алысын
байқаған екен, Жібекжан қарағым мүдірмепті. Шамасы, Алматы дей ме, немене,
соған әкететін көрінеді-ау. Казитке жазыпты, сүгіретін танығасын әкеліп қуантайын
деп әдейі бұрылдым.– Почташы қойнынан газетке оралған газетті суырып,
Өмірәліге ұсынған. Ол қуаныш-сүйенішін: «Қап! Айналайын-ай, Кішкентайым-ай!»
деген екі-ақ сөзге сыйғызды. Қарашаш ойланып отырып-отырып, басын шайқады.
– Кетті десейші, бізге жоқ десейші!– Со күннің ертесінен бастап үйде, шоланда
бұлтық-бұлтық, бір жұмбақ түйіншектер пайда болды. Ішінде не бар екенін жан
білмейді. Қолы босаса қорбаң қағып әлденені орап түйіп, не қазыққа іледі, не қуыс-
қуысқа жасырады. Жас келін енесінің тірлігін ыммен мегзеп, Өмірәліге қарап
алақанын жаяды, анау қолы жоқ иығын шошаң еткізіп бір көтереді де қояды.
– Жоғарыға барса әлдекімнің қолына қарап, жалтақтап отыра ма, төгіп-шашып
жүрсін барын!– Қазақта қартайғандықтың бұдан, алыстағысына дәм, ас арнаудан
артық белгісі болмаған.
Талжібек туралы хабар үсті-үстіне келді де жатты. Исі Қанішкеннің қарасын
көрген адам Қарашашқа соғып бір жаңалық айтпай кетпейді. Бәрінің аузында
«Қансер», «патипон».
– Уайбай, әлгі Талжібек домбыра тартқанда дөкей Қарастың өзі бір орында
отыра алмапты. Үлкен үшкөлдің деректері жанындағы казиттің нәніне: «ғаламат»
деп сыбыр еткен екен, анау: «сұмдық!» деп жылап жіберіпті. Бір кемпір дауыс етіп
сыңсыған секілді-ау, сірә. Қой, несін айтасың сірке-бас жаман қыздың жұлдызы
жанды!– Мақтау бар жер күншілдіксіз болған ба, құм халқы қанша надан дегенмен
оны сезбейтін ми-құрт емес-ті.
– Әлі редактор деген бір Құдай, Көриевтің өзінен оқыған ғалым кісі деседі, сол
әйелімен ұрсысып қалыпты.
– О неге?– дейді біреу аң-таң ғап,– Көриевтен оқыған ғылым дөкей қатынымен
ұрсыса ма екен? Ұят емес пе оған, өл де маған, жаулықтымен шарылдасып
жатқан?– Қарашаш осындай алып-қашпаларды естіген сайын басын шайқайды.
Алғашқыда таңданып шайқаған, сосын әлдене қимасын қапыда жоғалтқан кісіше,
өкініп шайқады. Ақырында қауіп етті, белгісіз бірдеңеден қорқып, әрі ұялып,
шайқады:
– Әй қайдам. Сорлы болмаса игі. Тұқымында өнерімен ауызға іліккен кісі жоқ
еді. Жақса жарар.
9
Талжібек қарақан басының осынша шұғыл өзгерген жағдайына таң қалып
үлгергенше атының талай жерге кеткенін байқады. Балғын көңілге қанат бітті. Қос
қолтығында қанат барын сезінген балапан байырғы, жылы ұясын көңілсіз, көріксіз
көре бастағаны сол-ды, басқа бір бұтаға көзі түсті: көгілдір, өмірлі тәрізді. Ұядан
шығып, өз әлін байқау өскен, үлкен арман емес-ті, жас балдырған үміт қана.
Ұмтылса топ етіп құлап түспесіне сене алмайды, бірақ, жиірек қақса –
жығылмайтын, жететін сияқты. Құс ұшқанда көтерілген жеріне қайыра қону үшін
ұша ма, жаңа, басқа бір мекен іздейді ғой. Сол көз тартқан көрік иесі, әсемдік әлпеті
аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі, әнші-сері Саттар Сисемалиев еді. «Күміс
таңдай домбыра» атты мақаланың авторы. Құм түнінің жылылық танып, жылт
көрмеген бала-көбелегі айналып түсті. Сол сәтінде-ақ соған, Саттарға деген сезімін
дүниенін ең қиыр түкпірі – жүрекке жасырған... Сафиолланың мінез, бет-жүз
сүйкімсіздігінен бе, жазғаны ұнамады. Әрқайсын жеке алғанда әдемі сөздердің
бірде-бірі жанына жуымады. Бұл, бір жағынан, күйші көңілінің өскендігі-тін.
Мақтау сөздің өзін талғап, сын көзбен қабылдау – атақтың дәмін алған кісілерге
ғана тән. Мұны, әрине, барлық атақтылар сияқты, Талжібек те ескерген жоқ. Тек
Сафиолла тілшімен кездескен сағатын есіне ап, күліп жіберді. Ол былай болған-ды:
– Аты-жөніңіз?– деп, тілші қаламын сумаң кақтырды.
– Өзіңіз білесіз ғой.– Сафиолла саусақтарын талдай, жалғыздап бұрап, сытыр-
сытыр еткізді.
– Тәртіп солай, та-ак,– деп қойды. Сонсоң қойын-дәптеріне бірер сөзді сүйкеп
жіберіп, мұның көзіне тақады:
– Қараңыз, карындас, есіміңіз осылай жазыла ма?
– Мен білгелі осылай.
– Дұрыс қой?
– Дұрыс.
– Так. Ертең бүкіл халқымыз оқиды. Бір әрпі қате кетсе масқара! Бас кетеді,
бас,– деп өз мойнын өзі сұқ саусағының тырнағымен қырқып салды. Талжібек тез
жалығып, қозғалақтай бастады.
– Ағай, білгіңіз келгенін жылдамырақ сұраңыз. Бала жылап қалар, үйге
барайын!–Анау бас қадірін мамандық санайтын, сонысына тартты:
– Тілші жолдас деңіз. Официальный әңгімеде ағай-пағай болмайды.– Тілші
жолдас түсін салып, әлденеге іштей мықтап бекінген сықылданды.
– Сіз де қарындас-парындасты қойыңыз!
– Так. Социалистік міндеттемеңіз?
– Неғылған міндеттеме?
– Көтеріңкі міндеттемеңізді айтам.
– Ағай... туу, тілші жолдас,– деді күйші ренжіп,– уақытыңызды босқа өткізбеңіз,
не білгіңіз келіп отыр? Айтыңызшы тезірек, кетем, асығыспын!– Талжібек етегін
сілкіп орнынан тұра берді.
– Әй, әй, артист жолдас, сабыр-сабыр. Так, туған жылыңыз?
– 1928.
– Шыққан тегіңіз?
– Аа-а?
– Кедей тап, та-ак. Ата-анаңыздың ата-тегі?
– Білмейім.
– Білмейім демеңіз,– тілші дәптерін бір қолымен көлегейлеп, бұдан жасырды,
бірдеңелерді жазып-ап, сонысын өзі дауыстап оқып берді:–так, шынжыр балақ,
шұбар төс, кебеже қарын, кең құрсақтылардың күлімен к