ұнайтынына сенген пішінмен – пырсылдатыл болыпты!
– Онысы несі тағы?– деп ентеледі Сисекең,– басқармалығының үстіне қосып
алғаны ма?– Ол Ықыласовтың «пырсылдатылдығын» өзі атқаратындай шынымен
ауырлап отыр.– Басқармалығы да жетпей ме? Қанағат жоқ қой бүгінгі адамда.
– Өзі жақында – Сандыбай нағыз маман өсекшілердің кейпіне түсіп, сыбырлай
сөйледі,– өзі жақында Сағынаймен ұрсысыпты. Шамасы, екеуі қатты шығысса
керек. Сағынаймен кетісу оған...
– Иә, қолайлы бола қоймас.
– Өзін басқарма атаған кісімен сөйлеспейді дейді.
– Атқа мінсе болды қазіргі әкімдер ақылдан адасып шыға келеді. Сағынаймен
жүз шайысқаны енді...
– Сағынай не істейді оған?
– Темірәліге істегенін істейді.
– Ол жақсы адам ғой.
– Мәссаған! Жақсы боса қайтеді?
– Жақсыны жамандау оңай,– деді Сатым.
– Онысы рас,– Әжімгерей мойынын бұрмастан, ірге жағынан қармалап бөркін
тауып киді, дастарқанның бұрышы жиырылып қалған, жазып, шетін төсегінің
астына қыстырды, сонсоң,– онысы рас, жақсыны жамандау оңай, Ақты қаралау
іспетті. Аққа не жұқпайды, бәрі жұғады. Бекең, естуімше, кір көтеретін кісі. Ол
түспейді. Сағынайға да болмайды,– деп әулиесіді. Сандыбай қостап әкетті:
– Әжекең тауып айтып отыр!
– Иә, оқсатты, тауып айтты Әжекең,– деді Сисенбай бясқа ештеңе таппай қап,–
білмесе айтпайды ғой бұ кісі.– Үй иесінің тапқырлығына, ақылына бір ауыздан бәрі
сүйсініп, үйіліп келген сары-ала табаққа, асқа жұмылды.
Әжімгерей қарт «тоғыз жолдың торабы-тын». Екі шақырымдай жерде «Қамыс
шоқы» аты болмаса қамысы шамалы, қияғы мен қаңбағы қабаттаса өскен үлкен-
үлкен қос шоқал бар-ды. Соның құбыла жақ бауырынан жол үшке айырылады, бірі
– Дыңғызыл, бірі – Қошалақ, бірі – Қанішкен асады. Қай жақтан келген жолшыға
да қону, түстенуге қолайлы, үйі, дастарқаны кең, пейілді. Мұндай жол үстінің алыс
қонағына ауыл арасының келім-кетімі, түрлі түсті түтін аңдыған, сөз тізгендер
қосылғанда бұл үй керуен-сарай іспетті, сапырылысып кеп кетеді. Әсіресе осы,
шағыл ішінің қонағы-ақ қажытатын. Біреу – мал, біреу сәлем іздейді, естіген бір
ауыз тың өсегін айту үшін соғады, ал енді біреулері жәй, әншейін... Әйтеуір
солардың қай-қайсы да дәм татпай аттанбайды. Сөйтіп, жұрт қонақтаудан, қызыл
кемпір, ақсаңдай, бұрқылдап қартына тиісе жүріп, «Садықжанға сақтағанын»
шығарудан жалыққан емес.
Әжекең қонаққа соңғы әзірде қатты бауыр басқан. Дастарқан шетінде бөгде
біреу отырмаса, ішкені бойына тарамайтын сын-ды, тағам алып жарымайды, әрі
тарынып, кіржіңдеп отырады. Әлдекімді іздеп, күтіп, өзінен өзі алағызып бітеді.
Бірақ, мұнша көпшіл, қонақуар, сырт қарағанға асып төгіліп жатқан адам шын
мағнасында жалғыз еді. Сандыбай, Сисенбайлармен жараса алмайды. Ішін,
осалдығын сеніп көрсетіп, ақтарыла сөйлесетін бастасы жоқ, шөбі қалың алқаптың
қақ ортасындағы жалаңаш шоқыдай көзге ұрып, даралана түседі. Оның даралығын
байқап, жанашырлық ету – былай тұрсын, сонысын кешірілмес күнә, қылмыс
санайтын жұрт қартты жақтырмағанмен жалпақтап, жанасуын қоймайды. Бұ да
соған әбден үйренген, айналадан тілегі: қарасын боп көктетпесе де қаңғыр-
күңгірден айырмаса екен дейді. Кейде шын қадыр, құрмет тұтып маңайлайтындар
да бар. Олар бақсыз, баласыз жандар. Тойып, толғандардың өз қызықтары
өздерінде, жалғызды, жалқыны елеп қайтсін! Елесе сөзінен, не қимылынан ақау
тауып, әңгімелеу, мұқату, қажау үшін ғана... Әйткенмен Әжекең осы елдің кіндігі, не
кіндігін байлаған жалғыз тал шуда-жіп іспетті, ылғи да қақ ортада, көпшілік
назарында, құмның қуаныш, қайғысы, өкпе, реніші, тіпті, өсек-аяңының өзі оған
соқпай өтпейді. Ат байлайтын қазық, сөз тыңдайтын құлақ, төс түйісер дос,
жеңілмеген жау – бәр-бәрі сол, Әжімгерей. Қарт бағзы уақта түйесіне киіз
салдырады. Сонда қайда барарын білсе ғой! Қалған жұртта мақсұт, өріс бар, қара
таппаса Ашаққа тартады. Мұнда о да жоқ, кез келген үйге түйе байлауды жасы,
жағдайы, онан гөрі зауқы көтермейді. Көлікке мінсе, көбіне, беті ауған жаққа жүріп
кетеді.
Мұндайда тура кең далаға, елсізге беттейді. Елден безгені ме? Жо-оқ, керісінше,
елді іздегені шығар... Алдына келгенін ішкенмен, аузына түскенін айта алмайды.
Хақ-тағала бүкіл тиым-тәртібін осыдан талап ететін секілді, аттап баспайды. Әне,
өрістен тағы да қара інгенді алдырды. Қайда жүрмек? Бәрібір қашқаны жалғыздық
болса барары, табары да сол. Жалғыздықтан қашқан кісі жалғыздықтан басқа не
табушы еді!..
* * *
Өмірәліге ит те үрмейді!
Әскерден келген санаулы адамдардың ішіндегі ең елеусізі. Оң қолын беріп
оралған. Оның да омырауында, Сейсіметтікі тәрізді, екі медалі бар. Сұр шинелі,
пагонының көнелігі сонша – түсін айыру қиын. Аяғында өкшесі мен тұмсығының
арасы алты айшылық жол керзі бәтіңке. Балтыр-таңғышы қыртыс-қыртыс, әр
жерінде темір тотына ұқсас дағы сары да, қоңыр да, қара да емес, сол бояулардың
бәрі қосылып шуаш сасыған шүберек, ылғи бір бауы шешіліп, сүйретіліп жүреді.
Басындағысы нақ осы реңдес, айырмасы: маңдайында бір кезде қадалған
жұлдыздың табы қалған. Сопақ, тілген қиярға ұсаған кепеш, кі