болса жасып, мұңайып қалатынды шығарып жүр. Алғашында өзі тұстас балаларға,
көрші-қолаң, әсіресе, мамасына қалай шапқанын, қалай озғанын жырдай ғып
мақтанатын. Шапқан жирен емес, қара баланың өзі сияқты, «бүйтіп шаптым, міне
былай зу етіп оздым» деп соғатын. Екі-үш күн ұдайы айтылған әңгіменің көп ұзамай-
ақ дәмі таусылды. Ілкіде аузын ашып, таң-тамаша қалып тыңдаған құрбылар бірте-
бірте тыңдамай, тіпті мазақ ететінді шығарғасын айтуды мүлде қойған. Енді сол бәйгі
мен жирен айғыр әңгіме болған жерден қашып құтылғысы бар. Өзінің атқа шапқаны,
онымен қоймай озғаны абырой, атақтан гөрі, бір түрлі, кешірілмес күнә, ауыр
қылмысқа көбірек ұқсап бара жатқан-ды. Әуелгі күндері біреу: «бәйгі бала», «нағыз
ат бегі түбінде осы болады» десе дәлиіп, мәз болып жүрді. Үйдегілердің өзін қозыға,
бұзауға жұмсағанын ерсі көретін. «Бәйгі баланы», болашақ атақты «ат бегіні» кемсіту,
қадірлемеу деп түсінді. Шынында да, атақты адамдарды құрметтеу керек қой?
Асылы, осы үлкен кісілерге атақ, абырой – бес тиын секілді. Әйтпесе, мұны «бәйгі
баланы» қор ғып бұзауға, қозыға жұмсай ма?! Қозы мен бұзауды кім қайырмайды?!
Ана Көбеш, Жұмажан, Садықбайлар жирен айғыр сықылды жүйрікке мінбек түгілі,
шабдар байталға да отыра алмайды. Әне, солар бақсын қозы мен бұзауды! Ал,
мұның, Идаяттың жұмысы ол емес, басқа, үлкенірек, қиынырақ жұмыс. Кез-келген
көкмұрынның қолынан келетін шаруа ма екен бұл! Атқа шауып, бәйгі алу! Со
күндері: «қой бұ үлкен кісілерді, кісі емес бұлар!»– деп ренжіп жүрді. Бұлардың
маңдайынан сипағанына сеніп болмайды, өйткені, сипап отырып құлақ-шекеңнен
қонжитып жіберуі де қиын көрінбейді. Әсіресе, Идаятқа батқаны: бұл сол бәйгі алып
(бәйгіні Қарашаш әкеліп берген-ді) қайтқан күннің ертесіне... Көкесі мен мамасы
құдыққа, мал суғара кеткен. Үш қызбен үйде қалған келін, кәдімгі жаман қара қатын,
мұны бұзауға жұмсады. Бұл бармады. Сонда бар ғой, сонда... жақтан келіп тартты-ау!
Бір жақ аз болғандай, екі жақтан кезек-кезек шапалақтады. Келгесін көкесіне айтты.
Сондағы көкесіне өкпелегені есінен кетпес.
– О несі-ей, менің балама тигені!
Бар айтқаны осы. Оның өзін бұған әншейін көз ғып, көңіл үшін айтқан сияқтанды.
Жаңағы айтып отырғаны анау. Сейсімет: «балаңыздың бәйгісі құтты болсын!» десе,
көкесі: «айтсын, сенің жирен айғырыңның арқасы ғой» дейді. Әрине, жирен
айғырдың арқасы! Соны анықтамай-ақ қойса болар еді! Осының бәрі жанына тиіп,
жасып отырған қара баланы Сейсімет маңдайдан сипап, арқадан қақты. Бірақ онысы
баланы еркелетіп, жұбатқан жоқ, қайта қайрап, ашындырып жіберді. Маңдайынан
бір сипап, екінші рет алақанын ыңғайлай бергенде бұл басын ала қашты. Содан,
өзінше атын жібермек болғансып далаға шыға жөнелді. Сейсімет ақыл-есі толысқан
адамның әдетінше күлімсіреп, басын шайқап қала берді.
– Күшік! Бұл да ейжетіп кеткен бе, немене?
Сейсімет түрегеп барып, анадай жерде теңкиіп, буулы жатқан кенеп мөшекті әкеп
аузын шешті. Ішінен түйенің мойнағындай қатқан сары қайыс етікті алып: «Мынау
Мәйуәға әкелгенім» деп, былай қойды, Жалпақ темір тоғалы қайыс белбеуді Еділханға
берді: Бес-алты қол фонарьды көрсетіп: Қадижандікі,– деп қайта салды. Мешоктың ең
түбінен бір қауым әйелдің іш-көйлегін суырып, біреуін, нағашы-шеше, мынау сізге
кигізген көйлегім,– деп Әжекең кемпірінің алдына тастады. Кемпір жалма-жан қолына
алып, айналдырып қарады да, кенет:
– Ойбай, қарағым-ау, мынаның етегі қайсы, жағасы қайсы? – деп таңданды. Мәруә:
– Жұрттың бәріне көрсетіп, үстіп жаяды да отырады!– деп күңкілдеді. Сейсіметтің
әскери дорбасының аузын бүгін осымен үшінші рет шешуі. Өзі таңертең елдің төсегі
жиылмай келді. Қанішкеннен бері біреуден-біреу жалғасып, ылаулап әрең жетіпті.
Үйге алып келген Сисенбай. Сандыбай мал қарап жүріп тап болды. Келген бойда
қапты оларға бір шешіп көрсеткен. Одан кейін Қарашаш пен Талжібекке... бір-бір іш
көйлек берді. Мына жолғысы Мәруәға артық көрінгені содан-ды. Сейсіметтің осы
дорбасының аузын шешпесе қолы жыбырлап отыра алмайтын секілді. Ішінде, аузын
ашып, ауа жібермесе тұншығып өлетін бірдеңе жатқандай, қайта-қайта шешеді. Ал,
қайта буғанда, енді қайтып ашпастай, шешпестей ғып «біржолата» байлайды. Кісімен
сөйлесіп отырғанда да әлсін-әлсін сол бумасына қараумен болды. Біреудің сұрағына
жауап берерде, не өзі бірдеңе айтарда, алдымен дорбасына қарап алады. Соның
ішінде, бейне бір, оны-мұны зат емес, Сейсіметке ең қымбат, ең қажет нәрсе – ақыл
жатқан сын-ды.
Күн ыстық болатын. Аядай көрананың іші шай ішілгесін тіпті, күйіп кетті. Көк
кителінің арқасы қарайып, қара су боп Сейсімет отыр. «Үстіңдегіңді шешіп
қойсайшы» десе, «Әймияның тәйтібі ғой, остапты бұзуға болмайды» деп басын
шайқайды. Осы отырғандар көрмеген, көрсетпеген тағы бір қазна бар-ды. Манадан
бері Сейсімет әркімнің бетіне бір жалтақтап, сол асылын қайтып көрсетіп, қалай
мақтанарын білмей отырған. Жаңа біреудің «үстіңдегіңді шешсейші» дегені соған
әдемі сылтау болды. Өзі не істерін білмей отырған кісі: «Әймияның тәйтібі ғой,
остапты бұзу жәямайды