е ұмтылды. Кешқұрым уақыт-ты,
Қабекеңнің ирек-ирек мұрыны көрінгенде-ақ бұл орнынан атып тұрған-ды.
– Сені, інішекжан, сағынып келдім. – Осыны айта, босағада тұрған тақтай
орындыққа отыра берген.
– Сені, інішекжан, сағынғасын,– деп қайталады,– сені сағынғасын мына біреуді
жолдан қыстыра келгенім,– қане, құйып жібере ғой, алып тастайық.
Идаяттың жан-дүниесі, тұз құйғандай тызылдады. Қашан көрсең балағы
салақтап, бауы сүйретіліп жүретін осынау маскүнемді аяған жоқ, өзін аяды. Қанша
тозып, қанша таусылса да мынау – адам, әлі адам. Өзінше мұны жұбатпақ, көңілін
көтермек. Түрі анау. Зібайра кеткелі ештеңе сұраған емес, өзі әкеледі, өзі ұсынады.
Түсінгендегісі. Тұла бойын арақ уы жайлағанмен, жүрегі сау. Әлі де аяйды, әлі де
елжірей алады. Өзіне жетпей жатқан жақсылықты өзгеге жасамақ. «Ей-ей,
бейшара!» дей жаздап барып, әзер тоқтады. Енді бір мезетте қайта толқыды, қайта
ойланды. Дәл бұл арада Қабекең мен өзінің қайсысы бейшара? Қайсысын аяу
керек? Осыған көзі жетпеді. Сырттан қарағанда бейшара – Қабекең. «Сүтке тиген
күшіктей». Бүкіл болмысында мұрын сүртер таза жер жоқ. Алқа-салқа, ылым-
сылым. Бұл болса, есімі ел аузында, композитор. Машина қатынамайтын қыр
қойшысынан бастап ақ басты академикке шейінгі аралықта қаншама жұрт бар! Бәрі
мұның аты-жөнін біледі. Әйелінен айырылысқаны ма? Тфу, со да сөз бопты!
Осындай азаматқа жар болуға жарамаған кісі кімге өкпелейді? Өзінен көрсін! Ертең
тағы біреуін алады. Нақ осы тұста Садықжановтың жүрегі шымырлап кетті. Тағы
бір қателессе – тағы бір Зібайра дайын! О, құдіреті күшті қу тірлік! Енді
қателескенде мұның несі қалады?! Ойынша Зібайра біреу емес. Ендеше екеуде емес,
үшеу, төртеу, он... көп.
Бір адамға өкпелеп, соны айыптау үстінде тым обал, тіпті қиянат, қылмысты ой
ойлап бара жатқанын жастығы, өмір көрмеген асау-соқырлығы білгізбеді. Ол бала
жайлы қатты ойланатын. Әсіресе, былтыр елге барып қайтқалы. Бір жапырақ ескі
шүберек-жөргекті кәрі саусақтарымен қалтырай қысып, кемсең қаққан қарт анасы
көз алдынан кетпейді. Жаңа ғана ерінін сүрткен парақ қағаз уысында-тын, уқалап,
мыжып-мыжып тастады. Ойы Қасибаға ауысты. Оны әу бастан жеңіл мінезді жан
санаған. Басқаша пайымдау мүмкін де емес-ті. Тұла бойы толы жасандылық, ылғи
түрленіп-түлейді де жүреді. Күлкісі мен көзі-ақ жар салып бітті. Әсіресе көзі.
Еркекке қарағанда ет көрген аш мысықтың көзіндей жанып кетеді. Әлде бұған
солай танылды ма, әйтеуір, осы әйелден өз көкірегіне ғана мәлім арзан, лас үміт
етіп еді. Ақыры ұялыс тауып тынды. Келіншек күтпеген жерден кекселік жасады,
кимағансып отырып, қиын-қиын сөз тастады, сонсоң тағы да дәмелендіре,
қайнаңдай жұбатып, тайып тұрды, қайтып жолаған жоқ. Енді сол көрші, дәмдес
адамына қас сағынған қара, бықпырт пиғылы есіне келгенде шекесі тершиді. Ол
ауланың Қабекесінен бастап. Дозорына шейін мұның іш-түкпірін танып, сезіп
қойғандай, қарадан-қарап қысылады. Қазір композитордың адалдығына ешкім –
Кемел де иланбайтын тәрізді көрінгенде көкірегі ұлып қоя берді. Неткен шым-
шытырық дүние!
– Мен кетейін, інішек-жан. Алып қой анауыңды, Қасиба көріп қалар. – Бұл
мырс-мырс етіп сыңар танауымен күлді: Қасибаң құрысын сенің! Бұ кезде есікке
беттеген Қабекеңнің желкесіне назары түсті: шұңқырына бір кесе су құйғандай екен.
Соңынан тұра ұмтылды.
– Қабеке, тоқтаңыз, мынаны бітірейік.
– Өзіңді сағынып келіп ем. Көптен үйде болмай,– деп міңгірледі. Осы сәт, кенет,
Идаяттың Қабекеңді құлақ-шекеден қонжитқысы келді. Анау шығып кеткесін ғана:
осынша жақсы адам болуға бола ма екен?!– деп күбірледі.
Құлағына Қасибаның даусы келді: Ойбай, байғұс Қабеке-ау, сандырақтап
қалғанбысың? Төсегің орнында, тегі әкем, қисая ғой.
«Дон-Жуанды» оқыған-ды. Сондағы сайқал еркектің бейнесі әлі жадында.
Бірден-ақ жек көріп, безініп қалған. Бүгін со жігіт жанына жақын, ыстық тартты.
Неге? Нағыз алаяқ, сұрқияның өзі емес пе еді? Суайттығымен көкірегі қуыс пенде
тұрмақ, тас мүсінді, тастың өзін түсірген сұм! Оның алдында қара тас та шыдай
алмапты. Сөзі есінде жоқ, есесіне, бүкіл болмыс-бейнесі көз алдында. Енді ойласа,
ол күйікті күлкімен жеңуге күштенген өр жан екен. Ойнап жүріп қаталдық етті.
Ешқайсысын аямады. Аяуға татитындары болмағаны да. Қарап отырып, Дон-
Жуанның іс-қылығына сүйсінді. Әйел халқынан бүкіл еркек атаулының есесін сол
алған сияқтанды. Бұлай ойлау осалдық екенін де мойындады. Бірақ онысынан
ұялған жоқ. Құлағына тағы да Қасибаның даусы келді:
– Қолыңды жу, анау не кір-кір.
Идаят көз алдына Дон-Жуан мен Қабекеңді қатар елестетті. Екеуі де күресті,
екеуі де жеңілді. Екеуін де жеңген өмір, кәдімгі болмыс. Айырмасы: бірі жеңілгенін
көргісі, ұққысы келмей жеңілді, екіншісі бірден мойынсұнды. Жеңілгесін, мойында,
мойындама – бәрі-бір емес пе? Жо-оқ, қайдан бәрібір болады? Адам құсап
жеңілудің өзі жеңіс!
Ғинаят ағасының сөзі есіне қайта оралды: Біз қай бір басқа жарыған атаның
баласымыз?! Сірә, дәл осылай айтқан сықылды. Басқа жарығанда нені, кімді қарық
қылмақ болды? Бастан не пайда? Ал, жарыдың, ал