«Қызбала» дегені ме? Темақаң Қызбаланың атын қосылғалы бір-ақ мәрте, баяғыда,
төркінінен жылап қайтқан жолы... иә, со жолы атаған: «Қызбала, қойсайшы, қоя
қойшы енді!» Одан кейінгі жылдары Қызбала түгілі «қатынды» аузына алғаны
сирек. «Әй» «сен», «сен», «әй». Бұл екеуі бірге айтылса – түрпідей тиіп,
бөтенсіретіп, бәлкім корлар да еді. Ылғи екеуі – екі бөлек және орнымен
қолданылғасын, әрі-беріден соң «қалқам», «сәулем» сықылды еркектердің жиі, сол
үшін де артық, әсіре жылы сөздеріндей үйреншікті, әсерсіз естілетін боп кеткен.
Алдыңғы екі хатта – ат та, зат та жоқ-ты. Мынау бір түрлі. Ал, Темақаңның өз
қолымен жазғаны мынау: «Хал-жай қалай? Аттың арқасында жаман боп барады
екем, күрек ұстағасын дененің құрыс-тырысы жазылып, кәдімгідей әл жидым.
Жұмысым жақсы. Бір күнім үш күнге есептелегін көрінеді. Жан аямай істегендерге
солай білем. Ел-жұрт аманшылық па? Доғдыр менің денімді таза деп тапты. Жұмыс
ауыр дейді. Ауыры-ауыр. Еңбектің жеңілі бола ма. Ысылып, үйреніп қалдым.
Колхоздың шаруасы не халде? Мал қыстан күйлі шықты ма? Маңдайы терлемеген
баста ми болады деген кісінің жеті атасына нәлет! Терлеген бастың талайын көрдік.
Күні-түні күзет. Қашады дейтін шығар. Қашқанда қайда барамыз? Қырымнан ғана
сыйып жататын тақтай-нарым бар. – Бұған да көндігуге болады екен, уәйімдама.
«Кісі үш күннен кейін көрге де үйренеді» дегенді естігенде – күліп ем. Асылы,
мәселе неге күліп, неге күлмеуде жатса керек. Мұнда тағы бір жаманы
ақылсыздарды (бүйрықты нашар орындайтындарды) ұрады. Топыраққа тірі
жетсем талай ақымақты сабап алуға тиістімін. Жер қалай? Көктің бас тартуы тығыз
ба? Азбай-тозбай күт! Бекем бол. Құр езіле берме. Жұрт әскерде де бес жыл жүріп
қайтады. Мен де сол мерзімнен ұзай қоймаспын». Қамыға отырып, хат сөздерінің
мағынасына ой жүгіртті. Ақылға ұсаған бірдеңе сөйлейді: Кәріліктен сау ма?
Сағынған, сарғайған кісінің сезімінен туған ештеңе байқалмайды. Күткені бұл емес,
әрине. Өз көкірегі толы болған соң, ананың да күрсінген демін естігісі келген.
Хатты ашып жібергенде-ақ бетін шарпитын ыстық леп іздеп еді. Қызбала көңілінде
еріне деген өкпе-назының ызаға, тіпті, табаға айналып бара жатқанын сезіп,
кеудесін ұстай алды: Тілдей қағазды әрі аударып, бері төңкеріп әлде не іздейді. Хат
өзіне – Қызбалаға арналған да, арналмаған да сияқты. «Азбай-тозбай күт!»
Осындай да сөз болады екен. Күтпегенде қайда кетеді? Кімнің қатыны күтпеген?
Қатынның борышы күту емей немене? Күт, күт. Әскерге аттанады – күт, жол
жүреді күт, өледі – күт! Сотталғанды неге күтпеске? Бірақ ол осыны неге айтады?
Айтпаса да белгілі ғой? Тоқта! Мынау не? «Бекем бол. Құр езіле берме.» «Мұны
нағып байқамаған?» Қызбала егіліп қоя берді. Тұп-тура өзіне арналған сөз.
Ешкімнің ортағы жоқ. «Аяп атыр ғой сонда мен бейбақты. Мені аяп қайтеді?
Үстімде үйім, алдымда – дастарқаным. Ауылда ақ нан жеп, бір соның арқасында
әлі де шалқып отырған мені... езілгенде өлем бе мен... мен... мені!» деп күбірледі.
Ішінен осы сөздерді әлденеше қайталады. Мұнан артық не десін. Мінезі белгілі
өзіме! Үзіліп отырғанын айтар ма ол! Ол, сондай ғой ол. Басындағы орамалының
ұшымен көзін сүртті. Нақ қазір Темірәлінің алдынан шығатындай, асыға түрегелді,
кереге басындағы төрт бұрышты кішкене айнаға қарап, самайын түзеді. Көзінің ақ
еті қып-қызыл. Қабағы, бүкіл бет-жүзі түгел ісіңкі. Қартайып та кеткен тәрізді.
Шаштың ағының самайдан көрінетіні-ақ қиын. Сонсоң: «Түрмеде әйелдер бола ма
екен?» деп ойлағанда жүрегі шым етті...
– Ү-үү, өйбәй-әй,–деді. Құманды оң жаққа қалдыру жаман ырым екенін тағы
ескерткені үшін қара баланың маңдайынан бір сүйіп, иығынан қақты да, сиыр
саууға отырды.
Арқа жақта, совет кеңсесінің үстінде қызыл жалау. Желбіремейді. Шағыл мен екі
ортадағы сор көгіс, реңсіз. Зілмәнкенің төбесіне екі ала сауысқан кеп қонды.
Құйрықтары селтеңдеп, тыным көрмейді. Шықыл-шықыл шақырады. Қызбала
сиырдың бауырынан тұра бере жерден бір уыс топырақ алып, сауысқандарға
қарай шашып кеп жіберді.
– Жағың қарыссын! Ө-өй, суайттар!
* * *
Торғайлар шыр-шыр етіп, ебелек пен мортық, бұйырғынның арасына салған
ұяларын қориды. Топ-топ боп ойнайды. Қауіп сезінсе, үріксе – екеу-екеу бөліне
қояды. Әр семья өз ошағына, ұясына түседі.
Көктемнің әсем күндерінің бірі. Ауа сәл қозғалса боз жусанның иісі аңқып қоя
береді. Мұндай кезде құмның еркіндікке үйренген балалары үшін шаң сасыған тас
қыстауға қамалып ап, сабақ оқудан өткен азап жоқ. Мектептің ауызғы үйіне кіріп
келгенде сол қолдағы қабырғада терліктей қағаз, ұзындығы қарыс жарым темір
шегемен қағулы тұрады. Қағаздың қақ маңдайына үш түсті – қызыл, көк, сары бояу
қарындашпен бір-ақ сөз жазылған. Расписание. Р – қызыл, А – сары, С – көк. Осы
ретпен қайталана береді. Төменірек, І–ІІІ класс, ІІ–ІV класс деп бөліп, екі бағанаға
тізген жазу. Әріптері ірі, семіз. Қағазы сарғайып, қай күні қандай сабақ болатынын
оқушылар түгел жаттап үлгірсе де, есіктен енген әр бала тоқтай қап, бір шолып
шықпай өтпейді. Ел сирек болғандықтан балалар мек