«Білектегі білеуленген тамыры
Ток жүретін кабельдерден аумайды...»,- деп жырлаған Жұмекеннің шахтері өзі ән салған, күй тартқан Қарағанды қаласының төріндегі кеншілер сарайының алдында қасқайып тұра қалғанын көрмейсіз бе!? Өмірдің өнегелі заңдылығы деп тану керек бұл шешімді.
«...Өмір, өмір өмір деген- жолаушы ғой шаналы,
Өтер әлі- ақ үлпек қарда ізі ғана қалады.
Күндер өтер, айлар өтер, өшер әлгі із жуылып,
Сонда шындап қарайсың ғой өткеніңе үңіліп....».
Расында да, өткенге шындап үңілсек ақынның бұл шешімі заңды, негізді, тарихи шешім еді. Айдай әлемге ақиқатты айту керек болатын. Кім үн қатады? Кімнің батылы жетіп көзсіз ерлікке бара алады? Кім бар? Қазақтың атынан Жұмекен айта білді. Айтарымызды осы айтсын деп қазақ халқы оны өмірге әкелді. Елу жыл өтсе де ескірмеген ерлік әнін барша қазақ, қазақ елі әлі күнге шейін шырқауда. Ақын мықтап тұрып айтатын шындық әлі де бар. Абралы мен Азғыр ақиқаты ашық, айқын айтылмауда. Бәріміз Қазақстандағы атом полигонын «Семей атом полигоны» деген атауға құлағымыз үйреніп кеткен. Ақиқатына жүгінсек атом полигоны Семей қаласынан әрі шығыс жақта 170 шақырым жерде жатқан Абралы елінде орналасқан. Бүкіл атом, сутегі бомбалардың сынағы Абралы, Дегелең жерінде өткізілген. Абралы ауданы таратылып, халқын жан-жаққа қуды. Тарыдай шашты. Қуғын-сүргінге түсірді. Атты, айдады. Жер аударды. Ауылда жоқ, атар таңда білінбейді. Кіші Отаның туған жерің, туған ауылдан айрылдық. 1847 жылы ұлттық азаттық күресінің басшысы Кенесары ханның қазасынан кейін тура 100 жылдан кейін 1947 жылы Отарлау Орталығы – Совет үкіметі Абралыда атом сынақ алаңын ашу туралы қаулы- қарар қабылдады. Екі жылға жеткізбей алғашқы атом сынағын өткізді. Атом азабын арқалаған, адыра қалған Абралының өзі атомнан толық арыла алмай атомға айналып барады.
Тілім-тілім тілімденген, бөлініп-бөлініп бүлінген қайран қазақ жері әлі күнге шейін зар құсады ыңырсып. Атом сынақ алаңы, даланың төсін жырту, әртүрлі әскери сынақ алаңдары, Арал, космос айлағы, Протон ракетасы құлап гептил уы жайылған Сарыжайлау... «Галит» деген әскери атаумен белгілі Азғыр ядролық сынақ аймағы Ашақ пен Қошалақтан алыс емес. Жұмекен өзінің «Кішкентай» және «Даңқ пен дақпырт» атты прозалық шығармаларында осы Азғыр мәселесін аз да болса, астарлап келтірген.
«Кішкентай», 167 бет: «Марттың соңғы аптасында жер еріп бітті. Ирекөткел, Көкқұтан аузындағы қамысты, қапалы тұстар болмаса, қалған, ашық, қалтарыссыз маң-қара. Сәскелікте, Атырау жақта шоғыр-шоғыр түтін көрінді. Өрт, қамыс өртейді. Село маңында өртке қамыстан гөрі де лайық, адамға қажетсіз, тіпті, залалды нәрселер жетерлік».
«Кішкентай», 217 бет: «Ашақ шошағының үстінде қой жабағысының пұшпағындай көк-шулан бұлт жатыр. Бұлт төмен, көкжиекте. Сондықтан, шағылдың биік жар қабағына ілініп қалған сынды, кете алмайды. Күнбатыс жағы қызара түсті де, кенет, көк сұрлана қойды, Әжімгерей:
- Көктеп үлгірмей қурап бітті ғой,- деді.
- Шөпке індет келді, Әжеке, індет,- деді Сатым.
- Сондай бірдеңе жайлады әйтеуір. Құрт дейін десең – жорғаламайды, шыбын дейін десең – ұшпайды. әнеугүні осы қоңырдан қой айдап келіп ем, кебісімді бірдеме тұтып қапты. Қақсам кетпейді. Шүберекпен сүрткенде білдім: бозарып жұққанның бәрі ұп-ұсақ жәндік екен, қырып салыппын. Мына жусанды үзген малдың пысқырып қоя беретіні содан болды. Қой байғұсқа, әсіресе, қиын, өзі де шығынсыз тұрмайтын қасқа еді. Шөпке ғана емес, шаруашылыққа, бүкіл басшылыққа түскен құрт қой бұл.
- Көктемде күншығыстан, есіңде ме, боп-боз шаң соқты, жел жоқ болатын. Дауылда да ондай шаң байқаған емен.
- Апыра-ай дейсің. Сейсенбі күні сәскеде көтерілген, содан – қарт саусақтарын бір-бірлеп бүгіп санай бастайды. – Сейсенбі, Сәрсенбі, Бейсенбі, Жұма. Төрт күн, төрт түн. Құданың құдыреті, айдап кететін самал да еспей қойды-ау. Боз шаң өзінен-өзі көтерілді де, ұйып тұрып алды. Шөпке, жерге шөгіп таусылды ғой ақыры. Жуып, не айдап әкеткен ештеңе жоқ.
- Шөпті еміп қойды-ау, еміп қойды,- деді Сатым күйзеліп,- Жусан мен алаботаның өзі пайдасыз.
- Қой қырылатын шығар биыл.
- Әйтеуір қой сорлы-ақ ұшырайды да жатады. Қар жауса – қой, шаң жауса – қой, қонақ келсе – қой, қасқыр шапса – қой. Бәрі қойдың ажалы!
- Колхоз қойына әлгі ем-суын ішкізеді деседі.
- Бас ауруға да дәрі беретін көрінеді.
- Өй, онысы, өнбейтін шаруа. Әр отарда бес жүзден сегіз жүзге шейін қой бар. Қайсы біріне дәрі жеткізе алады? Шетінен пысқырық, мұрындарынан желім ағып жүр. Астаулап құйған судың өзін шыдатпайды. Қой деген жалмауыз мал. Түйе оның қасында – ораза.
- Бас аурудың дәрісін ішкен адам бүркеніп жатуы керек. Содан терлейді, сосын жазылады.
- Ол – адамға ғой, қора қойға қандай көрпе жабады?
- Бе