-
ақ кеседі.
– Ғажжап композитор. Жөкең айта береді. – Толы кісінің көзінше естіген
сөзі. Мықтап батты. Ана бетінің толықтығына, бүйректігіне сай емес жұп-жұқа
ерінімен жып еткізді. Басқа біреудің аузынан шықса – кешірер еді.
Жарқыновтың жанын жеген бәрінен бұрын сол, «Жөкең айта береді» деген сөз.
Неге айта береді. Ақымақ қана айта береді. Ақылды адам, соның ішінде өзі,
Жолымбол, айта бермес болар! Осылай ойлағанда қабақ-қасы еріксіз жиырылып
кетті. Ертең кеңсесіне алып кететін қағаздарын іріктеп, папкіге салып отырған, бір
парақты қатты бүріп ұстағаны сонша – жыртып алды. Әйеліне сыпайы кінә тағар
сылтау іздестіре, кабинетінде ерсілі-қарсылы адымдап, бұрыш-бұрышқа үңілді,
шашылған дәнеңе жоқ. Пианиноның қақпағын ұзына бойға алақанымен бір
сыпырып, көзіне таңады, ештеңе жұқпапты, қайтадан қақпаққа қарады – қол ізі
қалмаған, демек, бүгін де сүртілген. Өстіп тұрғанда күтпеген жерден табыла қойды:
тахтаның үстіне құс төсек салғаны несі?!
– Әкет, Ырымжан, мені не, қағанақ деп пе ең! – Келіншегі мұны күтпеген,
ләм-мимсіз шықты. «Әкет, Ырымжан». Осы сөзді айту үшін қанша сылтау іздеді?!
Шылым тартпайды. Ертеңгі күтпейтін қауырт шаруамен келетін артистка
келіншектер үшін алып қойылған жалғыз қорап шіл-аяқ сигарет болатын, соның
бір талын суырып, езуіне қыстырды. Үш тал сіріңкемен әзер тұтатты. Қонаққа
сирек баратын-ды. Көбіне сылтаурап құтылатын. Бұ жолы ұялып еді. Шақырып
отырған белгілі әнші, жасы да үлкен. Жалғыз қызының туған күні. Қыз кешігіп,
қонақтар ас жеп болғасын келді.
Кеште көрген адамдардың жүзі көз алдында. Сәтінде мән бермеген, жөндеп
қарамаған кішкене детальдардың өзі тіріліп, ұлғая, басқаша астар, мағына ала
бастады. Кім не айтты, не қойды – бәрі құлағында, дүң-дүң, дүңгір-дүңгір. Толып
жатқан сұрақтар, жауаптар берілді. Бәрі көп сөйледі, көп күлді. Әңгімеге бастан
араласпаған жалғыз әлгі, әкім кісі. Ас соңындағы шәйда ол да көңілденді:
– Жөке,– деді Жарқыновқа бұрылып,– жасың кіші болғанмен искусство
адамын сыйлаймыз ғой, былай, келін бала «Жөке» дейді екен, мен де сөйтейін, айып
етпесең, халық, көпшілік шешетін іс қой, сонда да мен өзім сіздің
шығармаларыңызды қатты сыйлайтын кісімін,– осы арада композитор анаған бүкіл
көкірегімен иіліп, ризашылық ишарасын жасады,– мына жеңгеңіз біледі. Сізді бүкіл
Қазақстан сыйлайды, айып етпесең, қазір, күні бүгін ең күшті композитор кім деп
білесің? Сізге сенеміз енді,– осы сөздерді айта, үлкен адам қойған сауалының
орындылығына, көпшілік көңіліндегі сұрақ екеніне нық сенген шырайда сыздай
қалды. Қалған екі еркек, үш әйел, бір қыз Жарқыновтың аузына түгел анталады.
Суық күні бітеу қораның аузына қой осылай топылатын. Композитор тамағын
кенеп, жымың етті.
– Ақсақал, қазіргі ең мықты композитор мен өзіммін десем ғой, сенбейсіз, а? –
Бүкіл отырыс бойында, енді ойласа, тауып айтқан жалғыз сөзі, жұрт ду күлді.
Сүйсіне күлді. Осыны есіне алғанда Жәкең қолын еріксіз тарақтап-тарақтап жіберді.
Жаңағы сұрақ қойған кісі қызмет дәрежесіне сай, есті адам-тын. Бірақ өзі
басқарып отырған саладан көп ештеңе түсініп, біле бермейді. Білмекке құштарлығы
одан да аз, бірдеңе ұғу, ұғыну деген жұмыс үстінде өзінен-өзі келеді. Қызығы: сол
білген, ұққан адамдарды басқару, соларға билік кесу. Хакеңнің кеңсе ісіндегі көп
жылдық тәжірибесі осыны растайды. Ғұмыр бойы әлде несін жоғалтып алғандай
кітап тінтіп, қағаз ақтарып жүрген жолдас-жораларына таңы бар. Бір бүйірімен
оларды аяйды да. «Ей, бейшаралар-ай!» дегенде, қоңқақ мұрыны әнтек көтеріліп,
түйенің табанындай жалпақ, бұж-бұж иегі соның артынан кетеді. Кітаптан ақыл
іздеген адам – қай бір жетіскендіктен іздейді? Жетіп тұрса кім не іздер. Қағаздан
алған талшық – қасыңнан көрген жақсылықпен тең, артында сұрауы бар –
пәлесінен аулақ. Осы жасқа келгенде, бірінші курстың студенті құсап, бармағының
басын жалап, кітап ақтарар жайы жоқ! Рас, газет... О, ол басқа мәселе! Қол тигенде
қарауға болады. Дүниеде не болып жатыр? Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы
жоспарды қалай орындады? Мұны Хакең білуге тиіс. Өмір солай (жизнь такова),
уақыттан қалуға болмайды. Газеттің бүгінгі санын жіберіп алсаң – ертең жоқ, ертең
ол санды ешкім қайта баспайды, ертеңнің өз жаңалығы өзіне басқа. Ол осыны берік
ұстанады.
Өзі ірі жұмысқа ерте араласты. Папка, кресло иелерінен танымайтыны кемде-
кем. Содан, қай уақытта да қамқорлығы қара басынан асып төгіліп жатты.
Алғашқы кадры өскен соң-ақ шау тарта бастады. Қызметінің дәрежесінен де шығар,
жиналыста сөйлейтін сөзін қолымен жазған кезі жоқ еді. Мұның бәрін қоғамға еткен
еңбегім, бергенім санайды. Бергені ме, алғаны ма?
Хакең өмірі қия басып, қателеспеген жан, сондықтан өкініші, әттеген-айы
болған емес-ті. Осыдан екі ай бұрын қатты өкінді. Шешесі де қол тигізбеген санын
шаршы, быртық алақанымен салып-салып қалды: қап-қап-қап! Сонсоң таңдайын
қақты. Себебі, дәл со күні сауда саласының бір мықтысы Б. Б. жолдас «сауда-
саттық ісін өркендетуде көп жылдар бойы мінсіз атқарған қызметі үшін және
жасының алпысқа толуына байлан