қарағанда қонақ ұзақ отырмақ.
– Ағаң екеуіңше іше алмаймын. Үстіп аздап-аздап болмаса... Ерінін шүйіріп,
жиіркене отырып ішті. Аузын баса қойған, көзі жасаурап қоя берді. Сол жақ
қабағына түсіп тұрған бір шөкім шашы бұйралана селкілдеді, құлағындағы алтын,
ай-сырғасы жылт-жылт етті. Идаят стақандағыны бір-ақ жұтып, қатқан нан түйірін
иіскеп-иіскеп алған, Қасиба отырыстың ерсілігін енді ұққан кейіпте, жуып-шайды.
– Сен жалғыз қалғасын, әкем, шыдамай келгенім ғой, әйтпесе мен ішпеймін,–
деді.
– Рақмет, жеңеше!
Зібайраны апарып сап келген күні ерлі-зайыпты екеуі кіріп шыққан-ды.
Қабекең қайғыра, өкіне жұбатқанда, Қасиба табалаған сықылданды. «Е, дұрыс, тегі
әйелді ұстай алмаған еркек, өстіп ертерек құтылғаны жөн. Келін қайдан тұрсын.
Айнаға қарамайды дейсің бе? Өзіңе де қайным, обал жоқ, әзіл ғой, ренжіп қалма».
Содан кейін келіп отырғаны. Алабажақ, өңге түсінің бәрін қызылы жеңген қалың
жібексоқ халат, шашақты ақ жібек орамалды иығына бос жаба салыпты. Торсиған
екі омырауы өңірін екі жаққа керіп, ашып жіберген. Төс шеміршектің басына дейін
жалаңаш, толық. Жауырынына сырғып кеткен орамалының екі ұшын қайырып
әкеліп жапқан болады. Қайта ашылады, қайта жабады, қайта ашылады. Аяғында
шұлық жоқ, кебіс қана.
– Консерваторияда қатын көп дейді, рас па?
– Қыз деңіз, бар.
– Өзің қаншасына өтірік айттың?
– Біріне де.
– Мұныңды, әкем, алғаныңа айтарсың.
– Рас, жеңеше.
– Мейлі, кел, алып қояйық! – Стақандар алдыңғыдан гөрі жақынырақ,
көңілдірек сыңғырады. Қасибаның екі бетінің ұшы шым қызарды да өше қалды.
– Көктем де шығып келеді.
– Иә.
– Ие-һе-һе-һе.
– Імм.
– Жарайды, құрысын, жыланбай-ақ қой, ұрғашы табылар.
– Өткен – өтті.
– Айналайын еркектер-ай, беттерің бүлк етпейді-ау.
– Сіз еркек атаулының бәрін бір жіпке тізбеңіз.
– Бәрі емес.
– Қаншасы?
Қасиба сыңқылдап кеп күлді. Идаят ұша тұра кеп, терезе алдында пәлен күннен
ұсталмай, шаңға бөгіп жатқан мандолға жармасты.
– Сіздің күлкіңіз міне, мынадай.
– Сонда не әкем, жақсы болғаны ма, жаман болғаны ма?
– Күлкіңіз күй секілді.
– Рақмет!
– Сым ішекке үйлесе кетеді.
– Ие-һе-һе-һе.
– Міне, тағы да.
– Бұрынғы күйеуім маған ән салғызатын.
– Әй, бәсе.
– Адам аяғандай боп қиылып қарайтын,
– Жүзіңізге ме?
– Тамсанып, таңданып, басын шайқап тегі...
Идаят әйелдің ақ жұмыр тізесіне қарап қалған. Анау, өзінше қымтанған,
жабынған боп, аша түсті, аңғармағансып, әңгімесін әрі жалғады:
– Тегі, өле жаздап тыңдайды.
– ?
– Мені ылғи жаңа көріп отырғандай еді.
– Қабекең ән тыңдамай ма?
– Иегін таянып алады.
– Қабекең қайтеді!
– Кірпігін қақпай. Көзі қандай әдемі еді оның! Бұл жаңағы сұрағын бес мәрте
қайталағанда барып, Қасиба бұрынғы күйеуі жәйлі сөзін әрең доғарды. Қызара
бөртіп, әбден бабына келіп алған-ды. Кенет, мұның бетіне осы сені қайдан көрдім
деген кісіше таңдана, аңтарыла қарап, бір сәт отырды. Сонсоң ғұмыры әжім түсуі
мүмкін емес, табиғаттың өзі іркілетін артық тері қалдырмай, мейлінше керіп
жасаған тар қабағын сәл шытып тастап, аузын ашты:
– Аа-аа?
– Қабекең ән тыңдамай ма деймін.
– Иә, арақ ішеді. Әнді қайтеді ол?
Кемелдің әсері ме, әлде басқа ма – күйеуін жамандайтын жаулықтыны бұ да
жек көретін. Неге екені белгісіз, мына жолы келіншекті айыптағысы келмеді. Қайта
құпия бір ризашылық, қанағат тапқан сияқтанды. Ең керектісі: мұнысын өзі шет,
ерсі санаған жоқ.
Көрші бөлмеден шар етіп жылаған баланың даусы естілді. Шынжыр
сыңғырады, артынша ит үрді. Идаят Қасибаның тапырлай басып үйіне кіргенін,
жоғарғы шамды қалай жаққанына шейін естіп, шамалап отыр. Көкірек сезімін
қашаннан кәнігі таныс желік жайлап бара жатқан. Тамырын кернеген қан лүпілінде
бір түрлі жұмбақ, үміт пен күдік, қуаныш пен ұят араласқан, бірақ, жұмсақ, тәтті
діріл бар-ды. Дереу сол суып, басылып қалды. Қызған ақыл-есті баланың
жылағаны мен иттің үргені су сепкендей ғылды. Жанынан әлденендей өкініш, күйік-
ыза таныды. Түйіліп келген бұлтынан тамшы татырмай дауыл айдап шыққанда
қара жер қайтушы еді? Жасып, қартайып қалушы еді ғой? Мұның да сезім күйі дәл
сондай, бұлтын дауыл сыпырған жердей шаңытып жүре берді.
Бөтелке түбінде екі елідей сұйық қалған-ды. Ол шам жарығында бейбіт,
бейкүнә мөлдірейді. Қай жағынан қарасаң да тұп-тұнық. Тазалығына, пәктігіне
қалтқысыз сендіреді. Қашан жұтып жібергенше осы қалпінен аумайды. Тартып
қалсаң сұйық жалын іспетті, өңеш өртейді. Мұнша тұнық, мұнша момақан зат ақыл-
ойды қалай лайлайды?!
Қасиба үлкен ақ мысықты қолтықтай көтеріп, тағы да сөйлей енді:
– Әкем-ау, тегі, мына ит қағынып...
– Мысық деңіз.
– Ұйықтап жатқан баланың үстіне қарғыпты.
Ертесіне Идаят сабаққа бара жатып күндегіше, Дозордың тұмсығына қолын
созған, ит арс етті...
Қабекең он күн өткен соң оралды. Итінің басынан сипап, Раушанның мұрнын
бір шертті, Қасибаға иек қақты да, Идаяттың есігін