әдейі ойлап шығарған дерсің! Әйтеуір, сырт көйлегі, екі қалталығы қомпиған
шалбарының түсі – айқын; дегенде жарқып тұрған ештеңесі жоқ, әккі көзбен
қараған кісі дұрыс айырады, ойланып-толғанып жатпай-ақ қойып қалады: «сары».
Тұла бойындағы көзге түсер зат – белбеуі, жез тоғалы, қалың, жалпақтығы төрт елі
қоңыр былғары. Осы белбеуді талай кісі қалады, ешқайсына жомарттық етпеді,
әркімнен әр түрлі сөз, сылтау тауып құтылды. Біреуге «Айырылысар дос ердің
артқы қасын сұрайдыны» келтірсе, екінші біреуді былай қайырды: «белдік беру –
ырымға жарамайды!» Ал, үшіншілерге: «бұл жауынгердің мүлкі, жауынгер
ешкімге белін бермеуге тиіс» деп амалдады. Көзге түсер бөтен мүлкі жоқ. Содан
болуы да кәдік, әйтеуір, Өмірәлі елеусіз, ескерусіз. Келген, үй-ішіне қауышқан күні-
ақ Қарашаш сағыныш, қуанышын бір жылап басқан соң жұрт көңіліндегіні өзі
айтып салған:
– Өмірәліжан-ау, үстің тым жұпыны ғой?
Баласы:
– Жұпыны. Есесіне өзімдікі, өз киімім,– деп қойып, жалғыз қолының саусақтары
жыпылдап, темекісін орай берді. Бөгде көзге тұйық, әрі есті жігітті қайтып ешкім
мазаламады. Тек, ауыл арасының сыпсыңбикелері: «ойбай, Қарашаштың
баласының арты қық көрінеді, Керманияда білеңде болыпты» деген сөз таратты.
Қанішкенге екі-үш рет шақырылып барып, аман қайтқаннан кейін ол әңгіме де
ұмытылды.
Ілкіде жұрт мұның да әрмияда көргендерін мошқап баққан. Онда да жарып
жауап алған кісі болмады. «Әйтеуір, ел қатарлы қызмет атқардық қой. Ат десе –
аттық, қой десе қойдық». «Қолыңнан қалай айрылдың?» дегендерге: «иә, бұл бір...
басымның сәл былайырақ, солға таман біткені қандай жақсы, топшыма біткенде,
бұндай сауалды естімеген болар ем» деп күлімсірейді. Бұ сықылды тайғанақ
жауапқа қанағаттанатын құм қазағын іздемей-ақ қой! Сондықтан оны ешкім әңгіме
етпейді, күлмейді, жамандамайды. Киген киімі – анау. Тіпті, медальдарының өзіне
бала қарамайды, қызықпайды. Сонымен Өмірәлі келе жатса ит те үрмейді,
құйрықтарын бұлғап-бұлғап қойып, жатып алады. Әскерден келгесін екі иығы
едірейіп, картосының маңдайы қоқырайып тұрмағасын несі кісі! Өзі документ те
көрсетпеді, орын да сұрамады. Атқа сыңар бөксесімен отырып, қой бағуға кірісті.
Сөйтіп, қырдың қоңыр, тотық – жүз жұртына бірден сіңіп, жоқ болды.
* * *
Өткен күзде Қарашаш ұлын зорлағандай ғып үйлендірді. Біреудің он сегіз жасар
қызын әперді. Келін түскен күннің ертеңіне колхоздың бригадирі жетті:
– Қареке, басқарма келін баланы пішен артысуға жұмсап атыр.
Қарашаш ананың аузына соққандай етіп:
– Басқармаң оттамасын, білдің бе! Мен келін алмағанда пішені артылмай қала ма
екен? Тап анаңды...– деген. Сонсын келінге қадай бұйырды:
– Сенің жұмысың менің шәйімді қайнату!
Жас келіншек екі тізесін бүрістіре қосып, дастарқанда қалған дәмді жинайды,
ыдыс-аяқ сүртеді. Апасы қашан да май-май боп жүретін қолын есікке сілтеп, тіл
қатады:
– Құрықты алып келе қойшы, айналып кетейін!
Күндегі тірлік осы. Зәрудің алғырлығы сонша, бірер жұмадан кейін қайыс баулы
құрықты айтқызбай әкелетін болды. Қарашаш осынысына-ақ мәз:
– Ой, ақылыңнан айналайын сол!– деп қояды. Жаңа түскен келін ақылсыздығын,
шамасы жеткенше жасыруға тырысады ғой, мынау да башайының ұшымен
жорғалайды.
Ұлының қабағы жабылса – Қарашаштың берекесі ұшады. Әлінше соның бабын
алуға, қалай да тілін, ебін тауып көңілдендіруге жанын жалдап бағады. Әттең,
Өмірәлінің тым асты-үстіне түсіп кетсең кейіп қалатын тарлығы тағы бар.
Қарашаш ер кісінің жарқын, киіп-жарып жүргенін ұнатады. Көңілділік – күш
пен жігердің белгісі. Ашуланса – бұлқан-талқаны шықсын. Әйтпесе, шайы
таусылған қатын құсап салбырап отырғанның несі жақсы! Қарекең түсінігі осындай.
Соңғы кезде қауғаның салмағына қары салдырайтынды шығарды. Өзін жиі
танымай қап жүр. Мінезі де шұғыл өзгеріп барады. «Мен осындай ма едім?»
дегенді ішінен таңдана айтады. Соқпа, байырғы тентектігінің үстіне қытымыр,
секемшіл. Не өзгерді? Бәрінің бәз қалпы сияқты. Аракідік: «О-ой, дүние-ой!» – деп
күрсінеді. Кәрілік дегенді сәлем беріп кіретін әдепті қонақтай көретін. Белдің
білдірмей даритын құяңы болғаны ма? Сонсоң өзінен кетіп бара жатқан күш-
қайратты өзгеден іздейді. Ұлынан күтетіні сол албырт, есеп-қисапты білмейтін күш,
жастық күш. Бірақ онда албырттық аз, ақыл көп, әзілді де ақылды айтады. Қанша
ойласа, жастық пен ақылды жарыстыра алмайды. Не бар сонша ақылды боп?
Әскерге аттанғанда бала еді, бірдеңені бүлдіріп те болса көзге түсуді, өзіне
сөйлетуді қалап тұратын. Ендігісі мынау, шал, кәдімгі шал. Ештеңеге қызықпайды,
қызбайды. Келіншегінің өзін қызы құсатып әлпештейді. Өстіп, Өмәріліге көңілі
бітпегенде Талжібекті аңсаса, ол туу Қанішкенде. Бұл үшін жоқпен тең. Алыс, тәтті
үміт сияқты.
Бір күні Оразғали қарт есіктен сүріне кірді:
– Шүйінші, келінжан қарағым,– келінжан аздық еткендей, «қарағымды» қоса
қабаттап, – әлгі біздің, сіздің Жібекжан қарағым бағы асып, бүкіл Қанішкен
қаласын аузына, қолына қаратты. Асқан домбырашы екен ғой өзі, енді
Жібекжаннан патипон жасайтын көрінеді. Жоғары жақтап кісі келіп, аяқ