түскеннен жанының жай таппайтынын осы арада тағы ұқты. Сондықтан ой атты
тұңғиықтың бетіне қалтқыша қалқып шықты да отырды. Барынша жеңіл, саяз
ойлауға тырысты: «жизнь такова». Бұл өз басы бәр-бәрін түртіп, тексеріп, әлдене
шындықты табар, ашар еді, онымен кімді ақылды ете алады?! Өйтсе, құр бас
ауыртқаннан не түседі? Бұл ойлағанмен басқалар ойлана ма? Мұнысы өзін, өзінің
ақыл-ой, өнер-қайрат қабілетін өзгеден артық, жоғары қою пиғылының басы-тын.
Кейін дәл осы өзімшілдіктен қанша жапа шегерін о күні ойламаған-ды.
Сонсоң, ғұмыры үйленбеуге, үйленсе жақсы жар табуға бекінді. Ертеңнен
бастап Дон-Жуан саяхатына аттануға көңіл ғып, жеңілейе күрсінді де, шылымын
тұтатты.
Ертеңіне кеште Кемел екеуі ресторанда отырды.
– Ал, не ішеміз? Сухой ма? – Екі қыздың бірі тыржың етті:
– Фюуу! Соны да меню деп.
– Фюуу!– деді екіншісі. Алдында көбелек қанатындай селтиген алжапқышы бар
даяшы дігір қағады.
– Қазір, қазір қарындас.
– Мен саған қарындас емеспін! – Сөйдеді де, столда жатқан «дастарқан
мәзірін» жұлып ап, қайта лақтырды. Сосын етегінің артқы жырығынан тақымын
жарқылдата, басқа столға өтті. Бұлар даяшының әлгі қылығына таңданып
үлгергенше, дәптерін беліне қыстырған үйелмендей тағы біреу келді. Ол:
– Қане, жігіттер, тезірек сөйлеңдер,– деп, қарындашын сумаңдатты. Идаят
«менюді» ысырып тастады:
– Бір шөлмек шампан! – Сасқанда аузына түскені. Бір қыз:
– Фюуу!– деді.
– Фюуу!– деді екіншісі. Қыздарға ақ арақ ұсынудың, әсіресе ресторанда
қолайсыз екенін екі жігіт қалталарымен сезген. Әйткенмен, амал жоқ, намысқа
тырысты, екеуі қатарласа:
– Коньяк!
– Коньяк!– десті. Даяшы әйелдің ажары кіріп қалды. Аумақты, ақ етіне болар-
болмас қызыл жүгірген қоңыр көздерінің түбінде күлкіге ұқсас жып-жылы бірдеңе
пайда болған-ды. Келесі минутте ас үйге қарай бұлтаңдап бара жатты.
Екі қыз да жадырап жүре берді. Іле өз жүздерінен өздері сезіктеніп,
қабақтарын түйе қойды.
Содан даяшы хрусталь бокал, рюмкаларды алдарына сыңғырата жайып,
шөлмектің тығынын ашқанша түгел үнсіз қалысқан.
Ыдысқа алғаш тамған ішімдік те бір түрлі сиқыр үн тарата, хрустальдың өзі
құсап сыңғырай құйылған сықылданды. Бүгінгі қауымға тән «тост» атты сырқаумен
осы отырғандардың ешқайсысы ауырмайтын. Сондықтан ішу салтанаты
қағыстырылған рюмкалардың сыңғырын қызықтаумен тынды.
Ыстық ас келгенше бөтелке босап үлгерді. Қыздардың бірі екіншісіне қарап
сыңғыр етті:
– Ағайлардың көздері бұлдырап қапты.
– Официантка, бір бөтелке коньяк!
– Идаят ағайдың әндері қандай. Шіркін-ай!
– Да-да, все грустные такие.
– Пашкі сигарет болса.
– Қайсысы керек, қызым?
– ВТ.
– Кемел аға, анекдот айтыңызшы. – Арғы столдан жеңін иығы үстіне шейін
түрінген, білек-қары баттасқан жүн, еңгезердей біреу атып тұрып, қайта отырды.
Жұдырығымен столды қойып-қойып қап, айқай салды:
– Обман! Кощунство! Бесстыжие! – Қарсысында тұрған шолақ етек, одан да
шолақ алжапқышы бар титтей қыз шырылдап, әлденені дәлелдемек болады. Анау
тыңдар емес, әбден жынына мініп алған. Онан сайын еліріп, гүж-гүж етеді.
– Дабай, Забзала суда, слушай, что это такое?
– Жігіттердің осынысы-ақ,– деп бір қыз Кемел мен Идаятқа кезек-кезек көз
жүгіртіп өтті, сонсоң бұларға естірте, дақпа-дақтап, құрбысына айтпақ сөзін
жалғастырды,– еркектердің осынысы-ақ ұнамайды, кәпір. Бүйтіп жанжал
шығаратыны бар, көпшілік жерге неге келеді?
– Даяшы артық есептеп қойған.
– Фюуу, қанша артық дейсің. Жүз сом емес шығар.
– Анекдот деген көп. Көбін қыздарға айтуға болмайды.
– А, сіз болатынын айтыңыз.
Үш-төрт жерге ілінген вертолет-желдеткіштер жанталаса зырылдайды. Шылым
түтіні мен тер иісі мүңкіп тұр. Жұрт тығыз. Төбеден жанған шамдар сәулесі әйнек-
қабырғаларға қиғаш түсіп, тайып жатыр. Стол-столдың арасымен поднос көтерген
даяшылар қалқиды. Әр дастарқанның жанында бір-бірден, екі-екіден аңдып тұрған
адам. Әр орынды қарауылдайды, босаған әр орынға топ-тобымен ұмтылысады.
Орындығы, алдында асы бар кісі қайдан асықсын, жайбарақат. Түрегеп тұрғандар
оларға кәдімгі ата жауларына қарағандай мейірімсіз көз тастайды. Біраздан соң
өздері де дәп солар құсап, жұмсақ креслоларға көлбеп алады. Бірақ өзгенің
көлбегенінен өз көлбегенің артық, содан да іштарлық туады. Бір топ кісі шеткі,
алты орындық столдағыларға тарына, кіжіне назар салады. Бірі иегін солай қарай
көтеріп:
– Әне біреудің отырысын, құдды, көкесінің үйіне келгендей,– деп күңкілдеді.
– Өзі нағыз даңғой болу керек.
Осыны айтқан дүр қара теріс айналып, шырт түкірді. Біразының мойыны
жаңағы жанжалды столға қарай қисайып қалған. Көбінің өз қызықтары өздерінде,
қырқ-жырқ күлкі, сөз. Екі қыз, екі жігіт отырған көрші столдан шампан атылды.
Шампан ашқан қыл мойын, қоян-иек, қоңыр-торы жігіт, көрдіңдер ме, міне, мен
шампан ашып отырмын жомарттығымнан деген кісіше, жағалай масаттана, бір
омыраулап шықты. Жанындағылар күлкілері келмесе де, қарқылдап, тырқылдап
оңып қалды.
Идаяттың қар