араған, екеуінің жанарлары
табыса кетті. Қарашаш назарын төмен салды. Қыз бұған да қайран болды. Оның
ойынша, Қарашаш, «хақымақ, анаңды» деп тура Еділхан аулына шабатын
сияқтанған... Талжібектің өткенде өрістен көңілсіз қайтуының себебі сол-тын.
Сонда-ақ бәрін айтуға бел байлап келген-ді. Артынан, ашуы басылған соң ойлап-
ойлап қоя салды. Қарашаштың мінезі жұртқа мәлім. Ол сықылды масқара сөзді естіп,
тып-тыныш отыра алмайды. Тұрады да шабады. Бара Еділханды ата-бабасынан
сыпырып боқтап, қамшының астына алады. Еділханның өзіне де сол керек! Бірақ
Қарекең онымен тоқтай ма? Қанипаның сорын қоса қайнатады. Сонда есердің бір
сөзіне бола ел бүлдіру жөн бе? Қой, Талжібектің шешесі Қарашаш емес, Қарашаштың
сіңлісі... Сол сіңлісінің өзі қандай адам болды екен?... Ертеректе қайтыс болды дейді.
Рас шығар. Әйтпесе, туған қызына бір рет келмей ме? Талжібекті қинайтын көп ойдың
бірі осы-тын. Темірәлі мен Еділханның сөзі анау, апасының отырысы мынау... Не боп
кетті өзі? Әдетте, тұрмыстан қысым көріп өскен балалар тез есейеді. Сол ес кіргізетін
қиындықты Талжібек көрген жоқ-ты. Әскерге алынғанға шейін ағасы мен апасы
жарысып еркелетті. Не ішем, не кием болған емес. Жатса жастығын, тұрса төсегін
тосты. Қарашаштың адуындығының арқасында, бетіне ешкім жел боп тимеді. Бүкіл
ауыл «Жібекжан, Жібекжан» дейді де отырады. Қысқасы, бұ қыздың ойлануға
уақыты болмады. Енді міне... әнеугі Еділханның сөзінен бері іші әлем-тапырық.
Әрине, бозбала атаулының өзімен тілдескісі, әзіл айтқысы кеп тұратынын сезеді, іштей
ұнатады да. Әйткенмен Еділхан айтқан сөз ешбір әзілге ұқсамайды. Сондай әзіл
болатын ба еді? «Темірәлідей басқарма әкең болғасын шалқақтайсың ғой?» Мәссаған!
Қалайша мұның әкесі Темірәлі болады? Темірәлі әкесі болса, шешенің кім болғаны?
Әкесі сол болса Қарашаштың үйінде неғып жүр бұл? Талжібек: «осы мен кіммін өзі?»
– деп толғанды. Сорғалап отырған жас болмаса да, түрегеп бақанда салулы тұрған
бет орамалды алып көзін сүртті. Апасына қарап еді, ол есі ауысқан адамдай бір
нүктеге қадалып қатып қалыпты. Келесі бір сәтте жанында отырған Талжібектің
мойнынан құшақтап, өзіне тартты, тізесіне жатқызды.
...Бұл бір ескі әңгіме еді. Қарашаштың ері қайтыс болғанына алты айдай болған
кезде ауыл Ақитөлгеннің бергі алдында отырған. Жаздың күні. Азғана малды
суғарып болып ол кезде келіншек Қарашаш еңкейіп екі шелегін су-ағашқа сала
бергенде, ту сыртынан біреу: «қарындас, тоқтай тұрыңыз! деп қалды. Құдық қазан-
шұңқырда болатын. Көктен түсті ме, жерден шықты ма, белгісіз астаудың жанында
аттылы, бейтаныс адам тұр. Аты астаудағы суға ұмтылады, иесі жібермейді. Ердің
артқы қасына асылдыра салған кенеп-қоржынына, ер-тұрманына, киген киіміне
қарағанда қырдың адамына ұқсаңқырамайды. Қабағындағы кірбің-жолсоқтылықты
аңғартты. Сақал-мұрты өсіп кеткен. Мұның аңырып қалғанын қорықты деп жорыса
керек, кенет анау дені сау, қайратты адамдарға тән ірі, ақ тістерін көрсетіп жарқырай
күлді. Секіріп түсіп, атының ауыздығын ап суға жіберді. Екі айылы бос, аттың төсінде
жүр. Көп мал болмаған соң астау шағын, әрі суы орта еді: аңқасы кеуіп келген жануар
екі-ақ жұтқанда түбі көрініп қалды. Қарашаш қауғаны ала құдыққа ұмтылды.
Қолынан қалай алып қойғаны белгісіз, әйтеуір, суды жігіттің өзі құйып жатқанын бұл
бір-ақ көреді: қауға тартуға өте олақ екен. Қауға баулықты үлкен қара шелек-ті. Күші
жетпейтін кісі құсап, құдықтан суды алғанда шелектің ернеуімен бір қауым топырақты
қырнай шығады. Және астаудың маңдайына апарып қойып кеп қалады, шелек
домалаң-домалаң етіп, судың жартысы астауға құйылса, жартысы далаға төгіледі.
Әйел басымен өзі тартып жүрген қауғаны мына жыңғылдай жігіттің шайқалақтатып
төгіп-шашып ұстағанына мұның қарап тұрып күлкісі келеді. Дәл осы арада өзінің
артықшылығын көрсеткісі келді ме, әлде, ананың тарта алмай қиналып жатқанын одан
әрі көргісі келмеді ме, келіншек, қауғаны ананың бергісі келмегеніне қарамастан,
тартып алғандай ғып, қолына алды. Жігіт кейін шегініп кетті. Бетіне қараса, борша-
борша тер. Қарашаш кербез сұлулардың шай құйғанындай етіп, сызылтып, жалғыз
тамшысын шашыратпай, астауға су құйды. Өзінің шеберлігін, артықшылығын пәш
қып көзге ұрмақ! Осы кезде ат та су ішіп болып, астаудың ернеуіне тұмсығын үйкеп
қапты. О, талау келгірдің малы! Неге аз ішті десеңші сонда!
– Рақмет, қарындас, енді өзім...– жігіт қауғадағы суға ауыз салды.
– Су ішпеңіз, үйге жүріп шай ішіңіз! – Бұ сөздердің аузынан қалай шығып кеткенін
әлі күнге ұқпайды. Содан... Содан келіншек су алып жаяу, анау аттылы – екеуі іркес-
тіркес үйге беттеді.
– Қарындас, бұл жерде жалғыз үй отырасыздар ма?
– Иә, жалғыз үй.
– Қорықпайсыз ба? – деп жымиды қонақ.
– Әй, еркектер-ай, қатын көрсеңдер қарындас деп майыса қалатын әдеттерің-ау
сендердің,– деп дүңк еткізді бұл. Өтірік қылымситын, бетінің қызылы арзан қыз-
келіншектерге үйренген еркек болса, мына сөзді ерсі, әдепсіздік көрер, бәлкім,
шошынар да деп ойлаған, олай болмады. Жігіт қарқылдап кеп күлді, сүйсініп күлген
сықылды. Екеуі үйге ке