нмен, істің аты – іс. Үй иесі көрші-көлем, ағайын-туысқа рақметін
жаудырып, жаңа үйіне кіреді. Бар болса қой сойып, қол қусырады. Жоқ болса... жоқ
болса да солай етеді. Манағы шеберлер енді дастарқан басында сөз салыстырады.
Қайсысы қай бұрышты қате түйді, қай қатар еңкіш, қай қатар қайқы, соны бірінен-бірі
көріп, ызы-қиқы болады. Сырттай байқап отырсаңыз, іштерінде қолынан жұмыс
келетін бірде-біреуі жоқ боп шығады, Бірін-бірі іске алғысыз қылады да тастайды. Мін
қазысу, мұқатысуға келгенде оларға ішкім шақ келмейді. Үй иесі әр қайсысына бір
болысып отырып, ақыры, өз сөзіне өзі түсінуден қалады, басы айналады, сөзі көп,
ұяты аздаулары шыдап, ет жеп аттанады, қалғандары оспаққа, сынға шыдай алмай,
дастарқанды қайыра-қайыра тастап, тартып отырады. Ондайда әркім өз айтқанын
істемейді де, өзгенің сөзіне кешірімсіз келеді. Олар да, бірін-бірі енді қайтып
көрместей, кешпестей боп тарасады. Ілуде біреу болмаса қырда жөнді қыстау
кездеспейтіні де содан шығар. Ал, осынша берекесіз жұрттың өліні құрметтеуін,
оған деген сый-сияпатын көрсеңіз... тура өліп кеткіңіз келеді. Қазір де, мына Қуантай
қартқа бейіт тұрғызушылардың бүкіл бейіл-ниетіне, әр түп шағырдың өз орнына түсуі
үшін әркімнің-ақ жан салып жатқанына қарап бу не деген ауыз бірлігі күшті жұрт деп
таңдана ойлайсыз ғой... ойлаңыз, ойлаңыз...
Ашақ қауымының бас жағындағы қияқ үрпектің арғы астынан түбіттің шүйкесіндей
шұбалып, аппақ түтін шығады, құм елінің түтінінің өзі есепті болатын:
– Мынау не түтін?
– Бұ жерде ауыл жоқ еді ғой?
– Бірдеңе өртеніп жатқан жоқ па?
– Өрттің түтіні ондай болмайды.
Бәрі бұ кезде әжептәуір биіктеп үлгерген шеген үстіндегі Әжімгерейге қарады. Қарт
түтінге самарқау ғана көз тастады да, үн жоқ, түн жоқ, жұмысын істей берді. Аналар
білгісі кеп қанша әуестенгенмен, таң атқалы жалғыз-ақ ауыз сөз айтқан қарттан батып
іштеңе сұрай алмады. Сондықтан, біреу басын шайқады, біреу екі қолын жайды, енді
біреуі иығын қиқаң еткізді, ал Сақал-Сатым шырт түкіріп, дымқыл топыраққа күректі
ұңғысына дейін батырып кеп жіберді...

Сәске түс кезінде жаңағы түтін шыққан қабақтың астынан бір топ әйел көрінді.
Арқалаған, көтерген, қолтықтаған заттары бар. Жұрт біріне-бірі қарап, иықтарын
қиқаңдатып, бастарын шайқап, қолдарын жайып үлгергенше жаңағы топ бір күбі
қымыз, екі табақ ет, дастарқан, аяқ-табақтарды әкеліп, бейіттің басына қоя салды да
жеңдерімен маңдайларын сүртті. Бейіт басына табақ тарту да бұл өлкенің дәстүрі-тін.
Соңғы кезде тапшылыққа бола ұмытылып, қалып бара жатқан. Әжімгерей
ұйымдастырған шаруа екенін жұрт сонда барып түсінді.
Елдің осындай, төртеу-бесеуінің басы қосыла қалса, ауыл арасының жаяу өсегінен
кейінгі әңгіме ететіні Қуантай мен Әжімгерейдің әзілі. Ол екеуі әзілдескен жерде
қалайда, біреу отырады. Сол адам Қуекең былай деді, Әжекең алай деді сықылды,
өздерінше тапқыр, соны есептеген сөздерін елге жәйіп жібереді. Ондай сездерді,
көбіне, жандарынан шығарады. Бір күні,– деседі олар,– Әжекең сырқаттанып қалады.
Соны естіген Қуантай: «Әжімгерей өлсе-өлер-ау. Оның несі кетеді? Бүкіл Ашақ
қоңырын майға шірітіп, маған таза жер қалмайды ғой» деп қайғырыпты-мыс.
Әжімгерейдің жауабы: «Олай болса, май сіңбей тұрғанда қалаған жерінен орын
алсын! Маған содан қалғаны да жетеді» болыпты.
– Соларыңыз рас па еді?
Әжімгерей үндемей қалды. Айтсам бекер-ақ айтқан екенмін деп өкінетін сияқты.
Жұрт одан әрі қазбалаған жоқ... Бесін кезінде бейіт салынып бітті. Биіктігі кісі бойы
қол созым. Құбыла жағынан есік шығарылды. Дұға оқылып, бет сипалды. Жұрт
көліктеріне мінді. Біреу бейітке қарап тұрып:
– Бұ дүниеден бұйырғаны осы болды марқұмға,– деп күрсінді.
– Иә, ол екеуімізге бұйырғаны осы ғой енді,– деді Әжімгерей. Тағы да:
– Менен кейін есікті шегендеп, бітеп тастаңдар,– деп қосты. Қуантай қабырының
құбыла қатарынан бір кісілік орын қалдырылған-ды...
Құрдас, әзілдесе қалса бір-бірін аямайтын бұл екі қарттың осыншалық қиыспас
жандар екенін көп адам біле бермейтін. Екеуі ұзақ өмірді бірге өткізді. Талай
өкпелесіп те қалып жүрді. Бірақ өкпелері үш күннен артыққа созылған емес. Өйткені
сол реніш, өкпе үстінде бірін-бірі тырнамайтын. Үн-түнсіз екеуі екі жаққа тартып
отырады. Сосын, оңаша ойланғанда, әрқайсысы өзін-өзі кінәлайды. Бірін-бірі қайта
іздеп, қайта табысады. Әрбір айрылысып табысу араны бұрынғыдан да гөрі
жақындата, кіріктіре түседі. Бүкіл жан-дүниелерінде әрі бір-біріне қарама-қайшы, әрі
егіз қозыдай ұқсас бір құпия бар-тын. Бірін-бірі жақсы көргенде жәй, адамгершілік
парыз үшін емес, басқаша бола алмағандықтан жақсы көретін. Содан барып біріне-
бірі қажет, біріне-бірі мұқтаж болады да жүреді. Қайғырса – іздейді, қуанса – іздейді,
ауырса – іздейді. Бірге жүріп ғүмыр бойы бірін-бірі іздеп өткен кісілер-тін. Бір сөзбен
айтқанда, «кіндіктері бір» болатын. Әдебиетте бұл екеуіндей ұқсас екі кейіпкер болса –
біреуін сызып тастайды. Мұндай екі кейіпкер редактордың алдына барғанша ғана
өмір сүреді. Ал, өмірде? Өмірде бұлар жетпіске дейін бірге жасады. Сірә, өмірдің өз