лді. Шай ішті. Өмірәлі кішкентай. Енесі Жаппас Дыңғызылы
жақтағы төркініне қыдырып кеткен.
Қарашаш тізесіне басын қойып жатқан Талжібектің шашын сипаған саусақтарының
дірілдегенін байқатпау үшін қолын көтеріп алды.– Елдің бұдан да сирек кезі.
Аласапырандау уақыт. Жұрттың бәрі кедей боп көрінуге тырысатын жылдар еді ол.
«Хажінің ауылы» атанған ауылға, бай болмаса да кім жоласын! Ұры-қары болмаса,
жөні дұрыс кісі ауқатты үйлерге соқпайтын. Іш тартқандары бірдемеге ілініп кетем
деп қорқады. Қорықпайтындар, әншейін, бір кезде малы көп ауыл болғаны үшін жек
көреді. Адамсыз адамға күн болған ба. Ұры болса да біреу келсе екен деп жүрген
күндер-тін... Сонымен, қонақ жігіт үш күн жатып аттанады. Мыңтөбедегі нағашысына
бара жатқан беті екен. Сол жылы-ақ қажының атағынан қорықпайтындар Қарашашқа
қырындай бастады.
Келіншек ешкімді тең тұтпай қояды. Кейін Талжібек туған соң сөз айтушылардың
өздері де безіп кетті. Енесі сол төркіндегеннен оралмайды. Содан екі жыл өткенде со
жақта қайтыс болды... қайын-жұрт, Әмірәлінің ағайындары біраз сөз шығарып барып,
әрең басылады... Әжімгерей қарт та солармен рулас-ты. Шатақты өшірген осы кісі
деседі...
– Уақыт кешірген зат қой, сен де кешірерсің... Әкең – Темірәлі де, шешең – менмін.
Өтінішім: өз әке-шешең туралы жаман ойлай көрме. Әсіресе өзінің туған анасы жайлы
жаман ойы бар адам ешуақытта оңбайды! (Бұл Қарашаштың өз сөзі).
Осы сөздерді айта сала ол Талжібек бір сөз айтып қояр деп сескенді ме, әлде қызын
мына секілді тосын әңгімеден кейін оңаша қалдырғысы келді ме, сыртқа шыға
жөнелді. Сыртта істейтін ештеңе жоқ-ты. Әйткенмен іздеген кісі табады да. Қарашаш
тапты. Есіктен шыға бергенде әбден мүжіліп, күйіп біткен кішкене қара көсеу көзіне
түсті, соны алып әлдеқайда құлаштап тұрып лақтырып жіберді, ол қайыптан тайып
шоқалдың көлеңкесінде жатқан Мәруәнің қара күшігіне тиді, ойбайды сала қаңсылап
ол кетті. Сонсоң ошақтағы сөніп қалған күлді, темір күректі алып жіберіп, көсіп-көсіп
тастады. Қазанның қасында тұрған ақ шелектің ішіндегі суға сұқ саусағын малып
көріп еді, су жылып кетіпті, ішіндегі суын төкті де шелекті төңкеріп апарып, қазықтың
басына іле салды. Со жерде аңырып біраз тұрды. Одан қайтып келе жатып қазан-аяқ
жақ көлеңкеде жатқан қызыл қасқа бұзауды бүйірінен түйіп тұрғызды. Бұ секілді
қыруар шаруаны бітіріп тастап үйге кіргенде Талжібек жаңағы жерде сілейіп әлі отыр
еді.

3
Сейсімет ерте оянады. Күн туар-тумаста түрегеледі де мәйкішең тысқа шығады.
Көранадан екі-үш айналып жүгіреді. Екі қолымен бүйірін таянып алады. Жүгірісінің
жүгіріс сияғы шамалы: түйенің тапырақтағаны сықылды ебедейсіз бірдеңе. Алғашқы
күні таңертең қара күшік бірге жүгірген, келесі күндері итте болса мұндай түкке керегі
жоқ күш шығындаудың пайдасыз екенін сезсе керек, анда-санда «ап-ап, ррр», «ғап-
ғап-ррр», деп қойып жатып алды. Орнынан тұра сала ордаңдап шауып жүрген, өзі
жартылай жалаңаш Сейсіметті ілкі көргенде бөтен жұрт тұрмақ Мәруәнің өзі шошып
қалған. Тоба, тоба! – деп үрейленді. Сөйтіп, жүгіріп-жүгіріп алады да, кенет,
болдырған аттай сілейіп тұра ғап аяқ-қолдарын жоғары төмен, оңды-солды созғылап,
қызық-қызық қимылдар жасайды. Мұның не дегенге Сейсімет: «Әймияның тәйтібі ғой,
упиәждения жасамаса қан таямайды»,– деп жауап береді. Өстіп, Мәруәнің сөзімен
айтқанда «қан сорпа боп» барып, бір шелек суды басына төңкеріп жуынады.
Әскерден алып келген түкті қалың орамалмен сүртуге татитын жерінің бәрін
ысқылайды. Одан соң «заптиәкқа» – ертеңгі шайға отырады. Шайдің алдында жүктің
артына қолын бір жүгіртпесе көңілі тағы көншімейді. Үйде құлағынан басқасы бүтін
жалғыз шәшке бар-ды. Жүктің артына қолын сүңгіткенде екінші қолында сол шәшке
тұрады. Шәшкеге жеті қадақтықтың аузынан лық-лық еткізіп әлдене сұйықтықты
құяды да қайқайып тұрып тартып жібереді. Бұл әдетті әнеугі, Қанішкеннен келген
күннің ертеңіне шығарды. Мәруә құрау-жамау шыны аяқ-кеселерін жәйіп, ертеңгі
шайды құралдап жатқан. Сейсімет сырттан кірген бойда келіншегінің алдынан шәшке
алып, жүктің артына еңкейді. Шөлмектен бір нәрсені құйып ап, «біссімілдәһи» деп
ішіп салды. Ері біссімілда дегенге, Әзінің суы деп ойлап Мәруә да «біссімілда» деді,
оған қоса – дауа ете гөр дертіне жарықтықты деп күбірлеп, бетін сипады.
– Маған да берсейші, сүйек-сүйігімнің сырқырайтыны бар...
– Саған болмайды, іш дәйетіңді алмайсың сен!
«Іш дәретіңді алмайсың» дегенге Мәруә шамданып қалды. Әйел атаулыдан өзін
дүниедегі ең таза адам санамайтыны болмайды ғой. Мәруә да өзін сол азғантай «ақ
қанаттылардың» қатарына қосатын. Сондықтан:
– Жә, бермесең қой, сенен кім сұрап отыр? Өзім-ақ дұғамды оқып ішем, керек
болса,–деп бұртиған. Со күні шай үстінде Сейсімет өте көп сөйледі, көп күлді. Шайді
де ұзақ ішті. Өзінің ендігі тірлігі, болашақ алатын «ойыны» жәйлі шалқи, шабыттана
сөз етті. Екі баласына жайшылықтағыдай «айналайын, қайағымды» көп айтты. Тіпті,
Мәруәға да бір сөзінде «жаным, қайағым» деп салды. «Тилік болса ойынға тұйған соң
Аштайқан байып екі балаға екі шайтан айба, Мәйуәға неш