палығы, ең әрісі, былтырғы жылы пішен
ақпарының ауданға дұрыс берілмегендігі – бәр-бәрі осы отырған өкілдерге де,
өңгелерге де белгілі жәйлар-тын. Темірәлі жасаған баяндамадан кейін, ішкім сөз
сөйлеуден іркілген жоқ. Бір қарт айында-жылында бір болмаса басшылардан адам
келмейтіні, ауылының колхоз орталығынан алыстығы туралы шағына айтты да,
сөзінің соңында былтырғы маяны шоқалдың үстіне үйген кісілерді жауапқа тарту
керек, шығын болған мал да солардан өндіріліп алынсын деп ұсыныс енгізді. Тағы бір
шал орнынан тұрып: «әй, шырақтарым, өлген малды пішеннен, шоқалдан,
Темірәліден көріп, бекерге күнәлі болмаңдар, Құдайдың әмірінен болған зат қой, індет
қой! Бәрі бір Алланың ісі, иеһ рәббім» деп қайта отырды. Біреулер сазарғанымен
екінші біреулер дуылдасып күліп оңып қалды. Келесі сөз «менде бікір бар, бікір
айтам» деп, манадан бері қопаңдап, отыра алмай, өз-өзінен ерні жыбырлап, сөзге
емешесі құрыған қартқа тиді.
– Жолдастар, ағайындар, азаматтар!– қарт бірер рет жұдырығына жөткірінді,– біз
бұл көзбояушылықтан ғұмыры құтыла алмаймыз. Былтырғы маялар шоқалға үйілгелі
бері басқарма бізге сенуді қойды. Сенім жоқ жерде іс біте ме? Көктемде өлген көтерем
сиырдың өлімтігін шіріп бара жатқан соң көміп тастап ем, басқарма, Сағынайжан,
лөктір бала үшеуі кеп, өлімтікті аштыртып, қабырғасына шейін санап көрді, солай
азаматтар, басшы адам қарауындағыларға ғұмыры сенбейді екен, бәрі жабылып бір
соны алдап отырғандай, оның көзі тайып кетсе ішкім іштеңе істемейтіндей көреді, түге,
сонсоң, бәрібір сенбейді ғой деп, алдаса алдайтын шығар жұрт. Оныңыз қате
дейсіңдер ме? Жоқ, қате емес, имандай шын сөз, азаматтар, көпшілікке сенбесеңдер,
олар да сенбейді, алдайды, пішенді шоқалдың басына үйеді, ал, айталық, сол шоқалда
не тұр? Мықтаса, бір маядан бір түйе шөп кем шығар, сол бір түйе шөппен қай колхоз
малын асырайды, солай ағайындар. Шоқал көп қой дейсің бе? Иә, аз емес, дегенмен
пішеннің астында қалғандары көп болмас, азаматтар, Құдайдың даладағы шоқалын
қолына арқан алып, өлшеп жүрген жараса ма, бөрік киген азаматқа, өздерің ойлашы,
түге, қысқартып айт дейсің бе, қысқартсам қысқартайын, жолдастар, барым ғой
айтып жатқан, ойларыңнан шығатын бікірді қайдан айта алайын мен, оқымаған,
байдың малын бағып күн көрген кедей... жарайды, бікіріңді айт десеңдер оны да
айтайын, ағайындар, бікір мынау, түге, ертеңнен бастап, білегінде күші, тақымында
күрегі бар жиырма адам атқа мінсін де, осы қауыпты, осы сенімсіз, осының үстіне мая
салулары кәдік-ау делінген барлық шоқалды тегістеп шықсын! Сіз өйтіп жұрттың
жұмысын мазақ қылмаңыз дейсің бе? Жоқ, айналайын, имандай шыным, шын бікірім,
мазақ-қылжақ ойымда болса, сіздің үйдегі келіннің-ақ дәмі атсын мені, айналайын,
ағайындар ал, ендеше, болдым, қойдым,– деп отыра қалды.
Одан кейін пішен бригадирлері сөйледі. Әр қайсысы қарауында қанша орақшы,
қанша жинаушы, қанша көлік, орақ, тырнауыш, тіпті, қанша арқан-жіп бар – соның
бәрін тәптіштеп айтып берді. Ең соңынан шыққан бір бригадир өте ұзақ сөйледі.
Сөзінің дәм-татуын ескермегеннің өзінде, не айтып тұрғанын түсіну де қиын болды.
Өкілдердің бірі, ананың сөзі, еркіне жіберсе жуық-маңда бітпейтінін сезсе керек,
шыдамай:
– Сонымен орақты бастауға дайынсыз ба? – деп сұрады.
– Дайынбыз ғой, ақсақал, енді... бір-екі сынық орақ бар, сол жамалса...
– Пішенге күні ертең орақ сала аласыз ба?
– Саламыз, ақсақал!
– Қалай саласыз? Сынық орақтарыңыз әлі жамалып біткен жоқ.
– Бітіреміз, ақсақал.
– Орақ жамайтын кісілеріңіз қайда?
– Ауылында... жоқ, міне отыр, ақсақал.
Өкіл енді бригадир нұсқаған қартқа бұрылды:
– Қалай, отағасы, орақты қашан жамап бітіре аласыз?
Қарт:
– Қайдан білейін, шырағым, менше әлі бір бес күнсіз бітпейді-ау деймін. Себебі
менің үйімде жамалмаған он төрт орақ жатыр. Оны жамау оңай шаруа емес. Әсіресе,
мойнынан сынғандарын жамау бір қиямет... оған құрық темірді де жаңадан салмаса
болмайды. Мына жігітте екі орақ болса... барлығы он алты... Ең азы бес күнсіз
бітпейді, шырағым, бұ жұмыс,– деді: Өкіл Темірәліге қарады:
– Сіздерге жаңа орақтар келмеді ме?
– Онын ғана алдық.
– Міне, көрдіңіз бе, жігітім,– деді өкіл жаңағы бригадирге,– күні ертең орақ салам,
дайынмын деп екі сағат сөйледіңіз. Ертең қайдан саласыз! Бір жұмасыз бітпейтін
жұмысты ертең, ертең деп, дедектетесіз, шыныңызды неге айтпайсыз? Бригадир:
– Ақсақал, сізден ұялған соң...– деп міңгірледі.
– Ұялсаңыз шыныңызды айтыңыз!– Шет жақта отырған бір қарт:
– Иә, ұялса шынын айтар еді ғой ол,– деп күбірледі. Жұрт қанша ұялғанмен
жиналыс көпке созылды. Аяқ жағында әркім өз мұңын, мұқтажын айтып отырып
алды. Қартаңдау әйел арқан-жіптің жайын сөз етті. Тағы біреу соңғы кезде әйелінің
ашушаң, ұрысқақ боп бара жатқанын әңгімеледі. Әрі итеріп, бері тартып келіп,
жиналыс ақыры, бес күннен кейін жаппай пішен орағы басталсын деген қаулымен
аяқталды...
Ертеңіне, жұма күні, Қуантай қарттың басына бейіт тұрғызылатын болып, осыдан
екі апта бұрын Әжімгерейдің үйінде келісілген-ді. Күн