дәрі, тәңкі т. б., құралдар көп шығындалған көрінеді». Демек әлі де үміт бар, тірі
кісінің бір жерден шығуы әлі де мүмкін көрінеді. Неге екені белгісіз, Әжімгерей
көкірегіне қанша үңілсе де «қара қағазға» деген сенім таба алмайды. Қалай ойласа да
«қағаздың» сөзі өтірік секілденеді де тұрады. Шын болса қай жерге қойылғанын неге
айтпайды? Дүкәмәтін жібереді деуші еді, оны неге жібермейді? Тағы да толып жатқан
осы сықылды «негелерге» жауап таппай басы қатады. Бүйірі сенімнен гөрі күдіктің
«сол неге?» деген көп сұрақтардың жеңіп шыққанын қалайды. Мұндайда қарт үй-ішін
жұбату үшін ғана емес, кәдімгі шын, бар көкірегімен үміттеніп: «кемпір-ау, көп езіліп
үһілей берме, Садықжан аман болар, Құдай қосса келіп қалар» деп басу айтса,
кемпірі: «Өй, сөзің бар болсын, қайдан аман болады,– үкімет өтірік айтар ма... ай,
қасқа болған қара қасқа» деп күбірлеп қойып, басын шайқап, ұршығын иіре береді.
Екі сөзінің бірінде кемпір: «айырылып қалдық қой, айырылып» деп зар илейді. Жаңа
Сейсіметпен көріскенде де соны айтты. Әжекең: «ана көкірегі сезе ме екен бірдеңені»
деп ойлады... Осы кезде дастарқан жайылып, шай келді. Сейсімет қозғала берген
иығын көрананың шегеніне тиіп кетіп, құм сау ете түсті:
– Тфу, шоит, қидың атстали тилігі, ай осы,–деп тыжырынды.
– Шырағым, Сейсімет,–деп бастады Сандыбай, сонсоң тамағын кенеп, өп-өтірік
жөтелді, тізерлесе отырған Сисенбай да сөйтті,– шырағым, Сейсімет, елің аман, өзің
кеткеннен бері, малды қойшы, адамнан аяқ жетер жерде Қуантай қарттан басқа
шығынымыз жоқ. Сен де аман-сау бала-шағаңа қауыштың.– Әжімгерейге қарап
қойып,–аман болса, Әжекең мен Қарашаштың да кеткендері келіп, кемтіктері толар!
«Қара қағаз» деген немене! Оның да жаңсақтығы бола береді дейді ғой. Жұрт
тыңдасын, көрген-білгеніңді айта отыр шырақ,– деп үйдің ішіне жағалай қарап
шықты. Әжекең: «аһ, сайтан, мына байғұсқа бірдемені қоқыттырып, сөйлетіп ап, шыға
бере күлкі ғып, елге жайғалы отырсың-ау!» –деп ойлады да:
– Әңгімесін тыңдай жатамыз ғой, алыстан келді, ас ішіп, тынықсын бүгінше – деп
кеңес етті. Сейсімет әдетінше сөйлеуге де, тамақ ішуге де кет әрі емес-ті. Дегенмен, дәл
осы жолы алдыңғыдан гөрі соңғы сөз жанына жағыңқыраса керек, көтеріліңкірей
беріп екі үлкен бауырсақты бір-ақ қапты. Алдындағы шұңғыл қалайы табақша мен
ауыздың арасында осындай-осындай бес-алты қатынас жасалған соң табақша қайқаң
етіп босап шыға келді. Бірақ Сейсіметтің аузы босаған жоқ, өйткені, басқа да
табақшалар барды... жұрттың бәрі үн жоқ, түн жоқ Сейсіметтің қолы мен аузының
қимылына қарап отыр. Тасаяғын мана төңкеріп қойған кемпір, әсіресе, көз ала
алмайды. Отырып-отырып, бір мезгілде:
– Е, Алла, тоба-ай, әрмиядан да кісі тірі келеді екен-ау,– деді. Сандыбай:
– От ішінде мақтаны сақтайды деген, о не дегеніңіз,– деді.
– Иә, солай деген, о не дегеніңіз,– деді Сисенбай.
– Сейсімет келіп, көзайым болып жатырсың ба, еһе, һе, һе, қырғын-ай, қайырлы
болсын, келіншек!
Қанипа сөйлей кірді. Мәруә есіктің нақ көзінде отырған-ды, орнынан ұшып тұрды.
Еділхан именіңкіреп, апасының соңынан енді. Сейсімет Қанипамен жәй: бір қолын
беріп амандасты да, Еділханды құшақтап:
– Әй, күшік, аймиядан айыстай ағаң келіп жатқанда нағып жүйсің мұнша кешігіп? –
деп бетінен, маңдайынан қайта-қайта сүйді. Әлді, өзін әжептәуір жігіт санап жүрген
кісіні бала құсатып, шөпілдетіп сүйгендіктен бе, әлде, басқа бір себебі болды ма,
әйтеуір, Еділхан күп-күрең болып кетті. Назарын төмен салып, долыра, ісіне қызарды.
Сегіз сай көк кепкісінің екі шекелігі астынан жылт-жылт тер көрінді, Сейсімет
Еділханды жақсы көретін. «Тұлпайдың тұяғы, көненің көзі» деп, шаң жуытпайтын.
Сол «тұлпайдың тұяғы» есектің құлағы құсап салбырап үн жоқ, түн жоқ отыр.
«Айыстай ағасының» толып жатқан сұрақтарына, аман-асауына, «шүкір», «шүкірден»
өңге ештеңе айта алған жоқ. Төсеулі көне қақпа алашаның жыртығын шұқылаумен
болды. Анда-санда көзінің астымен Мәруәға қарап қояды.
– Не болып кеткенсің өзің, шойт,– деді Сейсімет. Қанипа:
– Еһе-һе, һе-е-е, қырғын-ай, мыналарың,– қазықта ілулі тұрған көк шинель мен
қоқырайған көк фуражканы нұсқап – немістікі ме? – Сандыбай мен Сисенбай манадан
бері осы сұрақты беруге Әжімгерейден бата алмай отырған. Қанипаның сұрағы дәл,
күткен жерден шықты:
– Иә, шырағым, соныңды айтшы, немістікі ме?– деді Сандыбай.
– Иә, шырағым, соныңды айтшы,– деді Сисенбай.– Үйдегілер түгел елеңдеп
қалды. «Жаңа өмір» колхозынан болмаса да, әскерден қайтқан кісілерді там-тұм
көргендері бар-ды. Өздерін көрмегендер ауылға хатпен келген суреттерін көрген.
Мына киім солардың ешқайсысына ұқсамайды. Сейсімет:
– Дұйыс айтасыздай, аузын ұйып тайтып алдық қой,– деді.
– Қандай болады екен өздері? – деді Сандыбай.
– Не қандайын сұяйсыз ол аямдайдың. Түйлейі жаман дейді ғой.
– Қалай?.. Өзің неміс көрмедің бе?
– Өліп жатқандайын, жаялысын көйдік... адам шошилық...
– Тірілерін ше?
Сейсімет не десем екен дегендей ойланып барып:
– Жоқ,– деді, сон