көріп кеткені де содан болса керек. Әйтеуір жұрттың бәріне күдіктене қарайды.
Айналадағының бәрі бұдан әлдене қасіретті жасырып, сыртынан саусақтарын
шошайтып, бастарын шайқап отыратындай қарап жүріп сезіктенетінді шығарды.
Аттылы біреу қатты келе жатса «қарашы деймін», «шықшы деймін, кім екен» «біздің
үйге қарай келе ме» деп Талжібектің жанын қоймайды. Біреу шауып келіп: «Сүйінші
балаң келіп қалды» десе, жүрегінің жарылып кетпесіне сенбейтіндей, өзі барып
қарауға қорқады: ылғи Талжібекті жұмсайды. Талжібек шығып, біліп келгенше тыным
таппайды. Үйдің ішінде теңселіп әрлі-берлі жүріп алады. Қошалақ пен Қанішкен
арасындағы айдау жол бұл ауылдан да мал өрісіндей ғана жер-тін. Талжібек кейде
қой жайып жүріп: «почташы Оразғалиды көрдім» десе, Қарашаш: «иә, не деді саған,
қалай амандасты, аман-сау сұрасқанда күліп тұрды ма, қайғырып тұрды ма» деп,
қазбалап есін шығарады. Қыз көбіне почта тасушыны көргенін апасынан жасырады,
айтпайды. Әйтпесе осы өлкеде Оразғалиды ең жиі көретін бір кісі болса – ол
Талжібек. Қойды құбыла-батысқа өргізсе болды үлкен жолдың үстінде итініп-тебініп
келе жатқан Оразғалиға кездеседі. Оны көрген сайын қыздың өзі де қатты үміттенеді.
Қарттың төбесі көрінгенде-ақ алдынан қарсы шығады. Әуелі ер адамдарша именбей,
ашық үнмен сәлем береді. Сонсоң... почташының бетіне жалтақ-жұлтақ қарайды.
Оразғали «аттың белі талады» деп, жол үстіне тоқтап тұрмайды, ылғи жүре сөйлеседі.
Қыздың ағасынан хабар күтіп жүргенін сезеді. Аман-саудан кейін Талжібек бетіне
жаутаң қағып қарағанда, сұратпай-ақ:
– Жоқ, қыз қарағым, болмай тұр ғой. Тшу, жамандатқыр!– деп қылт-қылт желіп,
қабақ асып кете барады. Қыз сол орнында сілейіп тұрып-тұрып, кейін қайтады.
Жаңада Қарашаштың есіне сол Оразғали түскен. «Байғұс бала, бірдеңе естіп келдің
ғой сен!» – деп ойлады. Іші-бауыры жидіп түскендей болды. Жұтынайын деп еді,
тамағына жұдырықтай бірдеңе тұрып апты. «Солай болды,– деп түйді Қарашаш тағы
да,– бұл қой жайып жүргенде Оразғали кездескен екен. Әнеугі Әжекеңнің баласынан
кейін аузы күйіп қалған қарт хат-хабарды жолай үлестіруге, айтуға батпаған. Бірақ
сәби жүрек бір сұмдықты сезген ғой». Кенет Қарашашқа Талжібектің көзі мана ісіңкі
көрінген сықылданып кетті. Келе сала сызға бауырын төсегені... әй, сорлаған болдық
қой шамасы! Ал, Құдай, ал! Мына шыбықтай қызды ал! Ол аз десең мені де ал! Ананы
да ал... бәрін ал!» деп өртене, өкси күбірледі. Талжібекті шашынан сүйреп тұрғызып,
желкелеп отырып шынын айтқызғысы келді. Ұмтылып барып қыздың жүзіне үңілді:
қаннен-қаперсіз, түрінде реніш-күйініштің ізі де жоқ, тып-тыныш ұйықтап жатыр.
Басында біраз шошайып отырды. Екі-үш қара шыбын кеп шашына, маңдайына
қонды. Алақанымен желпіп, ұшырып жіберді. Тамағындағы түйіншек лықсып,
төмен түсті. Еңкейіп қыздың шашынан иіскеді, күн иісі мүңк ете түсті. Қыз шырт
ұйқыда. «Жалғыз ағасынан жаманат естіген кісі үстіп жатар ма! Қой, босқа
үрейленбейін» – деп, кебісін киіп далаға шықты. Көлеңке ұзарып қалыпты. Мана
жіберілгенмен жайылмай, қызықтың басында әлі жатқан торыны ерттеп мініп,
күншығыс жақтағы жыңғылды сайға қарай аяңдады...
Үш-төрт күнге шейін қыздың қабағынан кірбің түспей қойды. Ешкіммен шешіліп
сөйлескен де жоқ. Сөйлескен күнде де сөзі шолақ, жауап, сұрақпен ғана шектеледі.
Ешкімнің бетіне тіктеп қарамайды. Өз-өзінен томаға тұйық, тынды да жүрді.
Қарашаш қыздың көңіліндегісін ақтартып шынын айтқызуға әлденеше рет оқталды.
Бірақ, ылғи белгісіз бір себептермен кейінге қалдырып отырды. Ертеңгі шайда
«қойшы, шайын ішіп алсыншы, түсте сұрармын», түсте «айтпай қайда барар дейсің,
кешке айтқызармын» деп өзін-өзі ірке берді. Талжібек те соны сезетін сықылды.
Қарашашпен оңаша қалса болғаны, қабағын шытып, домбырасын қолына алады.
Бірдеңе сұрап, не айтып мазамды алар деген кісіше, көріне көзге қашқақтайды.
Ақыры: «қойшы, қайтем жабысып, өзі айтар бір күні, айтпаса мейлі білсін, Өмірәліден
жаманат болса, ендігі белгілі болар еді... есі кірген бала ғой, түбі айтпай қоймас» деп
шешті.
2
– Үйдің ішіп қоқытпаңдар, әй, балалар, кештетіп көкелерің келіп қалар!
Мәруәнің осы сөзді айтуы-ақ мұң екен, көрананың арса-арса жаман тақтай есігі
ашылып, ар жағынан екі бүктетіліп кіріп келе жатқан «көкелерінің» дәл өзі – Сейсімет
көрінді. Қолында ескі көйлектің жеңіне салып, екі жағын буған бір нәрсесі бар.
Онысын Мәруәға беріп жатып:
– Ақиын, қиатып алма, әйі қой,– деп үбектеді. Келіншек ұстай беріп, түсіріп ала
жаздады, ауыр екен:
– Ту, зіл-қара тас, мынауың немене Құдай!
– Тек, тіл тигізбе жайықтыққа! Би әйуақты зат!
Мәруә тағы бірдеңе айта жаздап барып, өзін-өзі тоқтатты. «Әруақты зат» дегесін
қоя қойды. Қос қолдап көтеріп, жүктің артындағы қуысқа ептеп орналастырды.
Сыртынан ұстап байқады, сонсоң жайлап шайқап көрді: жеті қадақтық үлкен шөлмек,
ішінде лықылдап толып тұрған сұйық бір нәрсе. Келіншектің жүрегі шым ете қалды.
«Кешіре гөр, жарықтық, күнәм болса» деп күбірледі. «Қап, обал болды-ау, қолымды
да жумап еді