жантайып жатқан Әжекең ауыр қозғалып, ыңқылдай түрегелді. Ірге жағынан
дөңгелек, қоңыр елтірі бөркін алып киді. Кемпір үлкен қара күбіге арқасын сүйеп,
ұршық иіріп отырған. Ұршығын лақтырып жіберді. Сонсоң сәл аңырып қап:
– А-а-а? Не дейді? – деді. Қара бала шәңгір-шәңгір етеді:
– Сейсімет ақам келіпті... әрмиядан! – Кемпір кемсеңдеп жылап қоя берді:
– Әрмиядан? Аман келген-ау шамасы? Иәһ, Алла, шүкір, шүкір! – Орнынан екі-үш
ұмтылып, зорға тұрды. Сүріне-қабына есікке қарай бірер аттап, «ойбай-ай, ұршығы
түскір-ай» деп қақсады. Қарт ұзын мата белбеуін буынып жатып бұйрық етті.
– Тез, қара інгенді әкеліңдер!
– Мен де барам! – Кемпір үйден аттап шықпайтын. Біреу қонаққа шақырса «мен де
барам» деп тұра жиналатыны бар-ды. Бірақ жеме-жемге келгенде: «Бұзау еміп қояды-
ау», «Құдыққа сиыр келіп, көп тұрып қалады-ау» секілді уәйімдер айтып, бармай
қалатын. Бұ жолы шындап дайындалды: төрдегі үш қатар жүктің бірінен соң бірін
құлатты, астындағы үш үлкен қара сандықтың бірінен соң бірін ашты. Үй ішінің
астан-кестеңін шығарды: жүкті құлатып тастайды да қайта жинамайды, сандықты
ашып, ішіндегі киім-кешекті қобыратып шығарады да, қайта салмайды. Ақыры,
соңғы үшінші сандық ақтарылғанда барып: «Өй, адыра қалғыр мұнда екенсің ғой»
деп, күміс ілгекті көк мақпал бешпетті алып, анадай жерге жұлқып тастады да, өзі
артынан келіп, «бісміллдәһи» деп басына бүркенді. Оң қолын сұғып кеп қалды,
көйлегінің жеңін ұстаған түюлі, арық жұдырығы етегінен шықты, екінші қолы да
сөйтті. Көк бешпеттің екі жеңі, осылай, біраз әуре-сарсаңнан кейін әрең табылды.
Ілгектерін де «адыра», «тұл» деп әрең салды. Сонсоң осы уақытта қара інгенге киіз
салып, мініп үлгерген қартының артына мінгесті. Жорға шабдар байталмен Идаят
алға түсті. Түйе желіп қыстау сорға түскенше кемпір артына қарап: «келін, Аллаға
аманат, малыңа ие бол!», «келін, күн жауып, тезек су болып қалмасын», «келін,
бұзауды жамыратып алма» деп айқайлаумен болды. Көйлегінің етегі түйенің
қомдығын түгел жауып, шалының артында жарбиып кете барды.
...Бұлар келгенде Сейсімет көранасының желкесіндегі ат-қазықтың жанында екі
қолын қалтасына салып, әрлі-берлі теңселіп жүрген. Қара інген қасына кеп «ауыпп
бақ» деп шөккенде ғана қонақтарына қарсы аяңдады. Бір жағында Сандыбай, бір
жағында Сисенбай. Кемпір-шал түйеден түсіп ап сілейісіп тұр. Аналар асығар емес.
Сейсіметтің үстінде тамағының астынан етегінің ұшына дейін ақ қалайы тиекті тізе
қадаған көк бешпет, бір-бір қойдың жүнін тыққандай, екі қалталығы қомпиған көк
шалбар. Аяғында ұзын қонышты жып-жылтыр қара етік. Омырауында бір сары, бір
ақ медаль. Ауыл адамдарының алыстан келген кісіні басынан аяғына, аяғынан басына
шейін бір сүзіп қарап алғанша танымайтын қашанғы дағдысынша Әжімгерей де сәл
тосырқап барып, Сейсіметтерге қарсы жүрді. Сандыбай:
– Ассаламағалайкүм, Әжеке,– деді.
– Ассалаумағалейкүм, Әжеке,– деді Сисенбай.– Сейсімет екі өкшесін біріне-бірін
сарт еткізіп тұра қалды да, оң қолын оң жақ шекесіне апарды: Қарт Сейсімет ұсынған
бір қолды қос қолымен қысты. Тамағына тас тығылғандай үнсіз жаутаңдап тұрып
қалды:
– Аман ба, қарағым, аман келдің бе?
– Қарағым-ай, қарағым-ай, еһке, ұршығы түскір, қарағым-ай! ‘
– Кемпір ұсынылған қолға мүсе тұтпай, Сейсіметтің мойнынан құшақтайын деп еді
бойы жетпеді, әрі анау кекшиіп иілмей қойғасын белінен құшақтап алып:
– Қарағым-ай, жалғыздан, Садықжаннан айырылып қу бас болып отырмыз... бас-
көз болып жүр-дағы ұрындырмай пәлеге, айрылып қалдық айырылып... деп дауыс
етті. Қарт екі қолын артына ұстап, сырт айналып кетті. От басында, үйде жүрген
Қарашаш, Мәруә, тағы екі-үш әйел келді. Кемпір Сейсіметті босатар емес. Құшақтап
алып айқайды салып жатыр. Жаңағы қақшиып, қатып тұрған Сейсімет бірте-бірте
иіліп, екі бүктетіліп барады. Даусы тарғыл-тарғыл:
– Қоя ғой, нағашы шеше, қоя ғой,– деп кемпірдің арқасынан қағады. Жұрт иіріліп
тұр. Қалай, не деп жұбатарға білмей, өз өздерінен тосылып, іркіліп қапты. Әншейінде
бұ кемпірге ойын-шынды араластыра, батыл айтатын Қарашаш та:
– Қызыл кемпір, қойшы енді, айналайын жеңеше, қойшы,– деп жалынудан аса
алмады.
– Қайтсін бейшара!
– Жалғыз баласы есіне түсіп кетті ғой!
– «Қара қағаз» келгені күні кеше... жұрт күбір-күбір, сыбыр-сыбыр. Ақыры
болмағасын қарт:
– Қой, әй, кемпір, біреудің жақсылығының үстінде жаман ырым бастама, доғар! –
деп тыйды. Кемпір, өзінің де әбден дәрмені бітті ме, әлде қартын тыңдады ма, әйтеуір,
тез басылды. Жыласып тұрған екеуі құшақтарын жазысып бері айналғанда ғана жұрт
иықтарынан зіл-батпан жүк түскендей, жеңіл, еркін күрсінді. Сейсімет бетіндегі тарам-
тарам жасты екі жеңімен кезек-кезек сүртіп, үйіне қарай аяңдады. Әжімгерей үйге
кіріп жайғасқасын:
– Қайырлы жеңіс, қайырлы қуаныш болғай,– деді.
Осыдан бір жұма бұрын Қошалақ жеңіс тойын тойлаған-ды. Әжекең оған да барып
қайтқан. Сонда, әлдекім қағазына қарап: «совет халқының фашизмді талқандаудағы
тарихи рөлі» туралы баяндап жатқанда бұл баласынан «қара қағаз» алған бір шалмен
сөйлес