«...Сол жалынның биіктігі
бір қарыс па, бір елі ме-
Әйтеуір ол құйылады
Менің ғана жүрегіме-
Сүйсінуші ем сондықтан мен
Білегім мен күрегіме!..».
«Абырой алып келсем қайтер Қарағанды барып егер» деген ойы орындалып, Жұмекен Қарағандыда абыройлы болып, кенші атағы мен қоса Алматыға ұлттық ақын атағына аттады. Тура елу жылдан кейін ақын - кенші Жұмекенге «Құрметті шахтер» атағы берілді. Бұл атаққа Жұмекенді Кенжин Болаттың бастамасымен ұсынған Қарағанды шахтерлерінің кәсіподағы. Халық жанының жалыны өзінің, Жұмекеннің жүрегіне ғана құйылды. Елдің елдігін көтерерлік өлеңді дүниеге келтіру Жұмекеннің еншісіне тиді. Ел өлең болып көтерілді.
Кеншілермен қоштасып консерватория қайдасың деп, мандолиннің қос шегіндей қос рельстің әуенімен тербеле, болашақ өлең сөздерін алқабы алтын дәнге жайқалған сар даласынан теріп бара жатты. Тек қана оның сыртқа шығуына өмір лавасының тағы бір қызу жалыны, шарпуы, шалқуы жетіспейтін. Лавадағы көмір шаңының бір оқыс түскен ұшқыннан лап етіп жалындап жанартаудай атылатын сәті күтілді. Тебіреніс, толқу, тәтті сезім толғанысы. Ой тереңде дайын жатты, оны оттай ойнатып шығарар сезім-оқиға кезі келді.Ол – елдің ерлік пен еңбек қуанышы болатын. Керемет қуаныштың бір көрінісін Жұмекен халықтық митингіде көрді. «Біздің ел Орденді» деген өлең жолдары Қазақ Республикасын алғашқы рет мемлекет ретінде Ленин орденімен марапаттағанда туғанды. Қазақ Совет энциклопедиясындағы дерекке сай Қазақстан осы орденнен кейін екінші орденге 1970 жылы ие болған еді. Әннің Қазақ радиосынан 1959 жылы алғашқы рет орындалғаны есте. Баспасөз бетінде әннің 1959 жылы жазылғаны жөнінде пікір білдірілген. Біздің зерттеу бойынша «Менің Қазақстаным» әнінің өлеңі 1956 жылдың 25 қазанында дүниеге келіп, қағаз бетіне түскен. Өлеңге әуеннің құйылуы, екеуінің үйлесім тауып ән болып жаратылуына да уақыт керек емес пе. Одан кейін оны жария етуге ұсыну да уақыт пен мүмкіншілік талап етеді. Тоқ етерін айтқанда, өлең сөздері Орден алған қуаныш кешінде туған. Митингінің сағат кешкі 17- де болғаны ресми мақалада көрсетілген. Өлеңнің екінші шумағы сол күнді көркем бейнелеген. Митинг өткен алаң мен консерватория бір жерде. Әскери терминология қолдансақ өлең мен өмір диспозициясы, дислокациясы бір болып шыққан. Шумақтың әрбір жолы тарихи деректермен бекітіліп, дәлелденеді. Мүмкін, өлең кейін 1959 жылы жазылған шығар деген қарсы пікірге мен Жұмекеннің өлең жазудағы мәнерін алға тартар едім. 1983 жылғы күнделігінде Жұмекен «мен әу баста-ақ сюжетпен, оқиғамен сөйлеуге (немесе мысалдап деуге келерме екен) бейімдеу едім» деп ашық жазған. 1954-1956 жылдары жазылған өлеңдерін талдағанда сол мәнерді, әдісті көресіз. Ал, екінші шумақ, тіпті бүкіл өлең толық сюжетке, оқиғаға құрылып тұр емес пе? Еңбегің орденмен бағалануы оқиға емес пе? Оқиға! Халық жиыны сюжет емей немене? Сюжет. Халықтың еңбектегі ерлігі сюжет, тарихи оқиға болмағанда не болмақ? Қатал, қаһарлы заманда халықтың қуануының өзі оқиға саналады. Шәмші Қалдаяқов 1959 жылы Қазақ жерінің бес облысын Тың өлкесіне бөліп бермек шешімге қарсылық сезімін білдіру негізінде музыка жазып, оған сөз жазуды Жұмекенге ұсынған деген де пікірлер бар. Қазақ жерінің басқа республикаға бөліп беру әдеті одан да бұрын орын алған. Нақты 1955 жылы қараша айында Оңтүстік Қазақстан облысының Бостандық ауданының жері Өзбек республикасына беру мәселесі көтерілген. Ақыры 1956 жылдың наурыз айында Кеңестің Отарлау Орталығы Бостандық ауданы мен қоса Оңтүстік Қазақстан облысының Голодная степь деген жерінің бір бөлігін де беруге жарлық шығарған. Жұмекен Мәскеуден оралған кез. Одан Жұмекен хабардар болды ма? Әрине. Кенжин Әукебай жерді тартып алу, тарату турасында, жер күресі жайлы неге айтпасын. Қазақтың екі ұлы ұлт тағдыры туралы неге толғанбасын. Кенжиндей ірі тұлғамен екі ай қатар жүру талай сабақ болды емес пе. Музыка білгірлерінің айтуынша, марш - өзінің өктем ырғағы арқылы адамның еркін билеп, басын қосатын музыкалық форма. Ежелгі музыкалық жанр. Мұқан Төлебаевтің «Шахтер әні» маршы. Абылай ханның «Сарбаздар» маршы. Ән- ең кең таралған музыкалық шығармалар жанры, музыка және поэзия өнерлерінің ортақ туындысы. Яғни, «Менің Қазақстаным» әні Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденовтің ортақ туындысы Сондықтан да, әнді жариялағанда өлеңі Жұмекен Нәжімеденовтікі, музыкасы Шәмші Қалдаяқовтікі деп жариялаған заңды, негізді болады. Ән біреу, автор екеу. Ән марш әуенімен жазылған. Оған дау жоқ. Алайда өлеңнің өз музыкасы, яғни дыбыс үйлестігі, гармониясы бар емес пе. Өлеңнің музыкасы автор идеясы мен қосылып, үйлесіп, үндесіп поэзиялық дүние беріп тұр. «Менің Қазақстаным» әнін халықтық гимн деп