тың ба, қап!– Ашықтағы суға сумаңдай түскен сары
бас, қара жыланның соңынан жұдырығын түйді.
– Өй тілегі кесілгір, зобаланған,– сонсоң бұзаудың әукесін сипап,– жіліншігіңе
оралған ғой, мола болғыр,– деп күбірледі. Сарыбас әзілкеш жылан. Адам болсын,
мал болсын – бәрібір, шап беріп аяғына орала кетеді, сөйтіп, қытықтап шошытады
да, қайқалаңдап тайып отырады, шақпайды. Ол туралы мынадай аңыз бар: «Алла
тағала кабинетінде осы жыланды жасап шығарады, әрлі-берлі жорғалатып көрсе,
өзге жыландарынан пысық, ширақ. Ә дегенше зор бөлмені (Құдайдың кабинеті
қайдан тар болсын) кезіп, тінтіп бітіреді. Бір кезде жұмсақ креслода өзінің бүгінгі
істеген ісін қанағат тұтып, темекісінің түтінін мұрнынан сыздықтатып отырған
Жасаған иенің жалаңаш балтырына сарт етіп жылан оралады. Қапелімде Құдай да
болса қорқып қалады да іле-шала, өзінің кім екені есіне түсіп, бойын жия қояды.
Жыланды ұстап ап, басына ноқта кигізе салыпты. О да иттікті шімірікпей
жасайтыны ғой. Содан шаға алмайтын болыпты-мыс». Басындағы сарғайған сол
ноқта.
Қарала бұзау әлі үркеді. Кемпір о жер, бү жерін қасып, аялап денесінің дірілін
әрең басты. Қазықты балтаның желкесімен сіңіре қақты да, үйге асықты. Немересі
жылап жатқан,– құрғатып, тысқа алып шықты.
Жанбота мен Талжібек арғы бетке, қонаққа кеткен. Кемпір осы қонақ, қонақтық
дегенді сөз, ұғым ретінде жек көреді. «Есі-дерттері қонақ, қонақ. Не болып барады
сонша? Отырмай ма түге?!»
Бұрын бұларды көп ешкім шақырмайтын. Талжібек келгелі үйде түк береке жоқ:
не бір жаққа барады, не біреулер келеді. Жанбота қызметтен қайтқанда есіктен
қипақтай кіреді.
– Бүгін бізді түгенше шақырып еді. Сіз?– Келіні екі-үш қайтара: «мен
бармаймын, апамды апар, аяқ-табақтан бөтен түк көрмейді, ұят емес пе?» Сөйдеп
қисайып алған. Мұның өзі келіспеді. Анау да табандап бақты. Ақыры, келіннің шын
көнбесіне көзі жеткен соң:
– Сенбесең, балаңды ала кет,– деп әрең құтылды. Содан бері Қарала бұзау,
Махамбет, өзі – үй қарасында. Талжібек ешқашан мұның бетіне жел боп келген
емес. Көргенді-ақ адам. Әтте-ең аты жаман, аты. Әртіс келін, әртіс қатын. Амал
жоқ, үндемейді, көнеді. Бірдеңе айтып тастауға батпайды. Тағы да сөзден, атақтан
қорқады. Келіннің атағы – бір, келінге күн бермейтін «қақбас кемпірдің» атағы –
екі. Осы екеуі екі бүйірінен шаншудай қадалады да тұрады. Күн сайын, өзі құсаған
көсеу ғана ұстай алатын кең етек біреуді тап етпеген Құдайының ішін кептіре
қарғайды. Ондайда жалғыз баласын, немересімен қоса сыпырады. Артынша
тәубеден қайтады... Әйтеуір, жылы мен суықтың, үміт пен күдіктің арасында
әуре-сарсаң. Кейде Талжібек бар сырын ақтарады. Әнеугі өкілмен болған оқиғаны
естігенде кемпір қатты шошыды:
– О нағылғаның, қарағым-ау, кім-ау, бірден маңайластырмауың ғой. Еркек деген
ит, ұшырайсың-ау бір күні.– Бір жұмадан бері со келін тұйық, түк айтпайды. Оны
да көңілі құрығыр жамандыққа жориды. Ой, пиғылы қарап отырып қараға
шабады. Қазық-қараның, ғұмырында тұңғыш рет, осы қазір ән салғысы кеп кетті.
Немересін тізесіне көлденең сап, үнін шығармас бұрын, оңды-солды шайқалып
алды. Сосын иек, еріні кемсең қақты. Сосын бет-аузы жиырылып, әжім жылғалары
бірін-бірі кесіп тастады. Сосын:
«Әлди, әлди, әлди-ау, әлди бөпем, көкем-ау» – деп гуілдеді. Даусы жер астынан,
не мұржаның аузынан шыққандай алыс, әрі ескі естілді. Әлгісін тағы бір қайырды.
Өзі ғана білетін бұл бесік жырын ұзақ-ұзақ жырламақ-ты. Әлди-әлдиден өңге есіне
ештеңесі оралмай қойды. Өзін өзі қара басқыр деп, таусыла, тарыға күбірледі.
Таңертең арғы бетке, сүтке барған. Сонда бір әйел топты жұртты жара, бұған
арнайы келіп сәлем берді. Танымайды. Саңырау санаса керек, құлағына айқайлап:
– Ошеретім жоқ,– деді. Өзін керең көргеніне кәрі кісінің қашанғы әдетінше
кемпір сәл ренжіп қалды, бірақ сыр бермей:
– Тек, әрі мыналар,– деп қарларына бір-бір баулықты ыдыс ілген әйелдерді
нұсқап, иек қақты,– мыналар естіп қалса ұят-ты.
– Жоқ, шеше, қорықпаңыз, бұлар түсінбейді, деді анау. Аузы-басы бір уыс,
жыпылдаған неме екен, әңгімесін кіріспесіз бастады:
– Әлгі бишара балаңыз қыз атаулыға қырындап, біріне батыл ете алмай жүруші
еді. Теңін тауыпты бишара, бишара!–деп бір тастады. Сонсоң, сүтте кезекте
тұрғандардың әрқайсына мінездеме беріп кетті.
«Әне біреу, құдды, ақ тиын,– деді, бір әйелді желкесінен көрсетіп,– тиын, шеше-
ау, естуің болар, ағаштан ағашқа секіреді, бұл еркектен еркекке қарғиды. Бишараға
Құдай бұт жақтан берген. Ал, анау...» Негізгі тақырыбына, бәрібір, қайталап соқты:
– Әлгі бишара келінің, шеше-ау, желігіп кетіпті деседі. Райисполкомнан бастап,
райкомның атшысына дейін қауқалақтасады. Қолтығына қысқан қу ағашы мен
жуып-шайған бетінен басқа несі бар о бишараның! Соған әлдеқандай болып, қансер
берем деп. Еркектер онын қансерін,– бұл жерде ол ажарсыздау бір сөзді қыстырып
жіберген. Кезегі келмегенде тағы бүлдіргелі тұрған, сатушы келіншектің қарындағы
үш литрлік сырлы битонды ала, қақпағын ашты:
– Сізге қанша құям?
– Қайдан білсін бишара! Еркек етек тұрғанда екі ішекті қайтеді?