дай! Олардың ең құрығанда, біреуі Сандыбайдікіне
келмегенде, «пәленшежанды көйе келдім, қандай болды өзі?» деп, ағасы кіріп бармас
па еді! Тегі, осы, қызға қыдыру не керек! Міне, мен бой жеттім, ал, қайсың бар,
көріңдер мені! деген кісі құсап атқа мініп, желпілдеп шығу ұят емес пе? «Әй,
селтеңдеген сойлылай-ай!» деп ойлады Сейсімет, Мұраттың екі қызының
«жеңілтектігіне» жыны ұстады. Отырып алып ұзақ-ұзақ ойға кетті. Ойланатын
уақыты да жоқ емес. «Әзінің суынан» бір шәшкесін жұтып салған кісіге шай жақсы
жүреді ғой. Ішкен сайын аңқасы кебеді. Таңдайы ыссылықты да, дәмді де сезіп жатқан
жоқ. Аузы, бейне торсықтың аузы сияқты, құйғаны-құйған заматта салдыр-күлдір етіп
жұтылып кетіп жатыр, кетіп жатыр. Маңдайынан, бетінен сорғалған тер иегінің ұшына
келіп дірілдеп-мөлтілдеп сәл тұрады да, жылт-жылт етіп құлап түседі. Көңіл-көзі
ойда. Шай құйылған тастабақтың ернеуін көзімен емес, аузымен көретін сияқты:
сораптаудан жаңылмайды. Бір кезде ұша түрегеп, қазықтың басынан түкті орамалды
алды: мойнын, бетін, тамағының астын, тері сыпырып жатқандай жұлқылап кеп
сүртті, орамалдың сүртінген жеріне тесірейе, жатырқай біраз қарады: орамал қап-
қара. Жаңа ғана бір шелек сумен жуынған кісі... «тһу, шойт!» деп, сүлгіні ірге жаққа
лақтырып жіберіп, шайға қайта кірісті. Қайтадан ойға шомды. Енді, ішінен осы
өлкедегі қонақ ең аз түсетін үйді іздестірді. Есіне, алдымен, өзінің әлсіз, ауқатсыз
туыстары, шетінен жесір қалған жеңгелері түсті. Олардың бәрі де келген, көріскен.
Үш-төрт жандығы бар бірі шақырып қонақ та жасаған. Қалғандарына барайын десе...
қолда өскен баланың қадыры бола ма, медел тағып, көк бешпет кимек түгілі,
әскерден келсе де Сейсіметтің аты – Сейсімет. Барса жеңгелері қайны деп
қылжақтап, мұның тілін, жүріс-тұрысын салып ит-рәсуа қылады. Әрі айтқан әңгімесіне
өңге жұрттай таңдана, тамсана ұйымайды. «Атының сыры иесіне мәлім» дегендей,
мұның сыры өздеріне белгілі. Қысқасы, олар қазан көтеріп қарсы алмайды.
«Бұйқылдап ет қайнап жатпағасын әңгіменің сәні не?» «Тағы кім бай еді, тәңи-ау» деп
ойланды, «айыстай азамат». Бұл кезде үлкен қара шәйнек те сарқылып біткен-ді.
Кенет... «О, ата-бабаның әйуағы!» Сейсімет атып тұрып, апыл-ғұпыл киіне бастады.
Ыдыс-аяқтың жиналуына да қарамастан, дастарқанның бір шетін қайыра аттап,
далаға шықты. Өрелеулі аты үйдің желкесіндегі қияқ-шоқалда жайылып тұрған.
Қазық басына әкеліп ерттеуге шыдамай, көрананың үстіне тоқыммен жауып қойған
ер-тұрманын құшақтап ала жөнелді. Әпсәтте ерттеп те үлгерді. Қарғып мініп еді,
аттың өресін алуды ұмытып кетіпті, қайта түсіп өрені алды, өре-жіпті, қанжығасына
байлауға да уақыт қимай үй жаққа қарай құлаштап тұрып лақтырып жіберді. Енді
бірер минутта Сейсімет күнбатысқа шығатын сүрлеу жолмен селк-селк желіп кетіп
бара жатты. Жіңішке жол бала жыландай ирелең-ирелең етіп, бір қалыңға сіңеді де
жоқ болады. Дала бытқылға айналған. Ақтық пен селеу кәрі текенің сақалындай
сарғайып, ылас ағарыпты. Қияқ басын жарғалы да бір жұмадай боп қалған-ды. Енді
төрт-бес күнде орақ салмаса шөптің буыны қатып кетеді. Сейсімет айналасына қарап
келеді. Күн сәске болмай жатып шағыл-шағылдың басына жылқы иіріліп қалыпты.
Ана жер, мына жерден қоян қашады. Бұл «айт, айт, айтақ!» деп айқайлайды.
«Шикін-ай, қосып жібейіп қызығын көйетін би жүйік тазы-ай» деп армандайды. Бірақ
мұның қай арманы орындалып жатыр. Жүйрік тазы жәйлі арман да соның бірі.
Осыны сезеді де Сейсімет:

– Тойы айғи тоқпақ жалды тоғайда бай,
Қыздайдың ең көйкемі-ай, ноғайда бай,–

деп әндетіп, тепеңдей береді... Ұзамай жер шөбі сиреп, бірте-бірте ақ аяңдана түсті де,
Сейсімет сайда отырған сиыршы ауылдың үстінен келіп шықты. Атын алысырақ
қазыққа байлай сап, быжынап жатқан жас тезектердің арасынан зорға жөн тауып үйге
кірді. Төрт қанат қараша үй атақты... саңырау қатынның үйі болатын. Сейсімет
әскерден келгелі саңырау қатынды да, шешесін де көрген жоқ-ты. Мана үйінен
дастарқан жинауға қарамай тұра киінгенде ойына осы үй түскен. «Несі бай, мүбақ
адамдай, өзін көйіп, шешесіне көйісіп қайтайын» деген. Табалдырықтан аттай бере:
– Ассалаумағаләйкүм,– деді.
– Бұ қайсың, қарағым-ау? Кемпір қолын көлегейлеп кірген адамға қарады.
Саңырау қатын Сейсіметтің дауысын естімесе де түсін танып, төрге бір жапырақ құрақ
көрпені тастай салды. Қонақ жайғасып отырғасын ғана кемпір:
– Көтек... қарағым-ау, сен әлгі Арсекемнің әрмиядан келген баласымысың? Аман
ба? Мындағыларың сау ма екен?..
– Шүки, шүки, шеше.
Естіп едік келіп жатқаныңды. Мына қызға барып жолығып, әңгімесін тыңдап кел
десем, «бәрібір естімеймінді» сылтау етіп отырып алды...ә, аман жүрісің бе, шырағым.
Жүрген-тұрған жерің аман ба? Кішкентайларың қалай? Олар да Құдай қойса кісі
болып қалды-ау. Әлгі арық қойларың қыстан қалай шығыпты? т. б. осы сықылды
сұрақтарды кемпір үсті-үстіне төгіп, самбырлай жөнелді. Саңырау қатын шешесінің
аузы үздіксіз сыбырлағанына қарап қонаққа үлкен ілтипат көрсетіп отырғанын сезді.
Бұ кемпір әншейінде де көп сөйлейтін. Бірақ қазіргідей ем