ды...
Ертесіне, Сейсімет Сандыбай ауылы жағына қыдырыстап кеткен бойда Қарашаш
үйіне екі аттылы кісі келді. Бірі Сисенбай қарт та, екіншісі, осы елдің басқармасынан
баласына шейін «тілші жолдас» атап кеткен аудандық газеттің қызметкері. Оқшаулау
қағылған қайың соқаны місе етпей екеуі үйге атпен кіретіндей-ақ итіне, сұғына
тоқтады. Аттарынан түсе сала шылбырларын белдеу-арқаннан сыр-сыр еткізіп
өткізіп-өткізіп алды. Қарашаш тал түсте бақандай қазықты көрмей белдеуге ат
байлаған көргенсіз қонақтарын қырыстана қабылдады да, артынша, аналар жылмаң-
жылпың сөздермен үйіріп әкеткен соң, пейілдеріне ырза боп жадырап сала берді. Бір
бүйен шикі қаймағын аударып салып алдарына қойды. Азғантай шайын да аямай
салды. Сисенбай, Қуантай, Әжімгерей сықылды ауыл ғұламаларынан естіген, әлде
қалай есінде қалған сөздерін орынды-орынсыз тықпалап отырып, аттанарда ұзақ
сонар сөз сөйледі. Тоқсан ауыз сөзден Қарашаштың түйгені: «Тілші жолдасқа»
Талжібекті айттыра келіпті. Қарашаш ойланып қалды. Иә, жарайды дейін десе...
мынау өзі бір түрлі жігіт. Киім киісі, атқа отырысы, әсіресе сөйлеген сөзі ұнамайды-ақ.
Ылғи картозының бір шекесінен кекілін шығарып бұрап-бұрап қояды. Атқа отырысы
жұрттың айтуына қарағанда, адам баласына ұқсамайды: былқ-сылқ, қопаң-қопаң,
былқ-сылқ. Үйде, төсекте де бір сәт тыныш таппайды, екі аяғы астына сыймайтындай
біресе олай, біресе былай көлбеп, мазасы кетеді де отырады, оның жауырға қонған
сауысқан құсап о жақ, бұ жағына селтеңдеп-секеңдеп қарай береді. Қанша
қарағыштағанмен ештеңе көрмейтін сияқты. Өйткені, көзі тоқтамайды. «Бәрінен сөзін
айтсаңшы,– деп ойлады Қарашаш,– қалай еді әлгі... «Соғыстан күйреген халық
шаруашылығын қалпына келтіріп жүріп жатырмыз...» Қарашаштың: «аман-сау
жүрсің бе, шырақ, жүрген-тұрған жерің аман ба?» дегенде айтқаны. Бұл: «әке-
шешең бар ма?» деп сұраса, ол: «шешем бар, әкем Фин соғысында Отан үшін жанын
пида етті» деп жауап береді. «О, көк соқсын сені! – деді Қарашаш ішінен,– күйеу
балаға жариды екенмін. Әттең, Қанипада қыз болса, соны әперетін адам ғой, отырсын
екеуі... қайын ене мен күйеу бала дайын, қалыңдық жоқ». Қарашаш күліп жібере
жаздады. «Жоқ, болмайды» дейін десе... «тілші жолдас» жас жігіт. Оның үстіне өзі
«тілші жолдас». Бүкіл Қошалақ солай атайды. Жаман кісі «жолдас» атана ма? Киген
киімінде не тұр? Атқа отырысы ұнамаса... ол жылқышы емес қой? Мүмкін аудандық
«казиттің» адамына атқа отыра білу міндет емес шығар? Кәртозының астынан кекілін
дудыратып қойса... шашы болғасын, қалай уқаласа, қалай қобыратса өз еркі емес пе?
Шаш жоқ болса несін көрсетер еді? Таз кісі құйқасын да жасырады... Еділхан да
кекілімен мақтануға құмар... жастардың әдеті де құйқылжымай жүрмейтін... Төсекке
дұрыс отырмаса... оқыған жігіт, ол да бір өнер болар... Жан-жағына көп қараса...
жастық қой... Сөйлеген сөзі? Онда да ештеңе жоқ. Казитті Қарашаш Талжібекке талай
оқытып тыңдаған. Бұл сөзді сол казитінен үйренген де, казиті бұның өзінен үйренген.
Кәзитті жазатын «тілші жолдас» та, тілші жолдасты жасаған – кәзит. Қызметі мен кісісі
бір-біріне сай келсе... несі жаман? «Жылқыны жылқыдай адам бағады» демекші,
кәзитті осындай жандар жазатын болса керек. Қарашаш ойлап-ойлап келіп, ақыры:
– Жарайды, менен қарсылық жоқ, баламен сөйлесіп көрейін,– деді. Қонақтар осы
сөзді малданып аттанып кетті. Талжібек үйде жоқ-ты. Сисенбайлар кеткесін келді.
Қарашаш қызды қасына отырғызып алып, жаңа ғана болған әңгімені баяндауға кірісе
берген, ат дүбірі естілді. Жалбыр жал торыны ақ көбік қып Темірәлі жетті. Киіз үйдің
іргесі түрулі-тін. Атынан секіріп түсіп, ердің қасынан шылбырын да алмастан,
торының басын бос тастап үйге беттеді. Қимылының ширақтығына қарағанда, жүрісі
суыт тәрізді. Табалдырықтан аттай бере қатқыл үнмен:
– Қонақтарың қайда, әй, қатын? – деді.
– Оны қайтесің, кетті!
– Не дедің оларға?
– Жарайды дедім.
– Ауысқан екенсің сен!
Осыны айтты да Темірәлі ізінше кері шықты, жаңағы Сисенбайлар кеткен жаққа
қарай шаба жөнелді. Талжібек екеуінің көзінен түк түсіне алмады, сонысына өзі таң
қалды. Оны таңдандырған сөздерінің түсініксіздігінен де бұрын басқарма түрінің
қаталдығы, үнінің өктемдігі еді. Бұл өлкенің адамынан Қарашашқа «Әй, қатын» деп
ақырған адамды ол ғұмыры көрмеген. Жас қыз апасының сөз қайырмай, кінәлі жан
құсап төмен қарап отырып қалғанына ыза болды, арланды. Құдай санап жүрген
апасы от басындағы қара құман құсап томсырайып отыр.
– Бұ кісі неменеге әкіреңдейді саған? Басқарма болғасын қорқасың ба? «Әй, қатын»
деп айқайлауға қандай қақы бар?.. Жалғыз әйел деп басынғаны ма? – Қыз булығып
жылап жіберді. Қарашаш сасқалақтап:
– Налыма, айналып кетейін! Ол саған жамандық ойламайды, бәрі сенің қамың ғой,–
деп салды.
– Кімім еді ол менің қамымды ойлайтын! Ағам ба? Әкем бе? Анада жаман
Еділханға шейін: «сен қыз не затқа шалқақтайсың! Шалқақтама, көп болса Темірәлі
сықылды басқарма әкем бар дейтін шығарсың?!» дейді маған. Талжібек сөзінің әсерін
байқау үшін апасының жүзіне тесілді. Апасы да бұған қ