кең биыл малдан шығын жасамаймыз деп уәде етіпті.
- Пырсылдатылдың уәдесін құдай-екең тыңдай қойса.
- Шығын болмай тұрмайды ғой. Анау-мынауын төлмен жабатын шығар. Қалғанын жасыратын әкт бар. Алдаудың әдісі аз емес әйтеуір.
- Егіз түгіл жалқы тумаса... алақанымен жаба ма?
- Жалқы тумағаны несі?
- Мәселен, қой атаулы қырылып бітсе, қозыны пырмылдатылдың өзі туа қоймас енді?!
- Алла сақтасын, оның беті әрмен!- деп, шошына күбірледі Әжекен қабағын шытып,- жаман сөз айтпайық та!
«Домбыра және көсеу». Повесть. 280 бет: «Едіге талғам, тәлімге үйренген бапшыл кісі. Күй ырғағы мен қыз қылығына тәнті, әлемнен әсемдік, шынайылық қана іздейтін. Әсіресе күйге, домбыраға қояр талабы өзінен, тіпті, дәуірінен биік жатты. Осы елде, өзі сынды талай күйшіні тудырған топырақта жақсы домбыра хат емес-ті. Ол барды қанағат тұтпады, жоқты табуға ниеттенді. Ақыры тапқан да сықылданған, әттең, мына бір без. Соны ойлағанда бүйрегіндегі тасы қозғалған адамдай шырт ұйқыдан ыңырсып оянады: Сондықтан жұрттың қоңыр домбыраға арнап айтқан мақтаулары жұбата алмады, қайта аурудың үмітсіз екенін көре тұрып көлгірсіген көкіменің сөзіндей жәйсіз тиді. Ғұмырының соңғы күніне шейін мінсіз ағаш іздейтінін де іштей сонда мойындады. Сол күндерден бастап-ақ түсіне томар енетін шығарды. Дәл бүйірінде саусақ басындай безі бар қоңыр домбыра Едіге жігіт, Едіге шалға, сол арқылы дүйім елге қырық бес жылдай қызмет етті. Үш-төрт тыс қап, қисапсыз қой шегін тоздырды. Талайды жылатты, талайды жұбатты. Бүтін Азғыр мен Атыраудың аралығындағы құм өңірінде талайдың таңдайын қақтырды. Қоңыр домбырасыз өткен той-томалақ, сауық-шілдехана аз-ақ шығар. Әдетте қазақ бұ түстегі домбыраларды «қара» атайды. Бірақ Едігенің домбырасы ел көзіне түскен алғаш күннен бастап, неге екені белгісіз, қоңыр атанды. Кейінгі бір сәуегейлердің айтуынша, үніне байланысты берілген секілді. Расында, ол домбыраның даусын алғаш тыңдаған адамның көзіне «қоңырдан» басқа түс елестеуі мүмкін емес-ті».
Бұл үзіндіні Азғыр атауын үшін енгіздік, екіншіден қоңыр сөзі үшін. «Мықты», «қоңыр» сөз- ұғым Абайда да, Қасымда да бар. Этнограф, Жағда Бабалықтың жазуы бойынша Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің қолжазбасында «Арқада мық деген халық болған» деген пікір бар. Мық + ты= мықтылық. Мықты қазақ.
«Қан»-Өлең. «Қанға кеткен жымысқы дерт бір ұры алып бітпей қоймас білем ғұмырын?!». Жұмекен анасының дерті мүмкін Қыр елін де құрсаған сонау Азғырдың ядролық ызғарынан шығар?
Қазақстанды қаптап, қоршап қыспаққа алған алапат сынақ алаңдары қазақ халқын, ұлтын сынға салды. Алайда сағын сындыра алмады. Барлық бейнет, азап, ауыртпашылығын қазақ ұлты көтеріп келе жатыр.
Көркем туындыдағы мықты шешімнің мықтылығы шындығында, растығында. Жұмекеннің ерлігі ақиқат шындығында. Бүтін, бір халықтың үні болу ақынға тиесілі болды. Өмірдегі, өнердегі өшпес ерлік үні—Жұмекен өлеңі.
Сол күні Жұмекеннің митингіде болуы мүмкін бе еді? Әрине барған. Өзі ақын, студент, өнерпаз-музыкант, күйші болса, неге қатыспайды? Әсерлі, қуанышты хабарды естігенде консерватория студенттері неге бармасын және де бірінші курс студенттері. Митингіде болған студенттер жайлы ақпарат жаңағы мақалада айтылған. Митинг Алматы қаласының сол кездегі «Коминтерн» алаңында өткен. Қазір Алматыда «Ескі алаң» деген атпен белгілі. Консерваториядан қатты жүрсең 3 минут, асықпай бассаң 5 минут уақыт алатын 500 қадамдай жерде. Жұмекен митингіде болғаны, жаңағы сөздерді естігені, «Социалистік Қазақстан» газетін оқығанын «Менің Қазақстаным» өлеңінің кейінде жарияланған екінші шумағымен дәлелденеді.
Бұл шумақ айтылмай, жарияланбай жүрген жерінен Нәсіп апай Қазақ радиосының алтын қорында сақталған жазбадан алып жарыққа 2001 жылы шығарды. Шумақтың бертінге шейін ешқандай жинаққа кірмеуі, жарияланбауы және ұмыт қалуы бекер емес. Оның да өзіндік сыры бар. Әзірше шумақты толық келтірейік:
«Айнала қарасам,
Асықты жүрегім.
Заманға жарасам,
Жарасып тұр елім.
Біздің ел орденді,
Көтерді туларын.
Елмен ол тербелді
Тербеле жырладым».
Шумақтың жолдарынан митингіге, халықтың қуаныш жиынына асыққан жасты көреміз. Жүрегі алып-ұшып халық жүрегімен қауышуға ынтық. Әрбір үй зор мейрамның қуанышына бөленіп отыр. Жұмекеннің 1956 жылғы үйі Құрманғазы атындағы консерватория болатын. Елінің жарасып тұрғанын жырлайды. Заманға жарай алам ба, алмаймын ба деген ой да жас ақын көңілін алаңдатады. Жауапкершілікті сезіну. Ер қазақтай ерлік ете алуға ниеті ауған жас жігіт. Жарлық жария етілді. Трибуна Ленин орденінің орасан үлкен суретімен көмкерілген. «Біздің ел орденді» деген ұран трибунаның бүкіл өнбойына кере тартылған. ...Күн сәулесінің нұрына бөленген Қазақстанның астанасы мейрамдағыдай безендірілген. Жапырағы сарғайып алтындай жарқыраған ағаштар арасынан алқызыл жалаулар, кере тартылған ұрандар мен транспаранттар көрінеді. Орденді ел тулары, онымен бірге Жұмекеннің жүрегі тулады. Еңбекпен еңсесін көтерген ел. Суретте туған ел мен көтерілген тулар арасында тербелген Жұмекен. Республика басшыларының сан мәрте қайтала