құсап,
тапжылмай орнында қалған – мұрыны.
Жұрт апыл-ғұпыл жинала бастады. Домбыра, қобыз, маңдолдың ішектері ың-
дың етіп, орауыш-қаптарына сүңгіп жатты. Директор қонағының шынтағынан
жасқана ұстаған күйі, кабинетіне енді. Ана кісі кіре бере күбір етті:
– Әлгі қарындастың домбырасын тыңдап көрсек. Қойшы қыз, домбырашы, а?
Сәлден соң қолында ақ матаға орап, өлік құсатып үш жерінен буған домбырасы
бар Талжібек директордың кабинетінде тұрды. Өкіл жүзін барынша жылытып:
– Сіздің күйлеріңізді тыңдасам деп ем. Оңаша. Қойшы қыз домбырашы, это
интересно, а!– деп директорге көз тастады. Директор сырт кісіге салдыр-салақ
көрінгенмен ұңғыл-шұңғылы көп, ұғынықты жан еді. Әлгі сөзден түйгені біреу-ақ:
«Оңаша». Тіпті жақсы! Орнынан ұша тұрды, облыс адамының өзі құсап, жымиып
басын иді де:
– Сіз тыңдаңыз, мен естіп жүрмін ғой, үйге барып, замандасыңызға оны-мұны
қолқабыс етейін – деп есікті дыбыссыз, ар жағынан жапты.
– Ал, қалқам,– деді анау, клуб меңгеруші кетісімен,– ұялма, балқытып кеп
шертші, ағаң құмарынан шықсын! Это интересно!
Талжібектің бұл ауданнан жоғары жерден көрген тұңғыш тыңдаушысы-тын.
Мақтау сөздің дәмін үйреніп қалған ауызы түскір мына жолы да бір татып,
тамсанып алуға көңіл етті. Барлық күйін тартып, алыс жер азаматына асықпай
тыңдатпақ болды. Домбыра орауышын – енесінің ескі жаулығын сыпырып тастап,
босағадағы ақсұр кенеппен қапталған орындыққа жайғаса қойды. Құлақ күйін
жүрексіне отырып келтіріп алды, «Қайран шешемнен» бастай берген, бесінші перне
– «ре» үзіліп кетті, бірден ызылдап, ішекке оралды, күйді тоқтатпастан үзік пернені
еңкейе беріп, сілкіп жіберді. Тыңдаушыға мұнысын білдірмеу мақсатында, күйдің
осы жеріне сәл пауза жасап, әрі жалғап әкетті. Пернесіз жерді қатты, қадай басуға
болмайды, жай, сипай өтсе, бабы түзу домбыра сол дыбысты, бәрібір береді.
Шебер қол паузаға қоса осы тәсілді де қолданып, екі күй шертті. Тағы бірін
жылжыта жөнелді. Ағасы тынымсыз сөйлейді, бір отырады, бір түрегеледі, әрлі-
берлі жүреді – дәті жоқ. Үш күйден кейін тоқтатып алды:
– Қалқам, айналайын, атың кім?
– Талжібек.
– Әдемі ат. Атыңыз... атың да өзің сияқты, сұлу, төгіліп тұр. Көрдің бе, әрі тал,
әрі жібек, қандай әсем, а?– деп текіректей күлді. Талжібек бетіне жалт қараған:
мына кісіге күлген жараспайды екен деп ойлады, бетінің қыртысы көбейіп кетеді.
– Талжібек дейсің, а? Әсем, әссем! Күй тартуың да жақсы. Домбыраң шыққыр-ау
деймін, а?–деп, күйшінің қолтығындағы шанақты ұстап қарады. Қолы келіншектің
денесіне сүйкеніп кетті, әдейі сүйкенді.
– Ана пернең үзіліп кетті, а?
– Йә.
– Шебер екенсің, білдірмедің. Саусақтарың қандай әсем!
– ?
– Мен,– деп келіп, домбырашының жанына, иін тіресе отырды,– мен жоғары
жаққа айтам: пленкаға жаздырамыз, Қошалақтың қойы қош-аман болсын!
– Онда не болады?– деді Талжібек, ананың тым тақалып келе жатқанын елең
қылмастан.– Жазғанда қайтеді?
– Қалқам, бағың жанғалы тұр ғой, қайтесің енді,– деп арқасынан қағып қойды,
бірақ, қолын қайтып алған жоқ, сол, қаққан жерінде қалды,– ертең-ақ жарқырап
шыға келесің. Пластинкаға жазылады, патефонға ойнайды.– Үні әлгіндегіден бәсең
естілді: – Сахнаға жаралған көрік. Көркемөнер деген, қалқа, сезімді керек етеді.
Сезімді ірікпеу – басты шарт.– Талжібектің құлағына манадан жел боп тиген демі
бірте-бірте ысып бара жатты.
– Ағай, әрірек отырыңызшы, терлеп кеттім,– деді келіншек, бірақ өзі орнынан
қозғалмады. Тек, иығының үстінде күйіп жатқан алақанды ептеп сырғытып тастады.
– Кешіріңіз.
– Кешірдім, қалқам, кешірдім.
– Тыңдап болсаңыз, мені босатыңыз.
– Қой, қалқам,– деп сыбырлады арыстан боп келген есіл ер жылмия-жылмия
түлкіге айналып,– ағаңның қолын қақпа.– Темекінің ысы аралас ашыған сорпаның
иісі мүңкіп жүре берді. Кенет... әлдене шарт ете түсті.
Күйші домбырасын орауышсыз, жалаңаш алып шықты, алақанының жанып
кеткенін Самаркіннің көпіріне жете бере сезген.
Ертеңіне директор:
– Табысқа мастанбау керек,– деп ескертті.
* * *
Жер тегіс көктеген. Самаркіннен күнбатыс арқаға, қырға шығатын қара жол көк
мақпалды сызып өткен тырнақтың ізі тәріздес. Жел үп етсе – жоғалып, басылса –
қайта көрінеді. Биіктігі сынық сүйемнен аспайтын майда толқын жүгіріп-жүгіріп ап,
тына қояды. Су жайылмаға шыға бастаған. Кілкіп тұрған көк шөпті басып қалсаң,
асты – су, бетінен білінбейді.
Қазық-қара кемпір бүгін қазығын осымен екі мәрте суырып, үшіншіде
шегінтіңкіреп, дөңестеу жерге қақты. Бұзауды арқандап бағады. Атырау –
алқынбайды, тыныш қана жылжытады. Содан көзге ұрып, сарқырай құятын емес,
өстіп, жымқырып құртатын ұры су... Сидаңдаған бір топ сирақ қақ алдынан,
бақайдан келетін жайдақ суды шылп-шылп басып, жүгіріп өтті. Қолдарында бір-бір
ұзын сапты шанышқы, балақтарын тізеден түрген екі бала қопалы көлге құятын
жыраңқанаға беттеп барады.
Бұзау арқанды тартып-тартып қалды. Әлденеден үркіп жүр: құйрығын шаншып,
шауып барып, артына қайрылды, танауын, әлденені иіскей, шүйіре көтеріп,
мөңіреп жіберді. Кемпір тұра жүгірді.
– Алда, қарағым-ай, қорық