Сені аяймын-ау.
Әлгі Сисемәлінің жындысы ше? Сол жынды мен екеуін Құдай атқан құсайды. Құдай
атқанда оңдырмай атыпты. «Жел болмаса шөп басы қимылдамайды».– Кемпір
сүтін алып, бұрылып жүре берді. Анау артынан:
– Сау болыңыз, шеше, әшейін Сізге жаным ашығасын,– деп шаңқылдады. «Сізге
жаным ашығасын?» Расында, аспан астында бұдан сорлы адам болмас. Бишара
бала, бишара келін, бишара шеше – бәрі бишара! Сәкінің екінші басына қарай
жылжиды: «Әлди, әлди, әлди-әй, әлди, бөпем, көкем-ау». Кемпір осы арада
ыңылының ырғағынан, еркінен тыс теңселіп кетті. Жанын жегі боп жеп жатқан
бірдеңе бар. Тамақ тоқ, киім бүтін, «Әй, одан бақыт табылмайды екен-ау».
Өзек жақта бақа бақылдайды: құғ-ғақ, бүғ-ғақ, бұ-құ-құ-құқ. Кенет, шаң иісі
шықты. Айнала су-су етіп басылды. Жел тұрып келеді: «Жел болмаса шөп басы
қимылдамайды».

Со күні Жанбота түнере қарсылады. Келіншегімен, өстіп, көңіл-күйін бірден
білгізе көріспек-ті. Алдын ала айтар сөзінің бәрін Талжібекке тағылар айып, кінәға
айналдырып, дайын отырған, анау кіріп келгенде, қапелімде, неден бастарын
білмей мүдірді. Манадан жиған, сайлаған сөздері түйдек-түйдегімен, бәрі бірден,
бір мезгілде шығуға, тіл ұшына ұмтылған тәрізді. Қайсысын бұрын айтса болады?
Қайсысы маңыздырақ? Әрқайсы-ақ, алдымен жетуге лайық демек, әрқайсысы
мәнді, керек сезілді. Ашу, ызасын жасыра тұрып, шамасынша, байыпты үн қатты:
– Қайда жүрсің?– Бұл сөздер күткенінен бөлек дүң, аржағында мол дүмпу, күш
жатқанын білдіре, қатал естілді, қажеті де сол-ды. Келіншек жауапқа іркілмеді,
ойланған, ерсі де санаған жоқ.
– Жүрмедім, отырдым,– дей салды.
Бір сәтте жігіттің бұ сынды батыл, әрі салмақты сөзден кейісі тарап, тәсі
қайтқандай болды. Сонда да күн ұзынғы күткен, күйінген есесін қайтарғысы кеп,
кәрлене тағы бір сұрақ тастады:
– Жұрт не деп жүр?
– Не деп жүр?–деді анау дереу қарсы шабуылға көшіп, шық ете қап,– елдің
аузын бағу сенің ісің. Менің оған қолым тимейді.– Сөйтті де домбырасын орауымен
кереуеттің үстіне лақтырды. Сонсоң күйеуіне ал кеп тиіс. Сөзге еретін есер, жұрт не
демейді, Қанішкен қатындарының өсегіне сенсе, соларды тыңдап, терсе – несі
еркек? Қатын-қаңқуға көңілі шынымен иланса – ондай бұзық, сенімсіз әйелмен неге
тұрады? Бір жағына шықпай ма? Келіншек бірте-бірте бел алып бара жатты.
Ақыры, қара бет, күнәкар да, ғайбатшыл, зинақор да, бөрік киген қатын да –
Жанботаның нақ өзі боп, мойындап зорға құтылған.
Қарсы даудың дәл бұндай жеңіс әпереріне ананың өзі де сенбеген-ді.
Қорыққаннан жұдырықтап еді. Күйеуін қайтсе де сенбес, жазғырар, жазалар деп
қауіптенген. Оның кәдімгідей құлақ асып, иланып тыңдағанын көргенде бір жола
жек көріп кетті, өшігіп, жауығып емес, түңіліп жек көрді.
Кейін Жанбота ішіп тиісетінді шығарды. Ондайда бүкіл жиіркеніп, балағатын:
«бұзылған қатын!» «Жәлеп!» деген екі-ақ сөзбен тәмамдайтын.

10
Қызбала сыртқа беттеді. Екі көзі бұлаудай. Шойын құман киіз үйдің оң жақ
босағасында, сүйеулі қапты. Тұтқасынан көтеріп кеп қалып, түсіріп ала жаздады.
Қақпағын ашып, сұқ қолын батырып байқады. Оған да сенбегендей, шайқап
қарады. Шүмегінен екі-үш ірі тамшы ыршып-ыршып түсті. Жерге қоя салды.
Сосын еңкейтіп беті-қолын жуды. Көзі түйіліп, ашып қоя берген. Оны судың
жылылығынан көрді. Құманды қазан-аяқ жақ іргеге, ірге-аяққа сүйей қойып жатып,
күбір-күбір сөйледі. «Уәй, садаң кетейін-ай, осыныңды-ақ қоймайсың, құманды
ылғи оң жаққа тастап кетесің». Оң босаға өліктің орны, өлік жуғанда ғана құман
үйдің оң жағына, оң босағаға шығуға тиіс. Тағы да ырым.
Киіз есіктің ағашын аударып салды да, үйге қайта кірді. Екі құрсаулы тапал,
айран күбіге бүйірін таяй отырып, қайыра жылады. Жас жаңағыдай парламайды,
кірпік шыларлық қана. Қойылып, желім құсап қалғандай, кірпіктері бір-біріне
жабысады. Қабақ ісігі қалыңдап, қызарып барады.
Күйеуінен хат келген сайын өстетін. Неге екенін өзі де түсінбейді. Әйтеуір
жылағысы келеді де тұрады. Сағынғаны ма, қуанғаны ма? Мана түсте Оразғали
қарт әкеліп берген хат қасында, көпшіктің үстінде жатқан. Конверттің сыртын
көргенде-ақ еңіреп қоя берді. Содан тыйыла алмайды. Оразғали әуелі:
– Қой, шырағым, гелін ғарағым, жаман ырым бастама. Қуанышқа жыламас
болар. Қарағым .. ғарағым, гелін,– деп, басу айтып жұбата алмай, ақыры өзі
қосылып жылаған. Сүт пісірім мырсылдап, ол кетті.
Хат арнаған адамының атын түгел жазбай, басқы әрпін қонжитатын қыр елінің
ежелгі салттарының бірі-тін. Мынау да сондай. Темірәліден кеткелі алып отырған
үшінші хаты. Өткенде, жаңа жылдың алдында жазғаны тым ұзақ болатын. Қай
малшының қайда қыстағанына шейін сұрап, дәптердің алты парағын толтырған-ды.
Мынасы, үшінші хаты – қысқа. Бірақ... Қызбала хатты көпшіктен жұлып ап, тағы
оқыды. Жалғыз парақ. Қанша толтырғанмен, қанша тізгенмен Темақаңның өгіз-
әріптері бірін-бірі сүзгілеп-мүйіздеп, сиыспай-ақ тұр. Қағаздың бір шекесіне
апарып «Қ» әрпін салыпты. Әлдеқалай ұмытып, жазбай кеткен бір сөздің басқы
әріпі дейін десе, жанында нүкте тұр. Сонда бұл не дегені? Қызбаланы қатты
толғандырған көп сұрақтың бірі о