жақтың ірге-аяғын алып тастаған-ды. Күнсіп келгендерге, сонда да, үй тыншу,
қапырық сезілді. Алғаш кіріп келіп отыра қалғанда күн қақты жүздерді тер жуып қоя
берді. Мосыға қайнаған қара шәйнектен Талжібек шай ішіп жарымады. Көңілсіз,
сүлесоқ. Кереге басында ілулі тұрған домбырасын бір-екі шертіп үнін байқады.
Сонсоң іргенің топырағын қазып-қазып жіберіп, домбыраның шанағын көміп қойды.
Қаңсымасын дегені.
– Жібекжан шайды неге аз іштің, шөлдемедің бе? – деді Қарашаш.
– Шөлім қанды.
– Бір жерің ауырып келген жоқ па? Көңілсізсің ғой?
– Жоқ. Жәй. Шаршап келдім.
Талжібек ешуақытта шаршадым деп айтпайтын. Мал қайырсын, қауға тартсын,
тіпті, ұзақты күн өрмек тоқығанда да мұндай сөз аузынан шығып көрген емес.
Сондықтан оның шаршадым дегеніне екі әйел сенген жоқ. Қарашаш ойына бірдеңе
түскендей, кенет:
– Әлде, біреу ренжітті ме? – деп сұрады.
– Жоқ, қойыңызшы, тіпті, қазбаламай... кейін... қыз өз сөзін өзі бөліп, жүктің
үстінен үлкен көк жастықты түрулі іргеге тастай бергенде, керегенің көгі іліп, тысы
жыртылып кетті. Мамық жастыққа бетін көме, жер бауырлап жатып қалды. Бір
адамның қабағына кірбің түссе, теңірегіндегі жұрттың мазасы кетеді ғой. Қарап
отырып Қарашаштың басы ауырды: Іргеде жатқан көрпе-төсекті төрт бүктеп басына
салып, ол да қисайды. Мәруә екі баласын ертіп, көранасына кетті. Таңертең үйден
күліп-ойнап кеткен жас қыз өрістен өзгеріп қайтты, неге? Не себеп? Дені сау сияқты.
Әлде шаршады ма екен? «Жо-жоқ шаршағанға қабағы салбырамайды оның!» деп
ойлады Қарашаш. Талжібектің мұндай кезін көрмеген-ді. Жылаған шақтары есінде.
Күліп отырып жылап, жылап отырып күлетін сәби мінезді қыздың мына тымыраюы
ақылға сыймайды. Өзі ренжу тұрмақ, айналасындағылардың ренішін көргісі
келмейтін биязы жан... аяқ астынан не болды бұған? Апа, апа, деп қасы мен қабағына
қарап, бәйек боп жүретін Жібекжанының бүгінгі мінезіне Қарашаш түсіне алмай-ақ
қойды. Манағы, құдық басына келгеннен бергі жүріс-тұрысын, мінез-құлқын көз
алдына елестете бастады: бұлар қойды суғарып бола бергенде ғой келді. Алдында
төрт-бес қой бар. Бөлініп, көлеңкелеп қалған қой. Өйткені, ылғи солай, Қарашаштың
өзі шыққанда да солай болады. Ішінде екеу-үшеуі құрттаған. Арық-тұрақтың
жабағысы қапелімде көтеріле қоя ма, көктемде бұ байғұстарды қырқу бір әбігер
болған. Сонда қырықтық кескен жерлері, шыбын шығып кеткендіктен, әлі жазылмай
келеді. Ондай, үстерінде сәл-кем «ақауы» бар жануар күн көтерілгесін-ақ жайыла
алмайды. Жарасына шыбын қонып мазалай бергесін, қайда барса да соңынан
қалмайтын тұмсықтары жылтылдаған бармақтай-бармақтай көк шыбыннан қой тек
тезірек көлеңке тауып жатып құтылады. Және бір жатқан жерінде, қашан түртіп
тұрғызғанша жата береді. Талжібек те бүгін сол жатып қалғандарды теріп жүріп
тұрғызып, кейінірек, кешірек келген-ді. Одан кейін не болды? Түк те болған жоқ.
Шайды аз ішті. «Шайды неге аз іштің?» «Шөлім қанды». «Бір жерің ауыра ма?»
«Жоқ. Жәй, шаршап келдім» Өтірік! (Өтірік дегенде Қарашаштың даусы шығып кете
жаздады). Өтірік болмаса, айтатын бірдеңесі болмаса «кейін» деп неге іркіледі? Содан
соң? Содан соң түк те болған жоқ. Жатысы мынау. Әншейінде төсекке жатарда «апа»
деп Қарашаштың мойнына бір асылып, еркелемей көңлі көншімейтін. Бүгін
Қарашашқа көзімен емес, желкесінің шұңқырымен қараған секілденді. Еркелеу,
апалау былай тұрсын! «Қалай болса да бір өзгеріс болды» – деп ойлады Қарашаш...–
Өрісте жүргенде біреу бірдеңе айтып ренжітті ме екен? Онда, оның несін «кейінге»
қалдырады? Бәлкім... бәлкім... бәлкім» Қарашаш басын жастықтан жұлып алды.
Табиғатынан қайратты, ер көңілді әйел осының бірде-біріне көңіл аудармас еді. Қой
жая кеткен қыз үйге құлықсыз оралды. Бар болғаны сол. Онда не тұр? Мүмкін
шаршаған шығар? Мүмкін, басқа бір себебі болар?! Әрі-беріден кейін адам қарап
жүріп те мұңая салмай ма? Әсіресе Талжібек. Кейде домбыраны тартып-тартып алып
өзінен-өзі отырып ебіл-себіл жылайтын қожанасыр жан емес пе бұл? Осылай ойласа
қолды бір сілтеп, шайын ішіп отыра берер еді. Бірақ... бірақ Қарашаш қанша
қайратты болғанмен ана, әйел. Егер армияда баласы болмаса, одан қағаздың
«қарасы» да, «ағы» да келмей жатпаса, бір қыздың қабағына бола дәл осынша
мазасызданатын жөні жоқ-ты. Жаңа «бәлкім, бәлкім» деп жастықтан басын жұлып
алғанда сол Өмірәліжанынан бір жағымсыз хабар естіді, соны менен жасырдыға
жорып, қатты үрейленді. «Соғыс әлдеқашан басылды. Тірі қалғандар там-тұмдап
келіп жатыр. Не өлі, не тірі деген хабар болмады. Үкімет халқына есеп беруге міндетті
еді ғой?» деп ойлайды Қарашаш... Бар сенетіні: «өлсе менің көңіліме қарап қайтсын,
айтар еді, тірі болар» деген есек дәме. Одан басқа сүйеніші қалмады. Дегенмен соңғы
уақытта тым мазасыз, қорқақ, үргелек болып барады. Екі-үш кісінің басы қосылып
көрінсе зәре-құты қалмайды. Әсіресе, әнеугі Әжімгерейдің баласын естіттіргеннен бері
тіпті үрейлі. Еділхан сықылды бір «білгішсымақ» мұның баласының да «қара
қағазын» хат қып беретін сияқты