір қатты-қатты сөйледі, әлденені
отырғандарға ұғындырмақ, дәлелдемек болды. Кейін, кіді сөйлегені ақиқат, ондай
сөзде не қадір, не қасиет қалсын, айналадан қостау, қолдау тауып жарымады.
Соняға тиісті, тіпті ұрсып та жіберді, Соня ақыры, сыйлағаны шығар, не үшін
екенін өзі де жөнді түсінбеген кейіпте кешірім сұрады, сөйтіп әрең құтылды. Бұл
одан сайын ызаланды? Неге? Иті біле ме оны, әйтеуір, ызаланды, болған-біткені.
Ал, төңбекші! Ұстамының, парасатының молдығын сезінетінді. Сол ұстам, ақыл,
парасат сақтайтын қоймасы – көкірек бейшара, кенет, қақырап бос қалған
сияқтанды. Талай жылғы тәжірибесі мен білігі арқасында жинаған асылын бір
түнде жойып алды. Қайдағы бір қаныпезерлер қарақшылық қып тонап, шауып
кеткен тәрізді, көкірегі астан-кестен. Асыға қимылдаған әлдекімдердің әдепсіз, ылас
аяғынан қалған із секілді, өткен түн оқиғасы өкініш-күйінішін күшейткеннен өңге
ештеңе бермеді.
Таң алдында ғана көзі ілінген. Ояна кеп, сағатына қараса екі-ақ сағат
ұйықтапты. Оның өзі жөнді ұйқы емес, түсі мен өңі аралас шатақ-шалыс, сандырақ
бірдеңе. Біреу миын шағып алып, орнына ыстық қорғасын құйып кеткендей, басы
зіл-зіл, көтертпейді. Бұрын ертеңгі шәйді диван-тақтасында жатып, көлбеп ішетін.
Бүгін, ғұмырында тұңғыш мәрте, ас үйге кеп отырды. Екі кесе шәйді тырысып,
тыжырынып әрең түгесті. Тұрып бара жатып, әдетінше келіншегінің мықынын
қысып, еркелете жаздап, тиыла қойды: түндегі қуып шыққаны есіне түсті.
Кабинетіне кеп әрлі-берлі теңселіп, тағы жүрді. Түндегі шешімі: таңертең тұра
мақала жазбақ-ты. И. Садықжанов құсағандарды ептеп сынға алмақ еді.
Музыкасының, өзінің надандығы бар – түгел сөйлеп, бүгінгі, ертеңгі күн алдында
азаматтық борышын өтемек, арылмақ болған. Қазір ойласа – асығыс, тым ұшқалақ
шешім екен, қып-қызыл есуас жұрт, музыкалық білім, тәлімі жоқ көпшілік қалай
түсінер, қалай қарар? Жо-жоқ, Жолымбол ондай жолға аяқ баспайды, біледі,
түсінеді. Өзінің қадір-қасиетін, бел-беделін сезеді. Садықжанов деген кім?
Жарқыновтың мақаласында аты аталуға татитындай кісі ме?
Бірте-бірте сабасына қайта бастады. Қызметке ұстайтын жылтыр, жұқа
папкісінің сыртын алақанымен бір сипап өтіп, шертіп-шертіп қойды. Түнімен
төңбекшігенін, кейістігін, ашу-ызасын бәр-бәрін аздап ішкен коньяктың қызуына
аударып, кешіре, ұмыта салмақ-ты, тағы болмады. Түндегілердің алдында өзінің
сонша осалдық еткені, қайдағы бір қойшы баланың әләуләйіне бола қарайған сөз
шығарып, қызарақ қаққанын ұмыта алмады. Аналар не ойлады екен? Осалдығына,
шыдамсыздығына жаны күйді. Қалайда бір қателік етіп алғанын түсінді. Сөз жоқ,
ондай қателікті жасауға болады, тек басқалар жасасын, иә, басқалар. Жарқынов
емес. Әлдене ұят жерін көрсетіп алған кісіше, өз-өзінен қуыстана, қыпылдап жүрді,
бешпетін киді, плащын қарына іліп, манадан терезенің алдында күтіп тұрған ақ сұр
«Волгаға» кеп, артқы есігін ашты.
Мақала жазбауға, жазса Идаяттың атын атамай соғуға, тіпті, ол туралы
ешкімге тіс жарып, тіл қатпауға бекінді. Бірақ, бірдеңе істеу керек екенін тағы ұқты.
Музыка өнеріндегі «шала сауаттылыққа» қарсы айла тәсілдер ойлаған, соның
бірде-бірін қабылдамады. «Басқаша, басқаша» деп күбірлеп, кабинетіне енген.
Осыдан шамамен екі жұмадай өткенде музыка жан-күйерлерінің арасында
мынадай лақап тарады: Жолымбол Жарқынов мәдениет министрлігінен жас
композитор Идаят Садықжановқа жүз сом арнаулы стипендия әперіпті. Хабар аса
тез жайылды. Көп адам Жарқыновтың азаматтығына риза болды, Идаят үші