ес. Анда-санда ана кісінің
жауабын тыңдаған сияқтанып, не бір ойланған кісіше кідіріс жасайтын. Ал, қазір,
тіпті, демін де алмайтын сықылды, өз сөзіне өзі тұншығардай. Шешесі сонша сөйлеп
отырғанда мақау адам құсап үндемей қарап отыруды бойына лайық көрмеді ме, әлде
бұ да бір сөз боп қалсын деді ме, саңырау қатын кемпірдің аузы толастай берген сәтте:
Иә, әрмияң аман ба екен? – деді. Бейне бір «нағашың ауылы аман ба екен» дегендей
етіп айтты. Сейсімет мына сұрақтан сасып қап:
– Шүки, шүки,– деп салды. Кемпір қызының өзін бөліп сөилегенін жаратпай
қалған-ды. Сонысын жасыра алмай, әрі қойған сұрағына мырс-мырс күлді:
– Ой, тәңір соқсын сені, «әрмияң аман ба» деген не сөз? Әрмия қайдан аман
болсын! Қырғын соғыс болып жатқан жер аман бола ма? Сонсоң Сейсіметке қарап:
– Құлағы естімейді, қарағым, мұның құлағы күйеуі барында кеткен,– деді,– кемпір
кіммен, қанша рет сөйлессе де қызы туралы ылғи осыны айтатын,– біраздан бері
колхоздың сиырын бағысады. Күнелтіс қой әйтеуір. Қысы-жазы шай-қатық еткеннен
басқа көріп жатқан пайдамыз шамалы... Осы қыста әжептәуір шығын болды. Мал
арып, ашып әрең көтерілді. Колхоздың әлгі Темірәлі деген басқармасы сиырға қара
шөп жегізіп қырып ала жаздады, қарағым. Қара шөп түйе мен қойға болмаса. Қар да
қалың жауды ғой... Не шақ келсін осынша малға. Пішен жетпей... қойдан да біраз
шығын болған құсайды. Шаруа білмейді түге. Шаруа білсе... баяғыда жарықтық қажы
қайнағалардың буаз ешкісінің өзін қаңтардың күнінде соя қалсаң ішін аша алмаушы
едің. Осы күнгінің малынан береке ұшты білем, сірә... жаны ашымайды ішкімнің.
Колхоздың малы... кімнің несі кетеді?.. жеке меншік мал неге өлмейді?.. Құдайдың
қысы барлығына ортақ емес пе, шырағым... Ашығатын колхоз малы, өлетін колхоз
малы, жоғалатын да сол... өлсе әкіт деген әлгі бір қағазын жазады да үшеу-төртеуі
тоңқаңдап қол қояды. Одан тіріліп жатқан мал жоқ. Қайта өліп жатыр, өліп жатыр...
малға жаның ашиды-ау. О бейшаралардың не жазығы бар? Колхоздікі болса да мал
ғой. Малдың бәрі бір... Иә, шырағым, солай! Шаруа білмегесін қиын-ау... Бәрі
шетінен қағаз жаза біледі. Ол қағаз пішен бола ма, қора бола ма...
Кемпір ағызып отыр. Аузы-аузына жұқпайды. Еш қайсысы орнынан қозғалмайды
да. Қызы анда-санда шешесінің аузына қарап қояды. Сейсіметтің ләм деуге шамасы
келер түрі көрінбейді. Бүгін бір ақтарылармын деп келіп еді. Жолай, осы үйге келе
жатып айтатын әңгімелерін қырлап, қисындап алған. Бұ маңда Сейсіметті көрмеген де,
тыңдамаған да осы екеуі. Алжыған кемпір мен саңырау қатынды өмірі естерінен
кетпестей етіп әңгімеге бір қандырмақ-ты. Қуантайдың, Әжімгерейдің, Сатымның,
Сандыбайдың үйінде айтқандарын бұл екеуіне қайталап айтуға әбден болатын-ды.
Өйткені... өйткені осыларға кім әңгіме айтады дейсің! Сейсімет: «Иақаттанып би
тыңдасын бишайалай» деп, екі мүскінге өзінше жақсылық істемекші-ді. Бірақ оның
реті келер емес. Біріншіден, әңгіме кемпірдің өзінен ауыспады. Екіншіден, «бұйқылдап
қайнап жатқан қазан» жоқ. Кемпір әлі сөйлеп отыр. Бір кезде:
– Сейсімет, шырағым, кәрі кісінің сөзі көп, Алла разы болсын. Мәруә келінге,
кішкентай екі жаманыңа сәлем айт. Осы күні қолы бос адам жоқ қой, шаруаң бар
шығар, асығып отырсаң рұқсат,– деді. Амал қайсы, Сейсімет қамшысын сүйретіп
есіктен шыға берді.
– Мына қыздың да жұмысы... сиырының алдынан шыққалы отыр. Бұл кезде
Сейсімет ат қазыққа жақындап барып қалған. Кемпір артынан дауыстап:
– Құлағы естімейді, қарағым, мұның құлағы күйеуі барында кеткен,– деді.

4
Июннің бас кезінде жаңбыр жауды да, артынан күн қатты ысыды. Бұл шөптің
пісуін тіпті тездетіп жіберді. Алда тұрған пішен орағына байланысты үлкен бір бас
қосу, мәжіліс өткізу керек болды. Жер шалғай, ел сирек. Басқарма мүшелерінен
бастары біріккен төрт-бес актив ақылдаса келіп, жиынды Алтай тауының құбыла
алдында отырған жылқышы Мәсәлімнің үйінде өткізбекке ұйғарды. “Жаңа өмір”
жерінің кіндік ортасы сол боп танылды. Жиналыс болатын күннен бір тәулік бұрын
біреуді біреу жұмсап, біреуден біреу хабарланып та үлгерген-ді. Дәл осы жиын
ашылатын күні ауданнан үш бірдей өкіл келді. Мәсәлімнің бес қанат үйі болатын.
Ауданнан келген үш қонақ қолтықтарына бір-бір жастықты қыстыра салып қисая-
қисая кеткенде басқа жұртқа тізе бүгер орын қалмады. Сондықтан жиынды далаға,
есік көзіндегі кішкене қызылтақтың басында өткізетін боп келісті. Елу шамалы кісісі
бар бұл жиын, сонымен, күн екіндіге таяп қалған кезде таза ауада, қырдың басында
ашылды. Екі жігіт барып үйден шағындау, сыры өшіп қалған ағаш сандықты әкеліп
шағылдың биіктеу жеріне қойды. Көпшілік сол сандықты айнала, алқа-қотан
отырысты. Біреу әр жеріне сия төгілген қызыл матаны қойнынан суырып алып,
сандыққа жапты. Бір келіншекті Темірәлі шақырып ап, сол «столдың» жанына
отырғызды да, қолына қағаз, қалам ұстатты. Президиумға үш өкілдің үшеуі де
сайланды. Олар шағылдың сандық тұрған тұсынан да гөрі биіктеу жерінен орын
алды. Колхоз шаруашылығында бұған дейінгі кеткен кемшіліктер, қыстың қатты
болғандығы, мал шығыны, соғыс ауырт