, оның үстіне,– үйдегілерге тыңдауға әзірсіңдер ме дегендей,
жағалай бір қарап ап,– қалтамда дүкәмәт бай, дүкәмәт! – деді. Сөйтті де оң жақ төс
қалтасының түймесін ағытып жіберіп, қатталып бүктелген шағын бір бума қағазды
алып шықты. Әжекеңе қарап:
– Нағашы, жаман жиеніңіздің абиойы асып тұй! Қайа мынаны, сен гиамтни паенсың
ғой,– деп қағаздарды Еділханның алдына тастады. Еділхан әр қайсысын бір көреді.
– Оқып жібей, оқы қайағым, мына кісілей тыңдасын!– Еділхан бүктесінінен
қырқылып, әрі сарғайып бара жатқан бір жапырақ қағазды жазып оқи жөнелді.
«Справка дана рядовому Айстанову С. в том, что он временно освобождается от
боевых занятий в связи с болезнью дизентерий...» Сейсімет бөліп кетіп:
– Бұл менің Кеймания жейінен алған дүкәмәтім!– деп қойды.
Қыр қазағына документ деген сөздің өзі «құран» деген сияқты түсініксіз, алыс
ұғым-тын. Олар баласының туған уақытын: «Әне біреу қар қалың жауатын жылы», не
«үлкен қарашаның кірісінде», «ауданнан уәкіл келетін жұртта отырғанда»,
«пәленшенің қызы қайтып келетін жылы», «қара інгеннің ботасы өлетін жазда» деп
есептеп шығара салады. Анда-санда қалаға мал сатарда ғана ауыл советтен
«ыспрапкі» алғандары болмаса, тегінде, документ ұстап көргендер кемде-кем-тін.
Сондықтан, дүкәмәт армияға дейін Сейсіметте де болмады. Бір сөзбен, «дүкәмәтім
бай» деп мақтануына әбден хақы бар еді. Оның үстіне жұрттың бәрі бөз көйлектің өзін
бүтін кие алмай жүрген кезде мына сықылды «көк мауыт» кительдің қалтасынан
шыққан «дүкәмәт» қандай құдірет, қандай бедел! Еділхан әрқайсысынан бірер сөз
оқиды да, ысырып қояды. Паспорт, әскери билет, Сейсіметтің омырауындағы екі
медальдікі болу керек, екі кішкене қағаз тағы бар. Сейсімет тамағын кенеп:
– Пашпитты оқышы, пашпитты!–деді. Еділхан: «Фамилия, имя отчество, Айстанов
Сейсімет, время и место рождения 17 апреля 1916 г. Кошалакский а/совет район
Денгизский, область Гурьевской, национальность казах, подпись владельца» деп
мүдіріп қалды. Босағада қонақтарға бір қырын отырып нан жайып жатқан Мәруә:
– Біреудің мінін келемеш етпей-ақ оқыса қайтеді екен,– деп имене тіл қатты. Еділхан
ыңғайсызданып, кешірім сұрағандай кінәлі, бәсең үнмен:
– Мұнда солай жазылған, жеңеше, өзі солай, міне, көріңіз,–деп паспортты Мәруәға
берді. Мәруә қолының қамырын көрсетіп, Талжібекке «сен ал» дегенді ыммен
түсіндірді. Талжібек паспорттың бірінші бетін ернін жыбырлатып, ішінен оқып көріп,
күліп жіберді. Күлді де қып-қызыл боп кетті. Қарашаш әлі ештеңеге түсінбей отырған,
Талжібекке қаратып:
– О немене, айтсаңдаршы, біз де күлейік, екеу-ара пыш-пыш етпей,– деп кейіп
тастады. Әжімгерей:
– Орыс қайдан білсін Сейсіметтің әкесінің аты Айыстан емес, Арыстан екенін.
Мұның қолында бұрын дүкәметі болмаған шығар.
– Аналар айтқанын жазған ғой,– деп сыбырлап Сандыбай мырс ете қалып еді,
Сисенбай Сандыбайдан олқы емес екенімді осы жолы бір көрсетейін деген кісіше
тырқылдап кеп күлді.
– Сонда бұл түгелімен сақау дүкәмәт болды-ау, а?
– Еһе, һе-һе-е-е, қырғын-ай... Қарашаш:
– Е-е-е Құдай-ай, сол ма еді?! Әй, хақымақ қой (анаңды деп келе жатты да, аузын
баса қойып) айналып кетейін! – деді. Сейсімет:
– Айтасың-ау, қайян Қайеке-ай,– деп кеңкілдеді.
– А-а-а? – деді кемпір.
Үш күннен кейін Сейсімет Қанішкенге аттанды. Одан бір күн бұрын жылқышы
Мәсәлімнен барып ат сұрап әкелген-ді. Қарашаштардың қолында қойға, анда-мұнда
мінетін екі ат бар еді. Сейсімет оның бірде-бірін місе тұтпады. «Айыстай азамат жуас
ат мінбес болай» деп шіренді. Мәсәлім өзінің қыс мінетін төл атын берді. Қоңыр ат,
жирен айғыр секілді, сіңірлі қайратты жылқы-тын. Үйдей тоқ, ірі атқа мініп тұрып
Сейсімет: «баям ауданға, дүкәмәтімді көйсетіп қызмет, ойын сұяймын» деді не шырт
түкіріп жүріп кетті. Бір қабақ асып түсіп, қайтадан келді:
– Мәйуә, ә Мәйуә. Менің шинелімді бейші?
– Жазған-ау, оны қайтесің, күн күйіп тұрған жоқ па?
– Кейек болады, Мәйуәжан, кейек болады, поймы ғой ол, панимаеш.
– Күн күйіп тұрғанда зілдей етіп! – Мәруә күңкілдей, сөйлей жүріп көк шинелді
әкеліп берді. Сейсімет шинелді көпшіктің астына салып, ерге қайта отырды. Жазылы
түйеге мінгендей қоқырайып қалды. Атын бырт-бырт желдіріп, есік алдындағы қызыл
қабақтан әрі асты. Мәруә артынан қарап тұрған-ды. Киіз үйінің есігіне ағаш салып
жүрген Қарашашқа дауыстады:
– Апа, ау, апа, аудан анаған,– күйеуі кеткен жақты иегімен нұсқап,– шынымен орын
берер ме екен?
– Қайдан білейін, қарағым, дүкәметі көп кісіге берсе бұған да берер. Омырауында
меделі, басында бөркі бар азамат емес пе!
– Әй қайдам! Маған оның ауданнан алған орнынан бұрынғы жылқысы артық.
Қолда жылқы болса осы күні бие байлап отырмас па едік!
– Әйтеуір, азаматың аман келді ғой, әр жағын көрерсің-дағы.
– Солай ғой, апа, әншейін айтам-ау.
Күн түске тармасып қалған. Жел тымық. Аспанда шөкім бұлт жоқ. Шошала қуған
қара сиыр құйрығын шаншып ап, шабумен барып күншығыс жақ сайдағы қалың
жыңғылға қойып кетті. Қарашаштың екі бұзауы бас жіптерін шұбатып жүгіріп кеп,
есік алдындағы шелек, құманды салды