құбыла алдында) Әзі әулиенің моласы бар-ды. Ауырған-сырқырағанның бәрі соған
барып түнейді. Малдарын сойып, садақа-зекетін сол арадан үлестіретін-ді. Басында
кішкене құдығы болады. Сол құдықтан жұрт су құйып алып қайтады. Жаңа Сейсімет:
«тек, тіл тигізбе, әйуақты зат» дегенде келіншектің ойына сол әулие түскен. Өзі көптен
екі табаны, екі алақаны қызулап сырқауланатын. Қиқы-жиқы түс көріп,
бастығырылатынды шығарған. «Ертең ерте ашқарынға дәрет алып, ұрттармын!»
Сейсімет шешініп, құман-шылапшын алдырып, беті-қолын жуды. Сыртқа шығып атын
жеңілдеп қайтты. Екі басты кенеп қоржынын шешіп, біріне-бірі жабысып, сонсоң, бәрі
қосылып сыртындағы ораған қағазына жабысқан арзан кәмпитті балаларына алып
берді. Қанішкен наубайханасы әдеттегісінше шикі пісірген бір бөлке нанды шығарып
Мәруәға ұстатты. Күн ыстықта аттың тері тигендіктен, қызған иіс шығады. Мәруә:
– Сағатың қайда? – деп сұрады.
Сейсіметтің армиядан алып келген екі бірдей сағаты болатын. Бешпетін шешіп
жатқанда байқады, шалбарының ышқырлығынан бір уыс боп төгіліп жүретін «күміс»
шынжыр бау көрінбейді. Беті-қолын жумақ боп жеңін түрді, білегіндегісі де жоқ.
Әнеукүні екі сағатын бірінен соң бірін бұрап, екеуін қатар алақанына салып аударып-
төңкеріп дамыл көрмеген-ді. Енді соның бірде-біреуі... Мәруәнің іші удай ашып тұр.
Бір бөлке қара нанды ұстаған күйі, жауап тосып қатып қапты.
– Әй, Мәйуәжан-ай, ей азаматқа сағат деген не! Би күнде онын табаймын мен оның!
– Иә, сенің жолыңда күнде он неміс өліп жатар!– деп күңкілдеді әйел. Сейсімет
үндемеді. Қарашаш есіктен сөйлей кірді:
– Апырм-ай, түн қараңғы екен. Есіктеріңнің тақтайы бүтін болып, сыртқа жарық
түспесе адасып кететін едік! Сейсімет, аман келдің бе? Жүрген жерің аман ба?
– Шүки, шүки!
– Қалай, қызметке тұратын болдың ба?
– Тұям ғой, ей азаматқа ойын табылады ғой.
– Қайда тұратын болдың?
– Әзи белгісіз... Биден ушотқа отию кейек еді деп жоғайы жақ замешание жасап
жати... Әйтеуи Құдайдың бейген бақыты болай, дүкәмәтімді дұйыстатып қайттым... Би
жөні болай-дағы...
– Ауданнан орын сұраймын деп кетіп едің ғой? Не деді енді, айтсайшы!
– Дүкәмәтімді көйсеттім әйтеуи...
– Не деді?
– Дұйыс деді.
– Орын сұрамадың ба? Барған қызметің сол ғой?!
– Сұядым.
– Иә, не деді сонда?
– Бұйынғы ойыныңа тұй дейді.
– Мәссаған!
Бір ауылдың соғыстан аман-сау оралған жалғыз азаматы. Медел десе меделі,
дүкәмәт десе дүкәмәті бар. Осынша жерден ат сабылтып барғанда біреуі орнын бере
салса желкелеріне шиқан шыға ма екен? Екі әйел бірі-біріне қарап, сосын екеуі
қосылып Сейсіметтің жүзіне үңілді: жағы бұрынғыдап да гөрі ұзарып, жүдеп кетіпті.
Көзі әрі кеткен сайын қабағы бері шығыпты. Бұғана сүйектері арса-арса, ұңғыл-
шұңғыл. Бетінің онсыз да мол терісінің артығы иегінің астына жиналып, арық
бұзаудың әукесі секілді, қыртыстанып тұр. «Осы ғой жап-жас жігіт, әлден әукесіне
әжім түскендей не болды сорлыға» деп ойлады Қарашаш. Мәруә:
– Бәсе, неғылған орын деп едім-ау Сейсіметке!– деді.
– Ойын болады, Мәйуәжан, иенжіме!
Сейсімет әп-сәтте жасып қалды. Ішіндегісін алып тастағап тұлыптай, кеудесі
омырылып орта түскендей болды. Сірә, аудан жақтан үміттендірер ештеңе естімесе
керек! Бәрінен батқаны Мәруәнің: «бәсе, неғылған орын деп едім-ау Сейсіметке!»
деген сөзі. Қалтасында дүкәмәті бар «айыстай азаматқа» айтылмайтын-ақ сөз. Не
істейсіз енді! Сейсімет әйеліне өкпелегенде балаларын шақыратын-ды. Бұ жолы да
көр-жерді ойын етіп көрананың бір бұрышында отырған екі ұлына «бейі келші» деді.
Әуелі Қадыржан, сонсоң Қайыржан кеп әкесінің алдына отырды. Екеуін алма-кезек,
«қайағым, қайашығым» деп еркелетті, төбелерінен иіскеді. Жалпы, Сейсіметке ит пен
бала үйір болатын. Соның ішінде өзінің екі ұлы мен қара күшігі... Әскерден алғаш
келген күні екі ұл тосырқап, жоламай қойған. Қара күшік, тіпті күн көрсетпеді: далаға
шықса тірсектеп жүріп арсылдайды, үйге кірсе есіктің көзінде отырып алып,
Сейсіметтің даусына үреді. Бірде жылтыр қара етіктің бірін балалар сыртқа шығарып
тастапты. Күшік сол, сыңар етікті айнала шай пісірім уақыт абалады. Бір қызығы,
Сейсімет бұрынғы көне шалбары мен бөз көйлегін киіп далаға шығып еді, қара күшік
аузын ашпады. Қадыржан мен Қайыржан көкелері көйлекшең отырса іш тартып,
жақындайды, көк бешпетті кисе болды, состиысып-состиысып кейін шегінеді. Ғұмыры
әскер киімін көрмеген құм елінің иті мен баласына шейін құбыжық таныған сол көк
бешпет, жаңа Сейсімет: «бейі келші» деген кезде төрдегі ағаш қазықта ілулі тұрған.
Әкесінің алдына жайғасқан екі бала ауық-ауық қазық басына қарап қояды. Екі иығы
едірейген бөтен киім. «Айыстай азамат» ұлдарының асты-үстіне түсіп, кенелді де
қалды. Тегінде, адам көңіліне қаяу батқан сәттері, әсіресе, бауырмал болады ғой.
Сейсімет те көкірегі басылып, көк бешпетін шешкен соң ғана алдында жатқан
табандары жарық екі бала мен шөп-көранаға жараса кетті. Қарашаш бір-бірімен
иіскесіп табысып жатқан аталы-балалыларға әрі сүйсіне, әрі қызғана қара