«Кей пернеге қадалады саусақтар,
Сол пернеде жатқандай бір сыр- тетік.
Жаныңды, рас мазалаған, аңсатқан
Нағыз дыбыс содан шығар бұрқ етіп-
Күйші сондай күлген кезде емес пе ер,
Қайғырса да қадірлі екен нағыз жан.
Саусақ енді бұрғы болып елестер
Белгісіз бір кенді тауып ағызған.
Тәттілігі жақсы қыздың назы да,
Бірақ саған айтылды ма наз ондай?
Мағынасы терең-терең қазына,
Қиын сенің отырғаның қаза алмай.
Осы күйдің құбылуын еске алсаң,
Сүйіктіңді көрген түстей бітіп қап
Қор етеді,
Енді бірде бес саусақ
Екі шекті еңіретеді қытықтап.
Әрі әдемі, ақ арақтай тұп-тұнық,
әр пернеде мас боп жатыр бір-бір үн.
Түсіне алсаң Сарыжайлау мықтылық,
Түсінбесең - домбыраның күмбірі».
Жұмекеннің Қарағандыға, шахтаға, кеншілерге арнаған өлеңдеріндегі сөздер осында бар: «күйші күлген кезде емес пе ер, бұрғы болып елестер, қаза алмай, еске алсаң, ағызған, күмбірлетті, күй, үн».
Дыбыс, үнді Жұмекен шахтадан алып шығып былай сөйлетеді:
«...Секунд сайын ақтарылды
қара тасқын, жаңа тасқын,
адамзаттың еңбегі мен
құдіретін ап қара тастың.
Жер-бір кеуде, түкпірінен
Еміс-еміс ызыңдап үн,
Ызың үндер /о, ғажайып/
Келеді алып қызыл жалын».
Лавада еңбек еткен шахтерлердің айтуы бойынша Жұмекеннің лавада естіген үні, ызыңдаған дыбысы көмір қатпарларынан шығады. Көмір қабаттары алынғанда бос қуыстар пайда болады. Жердің, көмірдің басқа қабаттары салмақ салып жер өзінен өзі дыбыс шығарып күңіреніп, дауыс салады дейді. Жұмекеннің ызыңдаған үн, дыбыс жайында жазуы көмір өндірісіне, табиғат заңына сай келеді. Өлеңде өмірдің шындығы көркем бейнеленген.
Сол жылдары қазылған забойлардың ұзындығы, көлемі бір Қарағанды қаласындай болған. Жер қойнауында тағы да бір Қарағанды ыстық, керемет жүректердің қызуымен қайнап жатқаны осыдан шыққан. Сол жүректермен Жұмекеннің жүрегі бір соқты. Еңбек етіп жүріп Жұмекен кенші, диханшы күрегін жырлады.
Жұмекен:
«Жойылсын жалғыз сөз соғыс деген,
Оқ даусы мәңгілік жойылсын.
Бомбаның орнын тегістеген,
Күректер музейге қойылсын»,– деп осынау күректі де құрметтеп өлеңге қосты. Ол күрек Шәмшінің музыкасымен, «Бейбіт күн тілегі» деген әнге ұласып, Қарағанды кешінде 2005 жылдың 20 сәуірінде тағы бір шырқалды.
Жұмекен күйші халқы ақын ғой деп қазақтың күйін, жанын суреттеді. Қазақтың күш, қуат, әлділігін көрсетті. Мықты қазақтың күйі де мықтылық дейді. Асыра айтты ма әлде ақын? Жоқ! Уақытында, дер кезінде. Қазақтың тарихы тұлғасына сай әбден, жеріне жеткізе, келістіре айтқан.
Ақынмен бүкіл ел, Одақ, дүниежүзі келісті. Осы келісімді растайтын, Жұмекеннің «Менің Қазақстаным» өлеңін 1956 жылы 25 қазанда қағаз бетіне түсіргенін дәлелдейтін Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің органы «Социалистік Қазақстан» газетінің нөмір 248/10138/ 1956 жылдың 23 октябріндегі санында жарияланған мәтінді толық келтірсек:
«СССР Жоғарғы Советі Президиуымының Указы бойынша тың және тыңайған жерлерді игеру ісінде аса көрнекті жетістіктерге жеткені, елімізде жаңа аса ірі астық базасын жасағаны, астық өндіруді мықтап арттырғаны және 1956 жылы мемлекетке бір миллиард пұт астық тапсыру жөніндегі міндеттемелерін ойдағыдай орындағаны үшін Қазақ Совет Социалистік республикасы Ленин орденімен наградталды...».
Мәтіндегі бізге ең қымбатты, керекті «мықтап» деген сөз. Мықты деген түбірден туындаған сөз, әрекет, ерлік, қасиет. Күшті, қуатты, әлді, берік, бекем қазақтың іс-қимылын беретін сөз.
Жұмекен өлеңінде бұл сөзді тікелей, тура, нақты өз мағынасында, мәнінде былай қолданған:
«Дән егіп терлеген,
Қазағым мықты ғой».
Мықты болғанда қандай мықты, сол мықтылықты мойындап орден беріп отыр ғой Қазақ Республикасына. Мемлекетке бір миллиард пұт астық тапсырылғаны жөніндегі хабар «Социалистік Қазақстан» газетінде 1956 жылдың 31 шілдесінде жарияланған. Осы оқиғаға байланысты аты аталған газетте 12 қазан 1956 жылы Хамит Ергалиевтің «Миллион туралы ой», Жұбан Молдағалиевтің «Біз жырлаймыз» атты өлеңдері, 1956 жылдың 24 қазанында Сырбай Мәуленовтің «Менің Ленин орденді Қазақстаным» атты өлеңі басылған.
1956 жылдың 22 қазанында Алматы қаласы еңбекшілерінің митингісінде Қазақстан КП Орталық Комитетінің секретары Н.И.Журин «мықтап» деген сөзді өз баяндамасында бір рет қолданған. Ал, Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының Председателі Ж.А.Тәшенов үш рет қолданған. Жаңағы Тәшенов Ж.А. Қарағандылық Кенжин Әукебаймен таныс-туыс болған. Оны архивтен табылған Тәшеновтің Шымкенттен Кенжин Әукебайдың жары қайтыс болғанда салған көңіл айту телеграмасынан анықтадық.
Енді, Жұмекеннің мықты, мықтап деген сөзді шығармаларында қалай қолданғанын көрейік:
* «Ғасыр – ұзақ сөйлемде,
Мықты азамат – нүкте ғой».
* «Абай, Блок, Махамбетте мықты арман».
* «Құласа егер мықтылар –
Құлайды ғой дұрыстап,
Ал, әзірше мұны да мықтылығы тұр ұстап!
... Емен