рата құлатып үйге кірді. Көлеңкеде тілі
салақтап, ырс-ырс етіп Мәруәнің қара күшігі жатыр. Ашақ шошағының басында,
қайдан келгені белгісіз, бір үйір жылқы жусап тұр. Шәңкеш қыстауы жағынан «шәйт,
шәйт» деп қой қайырған Талжібектің даусы естіледі. Айнала мұнар. Алыстағы
шағылдар, бір түрлі теңселіп, дірілдеп көрінеді. Қарашаш бұзауларын көлеңкеге,
белдеуге байлады. Екі шелекті біріне-бірін кигізіп, қазықтың басына төңкерді:
– Әлгіңді күнге қарсы неге жібердің, күнсіп өледі ғой!
– Түс қайта кет, алдыңда ел жоқ деп едім, тыңдамады, мейлі, обалы өзіне.
– Бүгін әйтеуір ысиын деп тұр, ертерек барып астауға су толтырмаса болмас.
– Талжібек те әбден сілелеп келер. Бүгіннен кейін оны жұмсамаспыз.
– Иә, қыз балаға қой бағу қайдан жарассын.
– Айтпақшы, Қанипа апай қайтсем де со қызды Еділханға әперем деп жүрген
көрінеді ғой. – Мәруә Қарашашқа көзінің қиығымен сынай, барлай қарады. Қарашаш:
– Мә, мынаны алар!– деп, екі саусағының арасынан бармағының басын көрсетті,–
соны шықылықтатып құдаға-ай деп отырсам-ау! Анау көлгір, арам інісіне
Жібекжанды қатын етсем... жағар еді-ау жандарына!– Қарашаш ұстап тұрған иін
ағашын лақтырып жіберді. Екі әйел оны-мұныларын істей жүріп сөйлеседі. Екеуі екі
үйдің есігінің алдын біраз ретке келтіріп тастады. Мәруә:
– Неге олай дейсіз, апа, Еділхан жап-жақсы бала емес пе? Оның не арамдығын
көрдіңіз? Жас, Талжібектің теңі...– деп қуланды.
– Арам болмаса, көлгір болмаса «қара қағазды» қате оқи ма! Одан да айтпай ма,
орысшам жетпейді, түсінбедім деп. Көргенсіз, хақымақ! Біреуге жаназа шығартудың
орнына той еттіріп! Оқыдым деп, бірдеңе білем деп, адаммын деп.– Қарашаш күйіп-
пісті. Мәруә одан сайын қыздырып басады:
– Дегенмен Әжімгерей атам (біреу естіп қалмады ма дегендей, айналасына қарап) о
баланы жақсы көреді екен. Талжібекті сұрай со қарттың өзі келсе қайтесіз? –
Қарашаштың талағы тарс айрылды:
– Әнән! Шаптан түртуін қарашы мұның. Әжімгерей жетпіске келгенде бала болып
кетті деп пе едің? Ол кімнің кім екенін білетін қарт, қарағым. Талжібекті Еділхан үшін,
өліп кетсе де, сұрамайды, білдің бе! Сөзі өтпейтін жерде неге сөйлесін ол! Айналып
кетейін, сен өйтіп қажама мені! Тілімді қышытпа! Еділхан жақсы болса байың мен екі
балаңды тастап ти өзің! Оттамай одан да жүр, қой суғарамыз!
– Қойдық, құрысын, қойдық! Қыз сіздікі ғой, кімге берсеңіз де еркіңіз! Мен жәй
сұрай салып едім!–деп күлген болды анау. Қарашаш келіншектің бетіне алайып бір
қарады. Бірақ үндеген жоқ. Жаңағы лақтырған иінағашы мен екі шелегін алып,
құдыққа қарай аяңдады. Мәруә артынан ерді. Бұлар құдыққа таяп барғанда
соңдарынан арсалаңдап қара күшік қуып жетті. Астауды суға толтырғанша қой да
келіп қалды. Маңырай, шулай, бірін-бірі баса-көктей келіп астауға бас қойды. Қой
онша көп емес-ті. Әйткенмен жаратылысынан берекесіз мал топырлап, қырылып-
жойылып әңкі-тәңкі етеді. Астау толы су болмаса құдыққа түсіп кетуден дүз
жанбайды. Және бірі ұмтылған жерге бәрі ұмтылады. Ондайда астаудың алдында
біреу қайырып, қағып тұрмаса қауға тартып жатқан кісіні құдыққа салып жіберуі
кәдік. Қазір Қарашаш қауға тартып, екі баласы, қара күшік пен Мәруә – төртеуі
астаудың алдында тұр. Қара күшіктен басқасының қолдарында бір-бір таяқ. Талжібек
бөлініп қалған төрт-бес қойды айдап кейінірек келді. Жүзі қаңырайып, тотығып
кетіпті. Бастыра, жағынан байлаған орамалының бір кезде қызыл түсі болғаны екі
ұшынан ғана көрінеді. Мінген аты – қой торы, бырт-бырт сүрініп, қалғып әрең келеді.
Астауды көргесін барып көзін ашып, жеделдей аяңдады. Талжібек ерден үзеңгісін
баспай секіріп түсіп, торыны суға қоя берді, өзі жар басына, жақында қазылған
құдықтың сыз топырағына бауырын төсеп етпетінен жата кетті. Қарашаш:
– Айналайын-ай, қаның кепті-ау, күнсіп өлдің ғой әбден, үйге бара берші, біз қой
суғарып барармыз,– деп асты-үстіне түсті.
– Сүйт, айнам, бара ғой,– деді Мәруә. Қыз үн-түнсіз жатыр.
– Ыссылап келдің бе? Басыңа су құяйын, салқын болады.– Қыз басын шайқады. Өзі
бір түрлі көңілсіз сияқтанды. Екі әйел біріне-бірі қарады. Суға қанып болған қой
күншығыс жақтағы жыңғылды сайға қарай шұбырды. Қарашаш атқа мініп қойды,
күндегіше, жыңғылды сайға айдай апарып иірді. Талжібек түрегеп көлеңкесін өлшеді:
бір табан-тал түс! Қырдың сағаты есептелетін бұл тәсілді сәби балаға шейін біледі.
Жүзін тура арқаға беріп тіп-тік тұрады. Сонда түскен көлеңкенің ұзындығы бір
табаннан аспаса – түс болғаны. Құм қатты ысыпты. Жұқа, қолдан тіккен кебістерден
өткен ыстықтың өзі аяқты күйдіріп барады. Құдық пен үйдің арасындағы Қызыл
қабақтың басына екі айғұлақ-батпа шықты. Екеуінің де терілері күйіп, түлеп
жалбырап жүр. Бұлар жетіп келгенде екеуі анадай жерге жүгіріп барып, бата-бата
қалысты.
Мәруәнің екі баласы жүгіріп-жүгіріп ап, табандарымен шөп басып, тұра-тұра
қалысады. Суылдағы шығып қалған жол ыстық, жолсыз жерде тікен көп. Екеуі
табандарын кезек-кезек сипалап: «күйіп қалды, күйіп қалды» деп шыр-шыр етеді.
Мәруә әлсін-әлсін шелегіндегі судан балалардың аяқтарына себеді. Құдық пен үйдің
арасына