Айтыс кәзіргі әдебиет
пен өнер жайлы-тын, екеуінің де білем деген тақырыптары еді – ұзаққа созылды.
Манағы қара жігіт әлі бұрқырап отырған. Қаңылтыр бетті шығарып сап, қайта
оралған екеу бірден соның столына беттеді. Анау күліп қарсы алды. Қол ұсынып
сәлемдесті. Бірер өткір әзіл, орынды анекдот қыстырған сықылданды. Тәртіп
сақтаушы жігіттер сәлден соң қонақты жөндеп күте алмаған даяшының өзіне ұрсып,
кетіп қалысты.
Кемел, Идаяттың қыздарынан қалай айырылғандары естерінде жоқ, екеуі
дауласып-дауласып кеп, түн ортасы ауа Идаяттың бөлмесіне құлаған-ды.
Композитор Садықжановтың «Дон-Жуандық» сапары да осылай, бей-берекет
аяқталды.
* * *
Таңертең ұйқыдан ұялып оянды, Кемел киініп ап, езуінде шылым, бөлме ішінде
әрлі-берілі теңселіп жүрген, бетіне қарауға батпай біраз жатты. Кеше кешкі
уақиғаны бастан-аяқ жадына келтірмек-ті. Не болды өзі? Екі қызды ертіп ресторан
барды. Коньяк ішті. Джаз оркестрі – музыка, би. Әр столдан бұрқ етіп ақтарыла
ашылған жылы шампан. Түтін, сыра мен арақтың иісі, білектерін білеп, желпініскен
мастар. Тағы немене еді? Әйтеуір, Кемел екеуі есіктен керілдесіп шықты. Не үшін?
Бірте-бірте ойына орала бастады: шатақ Тайпақовтың өлеңдерінен, иә, дәп содан
өрбіпті. Тайпақов «Махаббат сазының» сөзін жазған ақын. «Қарындасым,
қарағым» атты әннің де өлеңі соныкі. Сол Тайпақовты Кемел жатып кеп сынады,
дәлелдері бұлтартпастай әділ, өткір. Бұл сырттай сыр бермесе де, ішінен қостап,
ұйып отырған. Қалай кермеғар келіп қалғанын білмейді. Бөтелкенің қырсығы да.
Жоқ, сау, есін жоғалтпаған тәрізді. Досының таныс даусы бірден құлағына
шалынды:
– Өнерде не көп – алаяқ көп. Олардан ешқашан ештеңе шыққан емес,
шықпайды. Өйткені, өз бастарымен түк істемейді.
– Енді кімнің басымен істейді?
– Сенің, менің, тағы басқалардың. Тайпақов айтқан бірде бір жаңа ой, жаңа
образды білесің бе? Әне, көрдің бе, білмейсің, неге білмейсің сен? Оқымайым дейсің
бе? Жо-оо, әкең, өтірік, оқисың сен, көп оқисың. Есіңде түгі қалмаған.
– Бар. Білем. Ішкесін ұмытып отырмын.
– Сөз болғаныңа. Ішкеніңді неге ұмытпайсың?
– Жолма-жол есімде жоқ. Ойлары әдемі.
– Ал, айта ғой, қандай ой? Тайпақовта ой бар деген кісі – нағыз оясыз. Ол
ешуақытта алға түспейді. Ылғи кім не айтар, қандай соны тақырып, соны теңеу
табар екен, соны бағады. Бір ақын қайыптан-тайып сәтті, шын мәніндегі соны бір
нәрсе жазды дегенше... байқамайсың ба, газет-журнал беттері вариациядан
көрінбей кетеді. Вариация, вариация, Бәрі, әкең, бездарность.
– Оған олар кінәлі емес.
– Әрине, кінәлі. Құдайдың бермеген өнерін қара сан боп қуғанша, тыныш
жатпай ма? Мәселен...
– Мәселен,– Идаят соңғы сөзді ананың аузынан жұлып әкетті,– мәселен, оның,
Тайпақовты айтам, «жабағы орман ұйысып» дегені әсем емес пе? Жаңа ма – жаңа,
өзінікі ме – өзінікі. Мұндай жолдар, сөз, образ тіркестері онда көп-ақ.
– Өй, білгеніңе болайын сенің! Өзің өстіп, арзан алданып отырсың. Қалған
жұрт қайтпек? Олар осындайды пайдаланады. Біздің шикілігіміздің,
надандығымыздың арқасында оңай нан табады, тһу, қалай дейсің? «Жабағы орман
ұйысып». Бұл да вариация, қараңғылық – иә, енді есіне түсті, Кемел осы арада
ызадан күлген. Сонсоң басын шайқап, кәдімгідей ренжіп, күйзеліп қалды, бір кезде
мұның көзіне тура қарап:
– Бұ да Тайпақовтікі емес,– деп бір-ақ қайырған-ды.
– Енді кімдікі?
– Осыдан бір жыл бұрын бір жас ақынның өлеңі шыққан. Жаңылмасам, сонда
мынадай жолдар болды: «ақ аспан төсегінде ай аунайды, жабысып жамбасына
жабағы бұлт». Кәзіргі поэзияның үлгісі, үздігі осы деуден аулақпын. Жақсы, жаман
де – бәрібір, сол ақынның өзі, өзіндік үні, қолтаңбасы танылатын сықылды еді.
Соны мынау қағып алған ғой.
– Түсінбедім. Бұлт пен орманның қандай қатысы бар? Екеуінің арасы
әжептәуір жер емес пе?
– Дәл солай, бірақ мұныңды Тайпақовтың өзіне айт.
– Жарайды, онда не тұр? Екеуінен мен ешқандай ұқсастық...
– Рас, сен көрмей отырсың. Екеуін ұқсастырып жатқан «жабағы» деген жалғыз
сөз, жалғыз ұғым. Айырмасы: алдыңғы ақын көріп, түйсініп айтқан, мына ақымақ,
ақын емес қой, ақын емес ол. Бұ да бір теңеу боп қалсын дегені. О теңеудің ұрлық
екенін жәй көз оқушы қайдан білсін! Міне, ол соған, оқушының сауатсыздығына
сенеді.
– Олай деме. Кәзіргі оқушы сауатты.
– Сыншылардың ойлап тапқан сандырағын таста.
– Неге ойлап табады?
– Өздерінің сауатсыздығын жасыру үшін.
– Қой, мынауың миға қонбайды.
– Миға асылдан гөрі арзан жақсы қонады. Мысалы, шаң, тозаң... Ар жағы
есінде қалмапты. Әйтеуір Кемелдің жанына бататын бірдеңелерді қатты-қатты
айтқанын біледі. Не сөйлегенін ұмытыпты. Бір көзін ғана ашып, досына бақылай,
қауыптене қарады: Кемел қаннен-қаперсіз, бөлменің ұзыны мен енін өлшеп
жүргендей бір қалыпты адымдайды. Бір келіп, мұның дәл, беті қарап жатқан
жағында, столда күлсалғыш тұрған, соған папиросының күлін шертіп түсіріп кетті.
Бұған көз қиығын да тастаған жоқ, шамасы, ой үстінде жүрсе керек. Ойы түндегі
жайында ма? Ол да, бәлкім, өткен уақиғаны тәптіштеп,