е түйлі асыл заттай» сатып
әперетін болды. Сейсіметтің дәл со күнгі әңгімесін, со күнгі үй ішіне уәде еткен
нәрселерін сатып алуға бір ферманың малы жетпейтін еді. «Саған ананы әпейем, саған
мынаны әпейем» деген сайын оның не зат екеніне жөнді түсінбесе де балалар
кәдімгідей елігіп, қуанып тыңдайды. Ара-тұра «алақай», «алақай» деп айқай
салысады. «Мәйуәжан, өзіңе қайа бұйа жағалы пәлте әпейем» дегенде, анау шыдай
алмады:
– Неңе әпересің, ақшаң бар ма?
– Жоқ. Иі қайаның би-екеуін Аштайқанға айдап сатам!
– Қайдағы қара? Қара күшікті сатпасаң... Келіншік күйеуінің манадан бері айтып
отырған байлығының бәрі бос сөз екенін түсінеді, түсінген сайын түңіледі. Сейсіметке
бұл сөз, әрине, оңай тиген жоқ. Дегенмен беріскісі келмей:
– Мәйуәжан-ай, сен де баланың сөзін айтады екенсің! Ейтең ойынға тұям. Зайплат
алам. Не еңбеккүн бейеді. Еңбеккүнге мал бейсе сатпаймын ба? – деді. Тагы біраз
сөйлеп, қалталақтап барып қалтасынан дүкәматтарын алып жайды. Келіншегіне,
балаларына көрсетті. Ешқайсысы іштеңе түсінбесе де кейбір жазуларды саусағымен
шұқып:
– Көйдіңдей ме? Осындай дүкәматы бай Айыстанов қой бола ма?! –деп өзеуреді.
Ақыры, атына мініп, ауыл қыдырып кетті... Ол күні Мәруәнің қойға шықпайтын кезегі
болатын. Аяқ-табақ, ол-пұлын жиып болып, ғұмыры істемеген әдетін істеді. Құман
ұстап, дәрет алып қайтты. Қолына не ұстаса да «біссімілдә», «біссімілдә» деп дедек
қақты. Ауыл арасында ақылды, ибалы әйел саналатын бұ келіншек діндәр емес-ті.
Бірақ осы жолы бір нәрсеге көңілі қатты құлады. Әулиеден алатын шипасына ортақ
болатындай, екі баласын қуып, далаға шығарып жіберді. Сонсоң есікті жауып,
айналасына қарады, көріп тұрған ішкім жоқтығына әбден сенген соң жаңағы құлақсыз
шәшкемен жүктің қуысына барды. Жетілік шөлмекті алып шықты. Орта шәшкедей
құйып, Сейсімет құсап шалқая беріп, тартып кеп қалды... Демі бітіп, тұншығып кетті.
Аузын қанша ашқанымен тыныс болмады. Сасқанынан отыра қойды. Суға кетіп бара
жатқандай екі қолы ербең-ербең етеді. Өңешінен бір нәрсе мұздай боп өтті де,
артынша күйдіріп ала жөнелді. «А-алла-ай, жарықтық-ай!» деді. Аузына алғаш түскен
сөз. Мұны әбден тарығып, жалбарына айтты. «Бәсе, жарықтық Әзінің суы қайдан тегін
болсын! Бүйтіп өртемесе әулие, әулие бола ма?» деп ойлады... Жасырып ішкендіктен
кешке Сейсімет келгесін бұл жайлы әңгіме қозғамады. Сейсіметтен қорыққан жоқ,
ұрттап қалғанда қылғындырып жібере жаздаған «жарықтық әруақтан» сескенді, әрі
ұялды.
Сейсімет Әзі әулиемен үйренісіп апты. Күнде таңертең бір шәшкесін жұтып сап, екі
алақанына кезек-кезек «үһі-үһі» дейді де, әңгімені соғып, шайын іше береді. Соңғы
күндері өзі, тіпті, қыдырма боп кеткен. Күн сайын: «бүгін пәленнің кемпиіне сәлем
беюуім кейек» деп желкесі қырдай болып кетіп отырады. Содан қас қарая бір-ақ
оралады. Әрмиядан тірі келген кісіні кім қарсы алмайды? Барған үйінің бала-
шағасына шейін қуанысып, мәз болысады. Әжімгерей, Қуантай, Сандыбай, Сисенбай,
Сақал-Сатым ауылдары тәмәм болды. Ел іші Сейсіметтің әңгімесіне де қана келген.
Қандай әңгімеші болмасын, бір айтқанын екінші рет қайталай бастаса-ақ қадірі түседі
ғой, Сейсімет те «Әймияда көйгендейін» айта-айта арзандатып алған кез-тін.
«Камандидің маладес Айыстанов!» деп арқасынан қаққаны, мылтықты қалай атып,
атты қайтып баптағаны жайлы әңгіме етілмеген ештеңе жоқ. Кеше Сисенбайдың үйінде
Сейсімет сөзін жаңа бастай бергенде қарсы отырған бір шал: «е, шырағым, мұны
Әжімгерей қарттікінде айтып едің ғой» деп салды. Содан кейін бұл іштеңе айта алмай
қойған. Бәрі жұртқа белгілі боп қалған сықылданды да тұрды. Жалпы қыр елі
естігенін сақтағыш ел-ді. Өйткені нені болсын шын ықыласпен тыңдайды, бір жаңа
әңгіме болса біреуден-біреу қағып ап таратып әкетеді. Кино, театр, газет, журнал –
бәрі өздері. Шалдар жастық шақтарының хикаяларын баяғыда айтып бітірген.
Әскерде бар болғаны алты айдай ғана уақытын өткізген Сейсіметтің әңгімесі қаншаға
шыдасын! Сейсімет қанша Сейсімет болғанымен тап мұны сезбей қала алмады. Ол
бүгін де ертеңгісін «әймияның тәйтібі» бойынша «упиәждениясын» жасаған соң
күндегіше «біссімілдәһи» деп бірді тастап жіберген. Енді Мәруә шай құйғанша,
ойланып отыр. Ойы бөтен ой емес, бүгінгі қыдырыс жайы. Кеше енді ешқайда
шықпаспын деп оралған. Бүгін, жаңағы құлақсыз шәшкені құрғатқаннан кейін ол
ойынан айни бастады. Бірақ баратын үй қалмаған сықылды. Ғұмар жездесінің үйі...
жоқ, оны... бүкіл үйлі-жанымен Әжімгерейдікінде көрген, көріскен. Енді не үшін
барады? Тілеш үйі... ол да болмайды. Тілеш кемпірімен екеуі Қуантайдікінде бірге
болған. Сол, бұл көрген екеуінен басқа үйінде адамы да жоқ. Тағы кім бар? Е-е-е,
Мұраттың үйі... оның да қисыны келмей-ді. Өйткені, Мұрат, бойжеткен екі қызы,
кемпірімен төртеуі Сандыбайдың үйінде кездескен. Сейсімет бір сәт жұрттың
қонақтыққа барғанда тайлы-таяғымен, бірі қалмастан шұбырып баратынына
ызаланды. Бір-екеуі үйінде қалса да болар еді ғой? Не боп барады сонша!
Мәселен, Мұраттың екі қызына не бар еді сол үйде! Үйді, малды иесіз тастап, әке-
шешесіне ере шапқан