хайуан ғой олай!– деп қосты. Отырғандар біріне-бірі қарады. Бәрі бір сәт үнсіз
қалды. Тыныштықты Сандыбай бұзды:
– Қолдарыңа мылтық берген шығар?
– Әййне, бейді.
– Атылатын, кәдімгі мылтықтар ма?
Сейсімет намыстанып қалды:
– Кәнешні, атылатын мылтық! Пионтта атылмайтын мылтық бола ма?
– Аттыңдар ма?
– Тфу, ей бок, сіз бай ғой қызықсыз. Атпағанда ше? – Сейсімет шынымен ренжіп,
теріс айналып ірге жағына қарады. «Әй, қаян қаяңғылық-ай» деп күбірледі. Сандыбай
шұқшиып қояр емес:
– Жоқ деймін-ау, сөйтіп... кімді аттыңдар?
– Как кімді аттыңдай? Жауды аттық.
– Көрмесеңдер қалай атасыңдар? – Сейсімет ыза бола бастады:
– Сіз бай ғой,– деді,– сіз әймия тұймысынан түк те түсінбейсіз. Сізге пәлен деп
түсіндию напиасни тиуд. “Әймияда көймей де ата беюге болатынын сіз қайдан білейін
деп едіңіз. Мылтықты би жауынгейдей-ақ аттым,– деп тоқтады. Жұрт аң-таң. Әсіресе
«әрмияда көрмей де ата беруге болады» дегенді ешқайсысы миына сыйғыза алмады.
Көрмесе неге атады, нені атады? Кімді, нені атқанын көрмей де кісі мылтық атады
екен?
– О, тоба-ай,– деді Сандыбай.
– Ой, Алла-ай! – деді Сисенбай.– Ел Сисенбайды көлеңке сияқты, қасындагы кісі не
айтса соны айтады деп күлкі ететін. Сисенбай соның шет-жағасын естігенмен, «сыннан
қорытынды шығаруға қолы тимей жүрген. Осы жолы ешкімді қайталамайтынын,
өзінше, тек Сисенбайша ғана сөйлей алатынын бір көрсетті. Бұл тапқырлығына өзі де
сүйсініп, дардай көтеріліп қалды. Сандыбайды қайталайды дейді-ау. Қайталаса сөйте
ме?
– О, тоба-ай!
– Ой, Алла-ай! – Сандыбай «О, тоба-ай» десе, бұл: «Ой, Алла-ай». Жұртта пәтуә
жоқ-ау, Сисекеңде несі бар, түге! Бір кезде оны: «Әжімгерей қартқа еліктейді, сол
құсап қолын артына ұстайды, желкесіне қарамай» деп күлісті. Енді Сандыбайға
қосақтап жүр...
– Ананы-мынаны сұрап мазамды алды деп сөкпе, шырағым,– деді Сандыбай тағы
да,– біз осы ауылдан аттап шықпаған қараңғы адамдармыз! Әрмияның жәйін
білмейміз, білсек сұрамас едік. «Пәлен пәлен пашес өлтірді, пәлен өйтті, пәлен
бүйтті» деп, біздің «Социалистік жол» газеті жазып жатады. Сен керой емес боларсың.
Сонда да... айып етпе, шырағым, өзің қаншасын сұлаттың? – Сейсімет Сандыбайдың
аузынан: «сөкпе», «айып етпе» деген сөздер шыққасын жаңағы ренішін ұмытып кетті:
– Дұйыс қой, Сәке, дұйыс қой. Би иет каманди «маладес Айыстанов» деп айқамнан
қақты. Бақсам, менің оғым ағаштың басында отиған би пәшесті жұлып түсиіпті. Ол
биеу болғанмен биегей, пәшестейдің снайпейі екен. Содан қайтып мен мылтықты
жоғайыға ататын болдым.
– Қайтсын қарағым, ат дегесін атады ғой,– деп күрсінді кемпір.
«Ақ көңіл байғұс,– деп ойлады Әжімгерей,– өтірік айтуды да білмейсің, өстіп күлкі
боласың енді. Көздеп тұрып атып салдым бір немісті. Сол үшін мына медальді берді
десең ғой бәріміз сенеміз. Ешкім күлкі де етпес еді сені. Өзің бүлдіресің, өзің.
Сөйлетіп, сөйлетіп алып, мына Сандыбайлар ертең-ақ елге жаяр. Әй, байғұс бала-ай,
қайтейін».– Әжекеңнің ғұмырында тұңғыш рет Сейсімет үшін намысы келді. Бағана
бірінші көргенде: «тәрбие түзейді ғой, түзелген шығар» деп түйген. Орыс сөзін
араластыра шіреніп амандасқанын да сәл жатырқағанмен, пәлендей айып санамаған.
Медаль тағып, көк киіп қатып тұрған «айыстай азамат» екі ауыз сөз айтқанда, ар
жағынан баяғы Сейсімет шыға келді. Әскери киім қанша әдемі, қанша айбынды
болғанымен Сейсіметке, оқтау жұтқандай ғып серейткеннен басқа өзгеріс ендіре
алмаған. Бұның әскерге алты ағасы алынды. Үшеуінен «қара қағаз» да келіп үлгерді.
Үшеуі хабарсыз. Олар қандай еді. Бір атадан ғана емес, бүкіл бір колхоздан қол-
аяғы бүтін, аман-сау оралып отырған жалғыз осы. Сейсіметтің өзіне тете ағасы
Арқалық ойын-шынын араластыра: «біздің Сейсіметжан жақсы ғой, адал, аңқау,
атан түйенің күшіндей күші бар, тек, әтте-ең... Әй, айтамыз-ау қалай болғанда да,
әйтеуір, жоқтан тәуір» деп отыратын. Мұның Мәруәға үйленуі бір хикая. Мәруә әке-
шешесі ерте өліп, үш ағаның ортасында жалғыз бойжеткен ерке қыз болыпты.
Айттырса, Сейсіметті менсінбей, көнбей қояды. Жігіттер ақылдаса келіп, алып қашуға
бел байласады. Сейсіметке ағаларынан Арқалық, ауылдастардан екі-үш жігіт ереді.
Қызды жеңгесі шығарып береді. Мәруә шамасы келгенше қарсыласады. Жеңгесі:
«неғып тұрсың сопайып, қыз сенікі, өңгеріп ал да тарта бер» десе, Сейсімет «құйсын,
қысқа аяқты балаға қолым батып кетсе масқая, обал болай» деп жоламай қояды.
Үгіттеп түсіндіріп жататын уақыт жоқ, қызды амалсыз Арқалық өңгеріп қашады...
Сол Мәруәмен он жылдай отасып, екі балаға әке боп, әскерге де барып, тіпті, мұздай
аман қайтып келген «айыстай азаматтың» түрі, сөзі, бітіріп қайтқан шаруасының
болмысы... Сейсімет:
– Айтпақшы, май тойында қая бала бәйгі алыпты, қаййлы болсын! – деді.
– Айтсын, шырағым, сенің жирен айғырыңның арқасында... алды ғой! – «Сенің
жирен айғырың» дегенге Сейсімет әжептәуір қомпиып алды. Екі алақанымен екі тізесін
уқалап-уқалап жіберіп:
– Құйсын енді... мал танимыз ғой,– деп қойды. Идаят жире