тұсау бойы көтеріле
тақымдарына бір-бір күрек қыстырған үш-төрт адам Ашақ моласының басына кеп
аттарынан түсті. Бейіт салуға қажетті шөп бұдан бес-алты күн бұрын шабылып
қойған-ды. Шөбі – қара шағыр. Әбден кептіріп салмаса шіріп, шөгіп кетеді. Су алатын
құдыққа шейін қазулы, дайын тұрған. Бұлар зират басына отырып білгендерін оқып,
қолдарын жая бергенде екі түйеге бастыра шағыр артқан Әжімгерейлер келіп жетті.
Шағырды шешіп түсірді де, үш адаммен екі түйені қайыра жіберді.
Құм адамы отыратын үйінен гөрі жататын моласын көбірек қадірлейтін.
Қыстауларына барсаңыз шегендері әр жерден бұлтиып-бұлтиып шығып тұрады. Иін
шала-пұла қандырып жаққан саз-балшықтары кепкен кезде шыт-шыт боп жарылады,
сонсоң тиіп кетсе томырылып түседі де, құдды алапес шыққан кісінің терісіндей
қожалақтана қалады. Одан кейін ешкім оған саз жақпайды. Үй иелері бізде не кінә
бар, баяғыда балшық жаққанбыз, тұрмаса қайтейік деген құсап, қабырғаларына
қарап-қарап қойып, тапқандарын ішіп отыра береді. Шеген үйдің ішкі халі осындай.
Ал, сыртына саз мүлде тимейді. Кез-келген тұсынан жүгіріп кеп шығып кетердей боп,
жапыраяды да жатады. Тым құрса шөбін жөндеп қоймайды. Сонда мұржадан
шығатын түтіні мен қисық-қыли есік-терезесін ескермесіңіз, жаңбыр өтіп, басылып
қалған мая-пішеннен аумайды. Сондықтан болу керек, қорадағы көң исі сіңген шөптен
гөрі таза ауада ашық-шашық жатқан осы «пішенді» мал атаулы, әсіресе, сиыр қатты
ұнатады, қалаған жерінен суырып жей салады. Содан, қорадан гөрі көң мен тезек
қыстау айналасында көп болады. Ашақ моласының басына күн шығар-шықпастан
маңыздана, ыңырана-толғана жиылған осы топтың үйлері де дәл сондай-тын.
Әжімгерей қарттың қабағы салыңқы, жүзі сынық көрінді. Жұрттың сәлеміне салқын
ғана бас изеп, ернін жыбырлатты да қойды. Бейіт басына келгелі айтқан сөзі
алақандарына түкіріп күректерін дайындап тұрғандарға: «шегенді мен жүргізейін»
деді. Ешкім іштеңе айтқан жоқ. Қураған шағырдың бүртіктері сауылдап түсіп жатыр.
Шекпен, плаш, етік киген кісілер шөпті қолтықтап, түбірін бір жағына, басын бір
жағына келтіріп, реттей бастады. Шағыр бір қабат салынған соң үстіне бір қабат
топырақ жүргізіледі. Жұрттың бәрі аса ұқыптылық, ептілікпен қимылдайды. Іші-
сыртынан шашау шыққан бірер түбір, не бұта болса оны күректің сыртымен ұрып
тегістейді. Топырақты да талғап, таңдап алады. Тым сулау кесектерді Әжімгерей
күрегімен қағып кейін түсіреді: шегенді шірітіп жіберуі мүмкін. Шөп тасушылар екі
рет барып, төрт түйе шағырды тағы әкелді. Ешкім тіс жарып, тіл қатпайды. Қай
кетікке нені салу, топырақты қай жақтан беру, кімнің орыны қай жерде – бәр-бәрін
үнсіз ұғынысып, сеніммен, салмақпен қимыл жасайды. Топ-топ түскен топырақ пен
сытыр-сытыр сынған шөптің қу-бұталарының біркелкі дыбысы ғана естіледі. Әркімнің
жүзінде тер, көзінде ой. Шеген жүргізуші анда-санда әркімнің бетіне бір қарайды: көзі
күрек ұстағанға түссе – топырақ сұрағаны, қолғап кигенге түссе – шөп талап еткені
боп ұғылады. Жұрт көз қиығымен Әжімгерейдің қас-қабағын бағады. Егер ескі дүние
тарихынан сәл-пәл хабардар адамның көзімен сырттай бағып-байқағанға бұл шағын
топ Қошалақтың Қуантай қартына бейіт көтеріп жүрген қарапайым ауылдастардан
гөрі ең әйгілі фараонға ескерткіш-пирамида салуға жұмылған ертедегі Египет
шеберлеріне көбірек ұқсар еді. Қыр өлкесіндегі ана шұқыр, мына шұқырда отырған
осы адамдар қыстау салғанда да өстіп бас қосатын. Бірақ ешуақытта дәл мұндай
түсініскен емес. Біреу шеген түйсе, бесеу-алтауы соған ақыл айтып, мін тағып бос
жүретін. «Ана бір жерің қисайып кетті», «ей, мынаны былай қайырсайшы», «оны қой
деймін», «қап, бүлдірдің-ау», «көбейгір, өзің түк білмейді екенсің ғой», «әй, марқұм,
шеген түюдің шебері пәленше еді-ау» деген сықылды қанағатсыз, қайырсыз сөздермен
бірін-бірі қажап кұртатын. Ондайда кім өлген болса, сол озады, жата ғап бәрі соны
мақтайды, соның сүйегін тербетеді. Соның бәрін мойнынан тер бұршақтап, беті-қолын
шөпке талатып шеген түйіп тұрған байғұсты кеміту, соның шеберлігін көзге ілмеу
үшін айтатын сықылды. «Пәленше ме, а-а-аай, о жарықтықтың несін айтасың, қолы
алтын еді ғой» деп бір-екеу өп-өтірік күрсініп, көздерін сипасады. Кезінде «ол
марқұмға» да «әй, бүлдірдің-аудың» талайын айтқандары естерінде жоқ. Тірі шебер,
әрине, өлі шеберді олақ дей алмайды. Міншілер одан сайын желкелей, тұқырта түседі:
«Сені де Ләтифа байым бар деп жүр-ау», «Рахия кемпір сені де ұл таптым деп қалжа
жеді-ау» сықылды әзіл-шыны аралас мысқыл, кекесін сөздері тұс-тұстан жаудырады.
Алғашында ана байғұс ыржиып күліп қойып, ысылдап-пысылдап шегенін түйе береді.
Кейін о секілді бос сөздерге құлағы үйреніп кете ме, күлмек түгіл жымимайды да.
Ақырында, қолының қуаты біткен соң: «ал, әші, өздерің-ақ оқсата қойыңдар» деп,
ашуланып түсіп кетеді. Қыстау басына, амал жоқ, жаңағы әзілкештердің бірі шығады.
Оған да сөйтеді. Ол да алғашында күледі, сосын күлмейді, сосын ашуланып кетіп
қалады. Осылайша, шеберлер әлденеше ауысқаннан кейін, қыстау да бітеді. Қанша
берекесіз істелге