бірақ өткір, дәл сөздер. Әйтсе де, несі бар екені белгісіз, әйтеуір әлі де бір
жерін, бір мағынасын түсініп жетпеген кісіше қайта-қайта оқи бергісі келеді. Хат
бойында жасырын қуат, көрінбейтін магнит бардай, соған кішкене, қиқым ой-сезімі
темір ұнтағы құсап тартылды да отырды. Енді оқымаспын деп қойған жерінен
әлденеше мәрте қайта суырып, қайта үңілді. Аңқау сөз мәнді, астарлы көріне ме –
әсерінен арыла алмады. Екінші күн, сабаққа барған жоқ. Ештеңеге зауқы соқпады.
Домбырасының сырғып кеткен пернесін қайта байлауды мана ойлаған. Сол
домбыра сүйеулі бұрышқа қарап-қарап қойып, әлі отыр.
Бұл үшін көңіл тоқтығы – істі бітіруде емес, сол істі бітіре алатынына нық
сеніп, қайқайып қарап жүргенде секілді, домбыраны ұстаса болды – перненің
байланарына сенімі мол, соған ырза. Қазыр-ақ қатырып байлар еді, әйтсе ертең не
істейді? Бір парақ нота қағазының дәл ортасына әлдене дыбыстарды тез-тез
таңбалады, сонсоң қабағын шытып, күрсініп алды, қағазға қайта қарады. Беттің
ақырына жеткенше көп бар, бастағасын толтыру керек, оған қайдан шыдасын!
Парақты стол шетіне сырғытып, үстіне газет тастады: жаңағы жазылған ноталарын
көргісі келмеді, көрсе – әрі қарай жалғастырып кетуі кәдік. Көкірегінің қиян бір
түкпірі содан қауыптенетін сықылды.
Зібайрадан құтылса жұмысты тындырып-ақ салатын көрінген. Керісінше
шықты: ол кеткелі не екі жол әуен, не екі бет кітап оқи алмады. Тартпайды.
Әлденеге үйреніп қапты. Әлдекімді күтеді. Есік пен терезеге алаң-құлаң қараумен
уақыт өтеді. Кемелден бөтен ешкім табалдырық аттаған емес. Қабекең екі жұмадан
бері үйіне келмей жүр. Әлсін-әлсін атып тұрады: әлде не тысыр етсе есік
қағылғандай болады. Айнала, аулада күні бойы дыбыс сембейді. Тырыс-тырыс,
тықыр-тықыр. Үн неткен көп еді! Бұрын неғып аңғармаған?! Ауадағы кез-келген
дірілге шейін бұған аяқ дыбысы, адам үні боп шалынады. Қала шетінде машинаның
сирек жүретіні-ақ жаман. Сол, оқта-текте ажылдап өтетін ауыр жүк
машиналарының гүрілінде де түсініксіз үйлесім, музыка бар сықылды-тын. Ол да
бүгіндері сиреп кетті. Таң атқалы, санап еді, қиқы-жиқы ойдың көптігінен шығар,
жаңылып қапты, бесеу ме, алтау ма, әйтеуір аз.
Кемел кеше кеп кеткен. Содан бері жыл өтті. Досының қоштасардағы сөзі әлі
құлағында:
– Жоқсың, өлі ме, тірі ме деп...– соңын ауладан шыға беріп айтты,– келіп ем.
Ертең оркестр, қалма! – Жат, қон деп осынша жармасқан, көнбеді: менің сені
бағудан басқа шаруам жоқ па, мен де адаммын, қыз-қырқын дегендей. – Мұны
Кемелдің де түсінбегені ғой? Хал-күйді жақсы біледі. Сөйте тұрып жалғыз
қалдырды. Әлде әйелден айырылысу – пәлендей қасірет емес пе екен? – Бәлкім,
бақыт болар? Әй, қайдам...
Сабаққа қатысуға көңілі бұрмаса да, көшеге шыққысы-ақ келеді. Бірақ,
құжынаған жұрт – көзден қашады. Таныс, бейтаныс, кез-келгені мұны нұсқап,
саусағын шошайтатын секілді: қараңдар ананы, түк көрмегендей моп-момақан! Жас
дейсіңдер ме! Жо, жо-оқ! Қайдағы жастық! Ол кеше ғана қатын шығарды. Қатын,
естисіңдер ме, қатын жіберген адам, ұятсыз, жүрісін көрдіңдер ме? Маңдайына
шым-шым суық тер тепті. Анау қатын шығарған, қатын! Жақсы кісіден жар кете ме!
Осы сөзді құбыла жақтағы ақ жаулықты шыңдар қақпақыл ғып, бірінен-бірі қағып
ап, қайталап жатқандай сезілді. Аула күңгірт тартқан. Кенет бұталар шулап қоя
берді: ыс-пыс, пыш-пыш. Шие ағашының бірнешеуі қатарынан бұған қарап
саусақтарын шошайтып, тұра-тұра қалысты: ыс-ыс, пыс-пыс. Әлдене ысылдай
қаусырылып, алқымын сығып барады.
Ұша тұра кеп электр плиткаға шәй қойды. Бүгін осымен нешінші...
Ешқайсысын іше алмады. Кесеге құйылған күйі, суып қап жатты. Үй болғалы
құралған үш кесе бар-ды, қазір үшеуі де шайға толы, үшеуі де суық, үшеуі де күп-
күрең. Біреуін ғана босатты.
Қызығы, ыдыс-аяқтың бәрі үш-үштен екен. Үш қасық, үш шанышқы, үш
стакан, үш кесе. Біреу сыйға әкелсін, өздері сатып алсын – үшеуден келіп
отырыпты. Не екеу, не төртеу емес. Идаят бұрын мұндай ұсақ-түйекке мән
бермейтін. Жалғыз қалғалы қиқым, терме боп кетті. Расында неге үшеу?
Кездейсоқтық па? Жо-оқ. Зібайра екеуінен бөтен тағы біреудің болғаны да! Мынау
үшінші сол, соның шанышқысы, соның кесесі, қасығы, аяғы. Жүрегі мұздап жүре
берді. Бөлмедегі әрбір үшінші ыдысқа жиіркене, кектене көз тастады. Осы сәтте
оған дүниедегі бүкіл қырсық, бақытсыздық атаулының бәрі, сол үшіншіден, үшінші
ыдыстан шығатындай көрінді. Жалма-жан столдан бір кесе, бір стаканды жұлып ап,
терезеге ұмтылды – жабық; қайта кеп, қолындағысын босағадағы қоқыр салатын
шелекке салдыр еткізді де, тез бұрылып кетті...
Сол түн-ақ көңілінен өшпей қойды. Қалай ойласа, қай бағытқа жүрсе де
алдынан – түн шығады, қап-қара түн – терезе әйнегінің пердесіз, жалаңаш
маңдайына жатып алды. Мұның өз ғұмырында өткерген ең ұзақ, ауыр түні.
Таңертеңнен кешке дейін күтті, келмеді. Таң атқанша күтті, келмеді. Тарыға, тарына
тосқаны... түн. «Күткенің мен болсам, ал, келдім, көр, асықпай қызықта, рахаттана
азаптан!» деген сықылды бетінде ақ жұлдызы, бедері жоқ қара түн қабарып, өңге
жер жетпегендей, тура мұның терезе